Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті ұстаз, қарымды қаламгер

Білікті ұстаз, қарымды қаламгер

...Аудан біледі. Ол кісі жайында көп айтуға болады. Аралдағы ақпарат айдынына желкен керген тәуелсіз басылымдарда басшылық етіп, өз қолтаңбасын қалдырған жанның аудан айнасына баланған «Толқын» газетінің тұрақты авторы ретінде қалам тербеп жүргенінен ойлы оқырман үнемі құлағдар. Бір сөзбен айтқанда, біз тақырыпқа арқау еткен Ерғалидың қаламгерлік қарымы кейінгі буынға үлгі. Талай кітапты жарыққа шығарған азамат әсте жазудан жалыққан емес...Иә, Ерғали Абдуллаев жайында сөз басында аз-кем кіріспе келтіруіміздің себебі де жоқ емес.
Ол жуырда ғана 63 жастың төріне шықты. Мазмұнды кеш мерейтой иесінің ұзақ жыл еңбек еткен №64 орта мектепте ұйымдастырылды. Білім саласының көкжиегін кеңейтуге біркісідей үлес қосқан ойы ұшқыр, көкірегі ояу мұғалім енді міне әріптестері алдында ардагер-ұстаз атанды. Сынаптай сырғыған уақыт бір орында тұрсын ба? Кеше ғана «45 минут» деп талай шәкірт санасына сапалы білім сыйлап, көптеген түлекті қияға қанат қаққызды. Абзал азамат 45 жылдың қалай өте шыққанын байқамай әзілдеп, әріптестерінің риясыз пейіліне, шексіз құрметіне тәнті болып, алғысын жаудырды.
Бардық, көрдік. Кездесудің ашылу салтанатында сөз алған мектеп басшысы Кенжебек Тілепов Ерғали Абдуллаевтың қажырлы еңбегіне жан-жақты тоқталып, ұстаздық қызметпен қатар, журналистиканы да бірге алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екенін айрықша атады. Сосын Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы және аудандық  білім беру ұйымының кәсіподағы атынан Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Мұнан соң мектептің ардагер ұстазы Әмірбек Серекеев те әріптесінің мерейлі сәтіне жүрекжарды лебізін білдірсе, Өнер мектебінің қызметкері, әнші, сазгер Октябрь Ізбанов, Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елешов мерейтой иесінің шығармашылығын ортаға салды.
«Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» демекші, Ерғалидың сөзіне жазылған әсем әндер шырқалып, ақындық қабілетімен ойлы оқырмандардың жүрегін жаулаған ақын шығармаларын мектеп оқушылары жатқа айтып, шара мазмұнын онан әрі айшықтай түсті. Өмірін ұстаздық қызметпен байланыстырып, өлшеусіз еңбегімен дараланған қадірлі мұғалімге әріптестері де ақ тілектің тиегін ағытып, артынша мектеп кітапханасының бір тұсына қойылған Ерғали Абдуллаевтың бұрышы салтанатты түрде ашылды.
А.Қарымсақ 
05 желтоқсан 2020 ж. 718 0