Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық жас шахматшы республикалық турнирдің жеңімпазы атанды

Қызылордалық жас шахматшы республикалық турнирдің жеңімпазы атанды

Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрдәулет Таңатов Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған V онлайн-турнирде  жеңіске жетті.
Жарыс «Almaty Online Chess Festival 2020» аясында өткізілді. Әртүрлі деңгейдегі және әртүрлі жастағы барлығы 184 қазақстандық шахматшы ел чемпионы атағы үшін ақ-қара ойынында күш сынасты.
«6 жасымнан бастап осы спорт түрімен әуестенемін және шахмат бұл логикалық ойлау мен есте сақтау қабілетін арттырудағы негізгі көмек құралы деп санаймын», – дейді Нұрдәулет.
Жас спортшының қоржынында облыстық, республикалық және халықаралық турнирдегі жетістігін дәлелдейтін  30-дан астам марапат бар. 16 алтын, 9 күміс және 7 қола медальдің иегері әдеттегідей бірегей тактикасымен ерекшеленіп, республикалық шахмат аренасында тағы да жеңімпаз атанды.
«Турнир қорытындысы бойынша мен 6,5 ұпай жинап, 18 жасқа дейінгі категорияда бірінші орынды иелендім. Қарсыластар дайындығы мықты, әрі олардың арасында елдің атақты шахматшылары болды. Әр жарыс – мен үшін өз мүмкіндіктерімді бағалайтын, табысты ойын үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтайтын сабақ», –  дейді чемпион.
Биылғы жылда Нұрдаулеттің жеткен тағы бір үлкен жетістігі – «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат» атағына ие болуы.

kyzylorda-news.kz
11 қараша 2020 ж. 343 0