Ұлы даланың қос қырандары
Ұлы дала тұлғаларымен ұлы. Қазақта «Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» деген керемет сөз бар. Иә, биыл еліміз үшін ұлылар ұлықталатын мереке қатар келіп отыр. Олар Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы болса, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойды бүкіл ел көлемінде арнайы атап өтуді тапсырды. Еліміздің білім, ғылым ордалары мен мәдениет орталықтарында, музей, кітапханаларында тақырыптық іс шаралар ұйымдастырылып, баспасөз беттерінде мазмұнды мақалалар жария¬¬ланып жатыр. Бұл да болса бабамыздың құрметіне жасалып жатқан игі шаралардың бірегейі.
Арада мыңдаған жыл өтсе де, ғылыми және мәдени мұралары ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, есімі ел есінде жатталған еңбектері адамзат игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан ұлт перзенттерінің бірі – Әбу Насыр әл-Фараби. Оның кіндік қаны тамған жер – Отырар қаласы. Туған жері қазақ елінің ежелгі шаһары Отырарды арабтар Фараб деп атаған. Осыған орай ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.
Әбу Насыр сауатын өте ерте ашқан. Ең алдымен Отырар медресесінде, содан кейін Хорасанда білім алады. Білімін арттыру мақсатында Бағдад қаласына келеді. Оны ғылыми қауым Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атаған. Әл-Фараби 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып, бізге қалдырды. Сондай-ақ философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны жіті зерттеді. Ол алғы ұстаз Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамытып қана қоймай, өз атынан «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сынды біршама философиялық еңбектер жазды. Жоғарыда аталған еңбектерінде дүние, қоғам, мемлекет пен адамдар байланысы жөнінде пайымдауларды баяндайды. Мәселен, ғалым «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» дейді. Негізі дөп айтылған дүние. Барлық білімнің бастауы – жақсы мінез-құлық пен тәрбие.
Президент халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, мұралары «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті. «Біз үшін бұл мерейтойлардың маңызы ерекше. Тарихи күнді ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – ұлы тұлғалардың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғауларын кеңінен дәріптеу. Үкіметке қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Арабтық-мұсылмандық Шығыс мәде¬ниеті – бұл әл-Фараби мен Абай үшін бірдей рухани бастау, олардың ара¬сын жалғастыратын арқау, үндестік. Әл-Фарабидің философиялық ой-тұжырым¬дарының бастауы адамдардың жан-дүние үндестігінен, әдемілік пен сұлулықтан, қайырымдылықтан, әділдік пен бақыттан басталса, Абайдың философиялық тұжы¬рымдамасы өз бастауын адамды бағалау, оның бақыты мен адамдық болмысының мәнін қарастырудан тұрады. Ұлы ойшылдарымыз Фараби мен Абай¬дың рухани әлемі – ерекше бір тылсым дү¬ние, олардың негізгі зерттеу объектісі – адам. Адамның эстетикалық, этикалық кел¬беттері, армандары мен мақсаттары, өмір¬лерінің мәні, болмысы мен ұлттық ойлау ерекшеліктері ұлы ойшылдарды терең тебіреністерге түсірген. Дана Абай адам проблемасының қоғамдық, рухани, этикалық, эстетикалық тұстарына жан-жақты қарайды. Абай адам табиғатын этикалық түрғыда қарай отырып, оның тұтас алғандағы кісілік қалпын, «сегіз қырлы, бір сырлы» сырбаз адам, яғни кемеліне жеткен «толық адам» ретінде көрсетеді. «...Адам деген даңқым бар» дейді Абай. Сол арқылы ол неден қашық, неге асық болу керек екеніне тоқталып, жақсылық пен жамандықтың, көкірек көзі ашықтық пен надандықтың шынайы мәнін ашып береді.
Міне, сондай ұлы тұлғалар қатарында, қазақ руханияты шыңының бір басында бүкіл адамзатты мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби тұрса, екінші басында өзіндік гуманистік ойларымен тәнті еткен Абай Құнанбайұлы тұр. Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден жазу мен сызудың, өркениеттің, ғылым мен білімнің, музыка, жазба әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз.
Ақтоты Шынықұл