Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық оқушылар 10-нан астам ауру түрін анықтайтын құрылғы ойлап тапты

Қызылордалық оқушылар 10-нан астам ауру түрін анықтайтын құрылғы ойлап тапты

Қызылордалық мектеп оқушылары Гүлдана Сәбитова мен Дәулет Райымбек жүрек ауруын анықтағыш құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Екі оқушы Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алады.
Бүгінде 12 сыныпта білім алып жүрген Гүлдана мен Дәулет «Arduino платформасы арқылы жүрек жұмысының ауытқуын анықтау» атты тақырыпта зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
«Бүгінде жүрек-қан тамыры аурулары шамадан тыс көбейіп барады. Оған инфаркт және инсультті жатқызуға болады. Біздің елімізде шамамен 2 миллионнан астам адам сол аурудан зардап шегеді. Әлемнің өзге елдермен салыстырғанда өлім көрсеткіші де алаңдатады. Сондықтан жүрек ақауларын барынша ерте анықтау арқылы адам өмірін құтқаруға әбден болады», - дейді жас зерттеушілер.
Олардың айтуынша, жүрек ауруларын алдын алу бағытында өзіміз басқара алатын факторлар да бар. Ғылыми зерттеу жұмысы екі бөлімнен тұрады. Әрбір бөлім көптеген бөліктерге бөлінген. «Бөлімдер тақырыпқа сай талданған. Зерттеу жұмысының мақсаты - жүректің ақауларын алдын-ала анықтап әрі түсінуге қолайлы электрокардиограф жасау. Оған қоса емдеу жолдарын ұсына отырып, «Arduino» платформасы арқылы массаж жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Зерттеу жұмысын жүргізуде оқушылар бірнеше әдісті қолданған. Оларз құрылғыны жасау арқылы әртүрлі сынып оқушыларына келісімді түрде сынама жүргізген. Нәтижесінде құрылғының жұмыс жасау мүмкіндігі нақты зерделеніп, мүмкіндігі анықталған», - деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Салтанат Ибадуллаева.
Оқушылар өз зерттеуінде көптеген әдебиеттерге талдау жасаған. Кардиолог мамандармен сұхбат жүргізген. Бұл құрылғы кез-келген адамға қолжетімді әрі түсінуге қарапайым түрде жасалған. Құрылғы арқылы 10-нан астам ауру түрлерін анықтауға болады.
inform.kz
27 желтоқсан 2020 ж. 517 0