Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пейілі кеңнің тұғыры биік

Пейілі кеңнің тұғыры биік

Қазақ қонақжай халық екенін жиі айтамыз. Расында, ертеден-ақ бұл әрекетіміз баршаға мәлім болған. Сонау қиын-қыстау кезеңде жаттың баласын бауырға басып, өзге ұлт өкілдерін де өңменінен итермей, өз баласындай бауырлай білгені бүгінгі бейбіт таңдағы көп ұлтты қазақ халқының бірлігіне ұласып отыр. Бүгінгі менің айтпағым да халқымыздың бауырмалдығы мен қонақжайлылығы жайында болмақ.
Осыдан шамалы уақыт бұрын қазақтың болмысын көрсететін мына бір әңгімені ғаламтордан оқып, ұлттық тәрбиенің қаншалықты терең екенін түсінген едім. Ол әңгіме былай басталатын еді.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Кеңес Одағының басшысы И.Сталин ашуланып, соғыс кезінде бейтараптық танытқан немесе фашистер жаққа көптеп өтіп кеткен халық өкілдерін қудалады. Соның нәтижесінде, Еділдің ен бойына қоныстанып, қос қапталын еміп жатқан ежелгі немістер мен қалмақ, ноғай, татарларды Қиыр Шығысқа және Қазақстанға көшіреді. Осы тұста қазақ ауылдарының біріне әке-шешесі жоқ немістің жетім балаларын әкеліп таратқан екен. Назар Ауғанбаев дейтін ұста ақсақал өзінің екі ұлына қосып 4 жасар немістің баласын асырап алыпты. Баланың құжаттағы аты – Гаинс Редольф. Назар атамыз оны өзгертіп «Қайыс Ауғанбаев» деп өзінің атына жаздырып алған. Міне, осының өзі ұлтымыздың бауырмалдығын көрсетіп тұр.
Уақыт өтіп Қайыс үлкен азамат болады. Оны өз атына жаздырып алған ақсақалдың ұлдары оқып-тоқыған соң, ауылға оралмапты. Қызмет бабымен елден алыстап кеткен. Қара шаңырақта Қайыс қалады. Назар ақсақал Қайысқа сол ауылдың қойшысы Зияахмет дейтін кісінің Дәмелі дейтін қызын атастырып, отау көтереді. Кейіннен екеуі кеңшарлар тараған тұста бір отар қойды жекеге алып, ауыл жанындағы ескі қыстауға көшіп кетіпті. Ал қария мен жары Қайысының ұл-қыздарын, немерелерін оқытып, орталықта қалады. Сөйтіп жүргенде өмірден өтеді. 
Хош. Әңгімені енді басқа арнаға бұрайық. Әңгіме авторының айтуынша, автор 9 сынып оқитын кезде Германиядан Қайыстың ағасы іздеп келіпті. Ағасы інісін «Гаинс Редольф» деп ұзақ іздеген екен. Інісінің Қайыс болып өзгеріп кеткенін қайдан білсін. Ақыры тапқан. Қызық болғанда Қайыс не немісше, не орысша білмейді. Ақыры екі сол ауылдың тіл білетін азаматы аудармашылық жасаған көрінеді.
Ресейдің бір түкпіріне айдалып кеткен ағасы Кеңес Одағы құлаған соң Германияға көшіп кеткен көрінеді. Кельн қаласында тұратын ағасы бір аптадай мал жайғаруға көмектесіп, еліне қайтады. Келесі келгенінде ағалы-інілі екеу болып келіп, мал суару үшін құдықтан су тартатын мотор, тұтынуға арналған су тазартатын құрылғы әкеліп орнатып берді. Кейіннен Қайысты отбасымен бірге өз отанына көшіріп алып кетті.
Бірақ кейіннен ауылға қайтып келіп, қазақ ауылында өмір сүрген Қайыстың әңгімесін жеткізген автор «Германияға баруын бардым, бірақ ана зиратта жатқан әкемнің басын қиып кете алмай, қайта іздеп келдім. Жарықтық мені туған ұлдарынан кем көрген жоқ, қара шаңырағын маған сеніп тапсырды. Өзің ойлашы, шырағым, шалдың шаңырағының отын өшіріп мен қалай кетем. Аманаттап берген отының түтінін түтетіп отырмаймын ба?! Одан кейін ұрпағым қазақ болмай қала ма деп қорықтым» деген сөзін таңданыспен жеткізеді.
Расында, таңғалатын дүние. Қаны бөлек немістің жүрегін қазақ деп соқтырған терең тәрбие ұлтымыздың тәлімі қаншалықты құнды екенін айшықтап бергендей. 
Ал енді өз басымнан өткенді айтып берсем. Жақында облыс орталығына жолға шықтым. Мен мінген пойыз түнгі 3-тер шамасында баратын еді. Жолшыбай жанымдағы жолаушымен таныса отырып, ол жігіттің шиелілік азамат екенін білдім. Он бес күндік жұмыстан еліне қайтып келе жатқан жолаушы Қызылордадағы үйіне соғады екен. Осылайша әңгімеміз үйлесім тауып, қалаға қалай жеткенімізді де аңғармай қалдық. Темір жол вокзалынан түскен бойда «Аға, өзіңіз аралдық болсаңыз, біздің үйге жүріңіз. Таңға дейін тынығып алып, жұмысыңызға шығарсыз» деп үйіне ертіп барды. Уақыт талғамай қонағы етіп жайлап, өзінің қазақы қасиетін тағы бір дәлелдеді. Шіркін,
неткен қонақжай халықпыз. Елдігіміздің баянды, байрағымыздың биік, даламыздың байтақ болғаны да осынау кең пейілімізге Алла берген сыйы шығар.
Жоғарыда әңгімелерден қазақ даласында болып, бойына ұлттығымыздың бар ұлағатын сіңірген жандардың көрегендігін байқаймыз. Ал қазақ жерінде тұрақтап тұрмаса да, қонақжайлығына куә болған мына азаматтың оқиғасын тыңдаңызшы. Youtube желісінде Жақсылық Қырықбаевтың парақшасында Ресей Федерациясының мемлекеттік Дума депутаты Алексей Журавлевтің: «Мен Қызылордада болдым. Танымайтын жерде қысылып, қайда барарымды білмей тұрғанмын. Маған полиция қызметкері жақындап келіп, мән-жайды түсінген соң мені өз көлігімен қонақ үйге дейін жеткізіп салды» деген сөзінен-ақ қазақтың қонақжайлығына разы болғанын анық байқаймыз. 
Міне, біз осындай кеңдігімізбен әлемге танылған халықпыз. Тұғыры биік, тәуелсіздігі мәңгілік елдің есімі кеңдігімен қадірлі.
О. Тілеу
09 қаңтар 2021 ж. 416 0