Баспа басылымдардың бәсі биік
Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде «Ақпараттан «уланғанды» кім емдейді?» тақырыбымен мақала жарияланды. «Дәріден уланғанды дәрігер емдейді, ал ақпараттан «уланғанды» кім емдейді?». Ақпараттық вакцина, ақпараттық имунитет сынды тың сөз тіркестері де бүгінде қолданысқа ене бастады. Иә, беті аулақ, коронавирустың екінші толқыны бастала қалған жағдайда инфодемияның, яғни жалған, ел арасында үрей тудыратын ақпараттардың көптеп таралуы да ғажап емес. Олай дейтініміз, алғашқы толқында инфодемияның орын алғаны мәлім. Жалған мен шынайы ақпараттарды ажырата алмай қалған немесе оны зерттеп-зерделеп отыруға мұршасы жоқ адам дәрігерлердің кеңесіне құлақ аса қоймайды. Ал бұл бәрінен де қауіпті. Ендеше, инфодемияның екінші толқынына ақпарат құралдары, оның ішінде журналистер дайын ба?» деп басталатын мақала шынында көпшілік оқырмандарды да, баспасөз саласы өкілдерін де ойда қалдырды. Расында, бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде газеттің қоғамдағы рөлі, ұлттық идеологияға қосар үлесі қандай? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік.
Әріге бармай-ақ биылғы әлемдегі, елдегі ахуалдың кезінде газеттің үлесі қаншалықты болды? Мұны оқырмандар анық біледі. Иә, өткен жылғы мәліметте республика бойынша елімізде қазақ тілінде хабар тарататын дәстүрлі медианың мазмұны қандай? Мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізуге берілетін мемлекеттік тапсырысқа алақан жайып, «бұл – менікі емес, бірақ бұл – менмін» деп, өз жазғандарына өзі сене алмайтын газет-журналдардың дамуы тым баяу-ақ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша 2020 жылдың 19 қазанда 4597 бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) есепке қойылған. Оның ішінде 3432 мерзімді баспа басылымы, 175 телеарна, 74 радио, (395 ақпарат агенттігі, 265 желілік басылым), 660 интернет БАҚ, 256 шетелдік телеарна. Міне, осы статистиканың өзінен Қазақстанда тіркелген БАҚ арқылы таралатын ақпараттың басым бөлігі мерзімді баспа басылымдарға тиесілі екенін байқаймыз.
Дегенмен, мерзімді баспа басылымдардың барлығы бірдей күнделікті ақпарат таратпайтынын еске алсақ, пандемия уақытында интернет БАҚ-пен желілік басылымдардың ақпарат тарату жылдамдығы жұртшылық назарына жиі ілігіп отырды. Бірақ оқырманға жол тартқан ақпараттың ақиқат немесе жалған екеніне толықтай айғақ жоқ. Осы ретте ел арасындағы алып-қашпа әңгімелер мен жалған ақпаратты ауыздықтау, халықты сабырға шақыру мен барынша сараланған мәліметтер ұсыну бағытындағы басымдық газеттердің еншісінде болды. Себебі газет – тарих. Ал тарих жалған болмайды.
Баспа басылымында басылып шыққан мақала шындығында сараланған, нақтыланған ақпарат негізінде жазылады. Құдды тасқа қашалған дүниедей құнын жоймайды. Сарғайған газет беттерінен оқырман қауым іздеген жағдайда қажетін тауып алады. Мәселен осыдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттері мен революциядан кейінгі Алаш азаматтарының бастамасымен шыққан Қазақ, Айқын газеттері секілді басылымдар осының анық дәлелі. Бүгінгі күні ел ауызында айтылып жүрген қазақтың бас ақыны, ұлттың рухани идеологы деп саналған Хәкім Абай жайлы қазақ зиялылары жазбаларының көпшілігі өз кезегіндегі баспа басылымдар арқылы жұртшылыққа жеткен. Бұл да газет пен журналдың ерекше күшінің арқасы. Замана көшіне ілесіп, өркениетті қоғамда ақпараттық кеңістік адам ілесе алмайтын шапшаңдықпен қарыштап дамып келеді. Бүгінде газет пен журналдың орнын интернет-ресурстар басып келеді. Дәстүрлі газет-журналдардың қызығы мен шыжығына үйренген аға буын мен журналистер қауымы бұл пікірге түбегейлі қайшы болса, енді бірі газет жұмысы тоқтайды деген пікірде.
Бұл ғаламтор желісі дамыған кезден, әсіресе соңғы онжылдықта таласты мәселеге айналды. Соның бір дәлелі ретінде 2011 жылы Мәскеудегі «Книжный мир» баспасынан басылып шыққан Андрей Мирошниченконың «Газеттер қашан көз жұмады» деген кітабын айтсақ болады. Осы кітап шыққаннан кейін Ресей мен ТМД елдерінің кәсіби қоғамдастығында қызу талқыланып, автордың пікірімен толық келісумен қатар, оны түбегейлі қабылдай алмаған түрлі пікірлер туындады. Естеріңізде болса, Андрей қоғамдық мүддедегі БАҚ 3,5 жылға, іскерлік және көңіл көтерушілік – 10 жылға, қолөнер және мамандандырылғаны – 15 жылға дейін жасайды деген болатын. Әрі қарай ол Ресейдің заманауи іскерлік журналистикасының екі бағыты туралы айта келіп, «Ведомости» өзінің қағаз нұсқасын 2021 жылы, ал «Коммерсант» 2023 жылы жабатындығын мәлімдеген еді. Дәл осы нақты сандарға келгенде оқырман аудиториясының шоғырлануы МГУ-дың журналистика факультеті «Жаңа медиа және коммуникация теориясы» кафедрасының меңгерушісі Иван Засурскийдің Андрейдің кітабының кейінгі басылымдарының алғысөзіне енген «Журналистика – жаңа үйшігін іздеген ұлу» деген тексін жазуына түрткі болды.
Шындығында БАҚ-тың бүгіні мен болашағына өзгеріп жатқан ақпараттық технологиялар, ғаламтордың ұдайы дамуы, жаңа медиа мен аудиторияның ақпараттық өнімді қолдану ерекшелігі контекстінде қарауында жатса керек. Андрей Мирошниченко газетке үздіксіз шығып отыратын және ақшаға сатылатын дәстүрлі қағаз басылым ретінде қарайды.
Негізінен А.Мирошниченко газет моделінің «дағдарысы» туралы айтқанда дағдарыс әкелушілер (газет үшін – қағаз), технологиялар (жеткізулер) және кәсіпке (журналистика) емес, тиісінше «қағаз» БАҚ өкілдерінің жаңа медиалық әрекет бағдарына, жаңа механизмдер мен өзін-өзі ұйымдастырушылық, сондай-ақ жаңа ақпараттық кеңістік құрылғыларын түсінудегі қиындықтарына мән береді. Басылымдық БАҚ жойылуға бағыт алып бара жатса, ал сандық басылымдар ақша табуды әлі үйренбеген деген анықтама ұсынды.
Бірақ болжам болжам күйінде ғана қаларына сенетіндер қатары көп. Оған көз жеткізерлік, алға тартарлық дәлелдер де аз емес. Мысалы техникасы ең озық Жапония мен Кореяны, Еуропа елдері мен АҚШ-ты алып қарайық. Бұл елдерде газет пен журналды өлді деу қисынсыз. Жапонияның астанасы Токио қаласының өзінде 2000-нан астам газет пен журнал шығады. Технология мен компьютер дамыған елдерде баспасөз жойлар болса, сол елде жойылмайды ма?! Керісінше, күнделікті газет миллиондаған таралыммен жарық көріп отыр.
Баспа басылымдарының интернет ресурстарымен салыстыру өзге елдің тәжірибесін мысалға келтірумен ғана шектелмейді. Нақты сараптар болсақ, интернет арқылы таралған басылымдардың жазылу көрінісі ауызекі сөйлеу стилінен аспайды. Бұл оқырманның ойлау, сөйлеу сауаттылығының дамуына дем береді деу үлкен қателік. Керісінше, жеңіл ойлап, жеңіл сөйлеуге әкеп соқтырары анық.
Екіншіден интернет басылымдар арқылы сараптамалық материалдар әзірлеу, оны тарату қиындық тудыратыны айқын. Оқырманды тартуы да төмен. Ғаламтор арқылы тақ-тұқ оқылатын мақалалар тарату тиімді болып отыр. Ал баспа басылымдар сараптамалық материалды халыққа ұсынудың ең тиімді жолы.
Баспа басылымының бір артықшылығы интернет жылдамдығына, ауқымына келіп тіреледі. Елімізде шалғай ауылдарда ғаламтор желісімен қамту мәселесі туындап отырған елді мекендер жоқ емес. Интернет ресурсы арқылы ақпарат алуға мүмкіндік мүлде жоқ. Мұндай жағдайда газет – талассыз қолжетімді ақпарат көзі.
Бұл әлеуметтік желі жұмысын мүлде тоқтату қажет деген сөз емес. Керісінше, екеуі қатар дамитынының айғағы. Елді қоғамдық-саяси мақалалар арқылы ақпараттандырып отырған басылымдардың бәсі қашан да биік болмақ.
Дайындаған
Оңталап Жолдасов