Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шын банкнотты жалған банкноттан қалай ажыратуға болады

Шын банкнотты жалған банкноттан қалай ажыратуға болады

Банкноттардың қорғаныс элементтері туралы Ұлттық банктің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің банкноттар мен монеталар сараптама басқармасының бастығы Асхат Әбішев түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шын банкнотты жалған банкноттан ажырату үшін олардың түпнұсқалығының бірнеше белгілерін білу жеткілікті. Еліміздегі жалған банкноттардың негізгі бөлігі түпнұсқалықтың кейбір белгілерін ғана имитациялайтын жеңілдетілген технология бойынша шығарылады.
Асхат Әбішевтің айтуынша, мұндай қолдан жасалған банкнотты арнайы жабдықтың көмегінсіз-ақ «сезін – қара – аударып көр» әдісін қолдану арқылы анықтауға болады.
«Алдымен банкнотты ұстап сезіну қажет. Банкнот қағазы ерекше шытырлайды. Барлық банкноттарда бедер беретін арнайы мөр басылған. Егер «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген атауы немесе архитектуралық бейнелер, Қазақстанның картасы бойынша саусақпен жүргізіп көрсе бедерді сезуге болады. Сонымен қатар, барлық банкноттарда көзі нашар көретін адамдарға арналған белгілер бар, олар банкноттың төменгі бөлігінде орналасқан. Бұлар – ұстап көргенде жақсы ажыратуға болатын жоғары бедерлі элементтер. Екіншіден банкнотқа мұқият қарау қажет. Бастапқыда ақша белгісінің таза, айқын, контрастты немесе лас болуын, дақтарының болуын жалпы көзбен көріп зерделеу қажет. Банкнотты жарыққа қаратып, аңыздағы «Самұрық» құсы түріндегі су белгісін және номиналдың сандық бейнесін көруге болады. Дәл осы сияқты, жазулары бар нүктелік сызықтар түрінде қағаз бетінде пайда болатын магнитті (металдандырылған) үзік жіпті тексеру қажет. Ол біртұтас болуы керек. Үшіншіден,банкнотты аударып көру керек. 1000 теңгеден 20 000 теңгеге дейінгі банкноттарда банкноттың көлбеу бұрышына қарай түсін жасылдан алтынға түстеске өзгертетін ерекше элемент бар. Банкнотты әр түрлі бұрыштарда баяу бұрған кезде элемент бойымен түсті жолақтың қозғалысын көруге болады. 2000 және 5000 теңгелік банкноттардың сырт жағында голографиялық жолақ бар. Голограммадағы суреттер жарқырайды және динамикалық әсер етеді. Бұл үш әдіс сізге банкноттың шынайылығын арнайы жабдықсыз анықтауға көмектеседі», – дейді банкноттар мен монеталар сараптама басқармасының бастығы.
kyzylorda-news.​​​
18 қазан 2020 ж. 869 0