Той құтты болсын, «Толқыным!» /Мәртебе. Мерей. Мақтаныш/
«Тоқсан жылдық тойлануы тиіс». Жыл бойы естігеніміз осы сарындағы әңгіме. «Көптің тілегі қабыл» деген ғой. Сол мерейлі мерекені тойлау бақытына ие болып, алдағы аға буынмен болған емен-жарқын әңгіменің өзі неге тұрады?! Әрине қуандық, балаша шаттандық. Талайды толқынында тербеткен «Толқынның» шашбауын көтеріп, мерейін асырған алдымыздағы ардагерлердің естелік әңгімесі біздің мерейімізді тағы бір мәрте асқақтатты. 1930 жылдың 1 қарашасында ақпарат айдынына желкен керген төл басылымының туған күніне орай арнайы мерекелік нөмір әзірлеп, ардагер аға-апаларымыз бен еліміздің зиялы қауым өкілдерінің жүрекжарды лебіздеріне куә болдық. Әлеуметтік желі «Толқын» деп толқыды. Шындығында, диірмен тасындай дөңгеленген уақыт кіл мықтыларды тарих сахнасына шығарады десек, басылымның қазанында қайнаған қаншама редакция қызметкерлері қаламы қуатты қаламгерлердің қатарына қосылды. Бүгінде елдің алғысына бөленіп, өзінен кейінгі буынға үлгі болып жүрген де сол қаламгерлердің арамызда бар екеніне шүкірлік етеміз. Сол аға буын ардагерлердің басын қосып, «Толқынның» толысты кезеңін мерекелеу межесі тұрған еді алдымызда. Жақында сол бір тарихи сәтке де куә болдық.
Қазақтың көрнекті қаламгері, қазақ әдебиетінің классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық үйіне 10 қараша күні аймақтың біршама журналист және баспа ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері құрметті қонақ болды. Бұл ретте аудан басшысының өміршең басылымға деген риясыз көңілін атап өткен ләзім. Осындай қиын-қыстау кезде санитарлық талапты сақтай отырып, керемет шараны ұйымдастырды. «Толқын» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай шымылдық түрген шарада алдымен аудан әкімі М.Оразбаев сөз сөйледі. Бүгінде аудандық «Толқын» газетінің шығармашылық ұжымы өзінің оқырмандарына өңірімізде болып жатқан маңызды оқиғаларды дер кезінде жеткізіп, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына және мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне зор үлесін қосып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ заман талабынан шыға білген газет ұжымы ақпарат айдынында өздерінің лайықты орнын алып отырғанын айтты. 90 жыл – бұл жай ғана сандық көрсеткіш емес. Бұл жылдар еншісінде қаншама еңбек пен күш, рухани құндылықтар жатқанын айта келе, 90 жылды еңсерген төл басылымның мерейтойымен барша әріптестерді құттықтады.
Мерекелік кеште аудан әкімі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Ш.Дәрмағамбетовке арнайы Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. Сонымен қатар ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбалары қалған ардагер-журналистерге, қоғамдық авторларға және бүгінгі таңда газетте қызмет атқарып келе жатқан сала мақтаныштарына аудан әкімінің Алғыс хаты мен сый-сияпаты және «Толқын» газетінің ұжымына аудан әкімдігінің Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын Бас редакторы А.Елешовке табысталды.
Жиында сөз алған «Сыр-медиа» ЖШС Бас директоры А.Оңғарбаев газет ұжымына шығармашылық табыс пен зор жетістіктерге жете беруіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ бірнеше жыл бойы редакция қабырғасында еңбек етіп жүрген тілшілер мен қызметкерлерге облыстық ішкі саясат басқармасының және «Сыр-медиа» ЖШС-ның Алғыс хаттарын табыс етті.
Аға басылыммен бірге жасасып, кейінгі ұрпаққа ақылшы бола білген, қаламы қарымды, қиялы жүйрік аға буын өкілдері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Ш.Дәрмағамбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосынов, жазушы-журналист, қазақ журналистикасының қайраткері Е.Әбілов, «Толқын» газетінің тұрақты, қоғамдық тілшісі И.Әйтімов газет тарихынан сыр шертетін естелік әңгімелерімен бөлісіп, пайымды пікірлерін ортаға салып, ыстық ықыластарын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, «Халық алғысы» медалінің иегері, Арал ауданының құрметті азаматы, күйші-композитор, ақын-жырау М.Сыдықов мерейтойға орай өзінің арнау жырын оқып, күй-шашуын тарту етті.
Мерекелік шарада «Толқын» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған «Толқыным» атты әннің алғаш рет тұсауы кесілді. Шара барысында қатысушыларға арнап аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.
Осылайша жазары көп журналист қауымына және қос ғасырдың куәсі, аудан айнасына айналған «Толқын» газетіне көрсетілген құрмет көптің мерейін үстем етті. Маңызды мерейтойдың өз деңгейінде өтуіне аудандағы қолы ашық, пейілі кең кәсіпкер аға-апаларымыздың да қосқан үлесі зор. Ғасырлық белеске жетіп, жылдар жылнамасын жұртшылыққа жария етіп келе жатқан басылымға деген құрметтері болса керек өз көңілдерімен қаржылай қолдауларын білдірді.
(Өз тілшімізден)