Жақсылықпен кел, Жаңа жыл!
Болашақтан тек жақсылық күтетін адам баласы әрбір жаңа жылды үкілі үмітпен, ізгі ниетпен және ақ тілекпен қарсы алады. Міне, тосын жағдаймен басталған тышқан жылы да тәмамдалды. 2021 жыл – сиыр жылы. Сиыр – молшылық пен ырыстың белгісі. Келер жылдан, ең алдымен, елдің аманшылығын, жұрттың тыныштығын тілейміз.
Өткенге тәубе
Биылғы жыл жаһан жұртшылығына ауыр тиді. Адамзат баласы көзге көрінбейтін қатерлі індетке тап келіп, әбігерге түсті. Қалай күресерімізді білмей қалғанымыз да рас. Коронавирус тұтас мемлекеттердің дамуы- на кері әсер етіп, әлемді саяси және экономикалық дағдарысқа әкеп тіреді. Қазақстан үшін де оңай жыл болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына байланысты халыққа Үндеу жариялап, елімізде 30 күндік төтенше жағдай енгізіп, алғашқы толқынның алдын алды. Пандемия кезінде волонтерлер еліміз үшін аса қажетті, пайдалы жұмыс атқарды. Өзгенің аманшылығы үшін бастарын қатерге тіккен дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз болды. Қиын сәттерде бар нәрсенің қадірін білдік.
Дегенмен сан салада жүйелі жұмыстар атқарылды. Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы сынды біртуар тұлғаларымыздың мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде кеңінен аталып өтті. Пандемия салдары- нан жоспарланған іс-шаралардың дені онлайн режімде өткізілді.
Келешекке үміт
2021 жыл – сиыр жылы. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі сиыр жылын үшінші рет қарсы алғалы отыр. Алдыңғы жылдардың қандай сыймен келгенін еске түсірсек...
1997 жыл. Бұл қазақ халқының келешек қарқынды дамуға қарай қанатын қомдаған жылдардың бірі еді. Осы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған болатын. Тәуелсіз қазақ мемлекеті үшін бұл жыл оңай болған жоқ. Есесіне, ұлттық экономика шынықты. Жаһанды шарпыған әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс Қазақстанға да қаһарын төккенімен, сауатты жүргізген экономикалық һәм әлеуметтік саясаттың нәтижесінде ел іші абдырайтындай аса күйзелген жоқ. Алғашқы қатер төнгеннен бастап оның салдарымен күрестің сапалы қолға алынуы 2009 жылы жеміс бере бастады. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» ел дамуының стратегиялық жоспары жасақталып, Елбасының халыққа Жолдауында Қазақстан 2030 жылы дамыған, саяси тұрақты мемлекет үлгісі ретінде бірінші ортаазиялық «барыс» мемлекеті болуы қажет деген мақсат қойды.
Ел астанасын Алматыдан Арқа төсіндегі Астанаға көшіру туралы қаулы қабылданды. Қазақстанның мемлекеттік нышандары: Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді.
Ал 2009 жылдың айтулы оқиғаларына тоқталғанда, тәуелсіздіктен бергі жүзеге асқан екінші жалпыұлттық халық санағын ерекше айтамыз. Осы жылғы санақтың ресми дерегі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыздан асты. Санақтан кейін мемлекеттік саясатта да біраз өзгерістер, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар болды. Санақ – ұлттардың санын анықтау үшін емес, жалпы тұрғындардың тұрмыстық деңгейін, өмір сүру ортасын, білімін, денсаулығын, жұмыс істеу қабілетін тексеруге де септігін тигізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды – тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялап, мерейтойдың саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтетіндігін айтты.
Өткенге – тәубе, бүгінге – шүкір, келешекке –үміт етіп, келер жыл- дан тек жақсылық күтеміз. Елдің тыныштығын, халықтың аманшылығын тілейміз.
О. Ахметов,
Арал қаласының тұрғыны