Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Праймериздің алдын ала нәтижелері белгілі болды: Депутаттыққа үміткер жастар басым дауыс жинаған

Праймериздің алдын ала нәтижелері белгілі болды: Депутаттыққа үміткер жастар басым дауыс жинаған

Қазақстанда Nur Otan партиясының праймеризі аяқталды: партияішілік сайлаудың алдын ала нәтижелері белгілі болды.

Алматыда 58 721 партия мүшесі дауыс беруге қатысқан. Оның ішінде 53 380-і жүйеге тіркеліп, 43 008  дауыс берген (73,2%). Қалада дауыстардың саны бойынша  басымдылыққа ие болған жастардың үлесі көп. Алдын ала партияішілік сайлаудың нәтижелеріне сүйенсек, жастардың арасында Ахметов Мәди, Рамазан Бекбол, Құрманбек Әсел және Есматов Серік алдыңғы орындарда. Бұған қоса танымал блогер, актер Туребаев Мейіржанға да дауыс бергендердің саны көп. 
Жалпы дауыс беру нәтижесінде екінші орынға шыққан қалалық Jas Otan ЖҚ-ның жетекшісі Мәди Ахметовтың сөзінше, қазір қоғам арасында тек бай болсаң ғана депутаттыққа ілінуге болады деген пікір қалыптасқан. 
"Мен бизнеспен айналысатын байлар ғана депутат бола алады деген көзқарастың дұрыс емес екенін дәлелдеу үшін праймеризге қатысуға бел будым. Дауыс беру тізімінде алдыңғы орынға табан тіреген ұстаздарды, дәрігерлер мен қоғам қайраткерлерін көргенде партияның бәріне ортақ шарттар қалыптастырғанын аңғардым. Праймериз - нағыз қоғамдық лифт", - дейді ол. 
Паралимпиада ойындарының спортшысы, Қазақстанның волейболдан жастар құрамасының капитаны Есматов Серік аталмыш саяси үрдістің арқасында өзі қатысқан Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселелерімен жақын танысқанын айтады. 
"Праймериздің арқасында болашақта іске асырылуы тиіс анық мақсаттарды алға қойдым. Праймериз науқаны кезінде үміткерлер қызметі мен лауазымдарына қарамастан, бір-бірімен тең болды. Партияішілік сайлаудың ашықтығы әрбір басқан қадамыңды сенімді етеді. Ал мықты бәсекелестік  лайықты әрі алғыр үміткерлердің жеңіске жетуіне алып келеді. Барлығымыз қаламыздың дамуына үлес қосамыз деген сенімдемін", - деді Есматов Серік.
Мәслихат депутаты Ислам Байрамқұлов оны праймеризге қатыспауға көндірмекші болғандар да табылғанын айтады. 
"Адамдардың қызығушылығын көріп қуанып қалады екенсің. Шаралардың барлығы мемлекеттік тілде өтті десе болады. Үміткерлердің бірін-бірін қолдауы - өте жоғарғы деңгейде. Өз басым сайлау алды бағдарламалары ұнаған үміткерлерге дауыс бердім. Әсіресе, праймеризге қатысушылардың арасындағы жария пікірсайыс кезеңі мен үшін қызықты өтті", - дейді ол. 
Айта кетейік, праймериздің қорытындысы бүгін жарияланады. 
06 қазан 2020 ж. 336 0