"Сырдың" сыршыл сырлары
Ауданымызда ауылда тұрып-ақ қасиетті өлең өлкесінің табалдырығынан аттап, төріне шыққан талапкер, талантты ақындар аз емес. Соның бірі - Бекбауыл бекетінде тұратын теміржолшы Әбіләзім Тұрғанбаев. Әке жолын қуып, бар еңбек жолын болат жолдың бойында өткізген Әбіләзім ақындық әлемінен әсте шет қалмаған. Жер апшысын қуырып, жүйткіп өткен әрбір пойыз оның жүрегіне жыр құйып, нұр құйып кететін. Сөз сүлейін сомдаған ол келе-келе Бекбауылдың бетке ұстар ақыны болып танылды.
Менің бір байқағаным, 1997 жылдары "Толқын" газеті баспасы жанынан алғаш "Теңіз дауысы" атты алақандай, шағын жыр жинағын шығарғанбыз. Оған ауданымыздың айтулы ақыны Зейнолладан бастап, Мешітбай, Әбілхан, Серік, Сағындық, Жетес, Толыбай, Оңталап, тағы басқа ақындарымыздың Арал тақырыбындағы өлеңдерін топтастырғанбыз. Осы жинаққа енген Әбіләзімнің аяқ алысын сонда танығанмын. Содан бері оның өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық баспасөздерде жарияланып, 2009 жылы "Бекбауыл белестері", 2010 жылы "Байқоңыр жырлайды", 2011 жылы "Бекбауылым – текті ауылым" атты жыр жинақтарында жарық көрсе, енді міне, ақынның талай жылғы еңбегінің жемісіндей "Сыр" атты өлең кітабы өмірге келді.
"Сыр" негізінен ақынның жан сыры. Кітап бес бөлімнен тұрады. Туған жер тақырыбын толғап, атамекенін асқақтатқан бірінші бөлімнің беташарындағы:
Кең болса да жазира, далам қандай,
Шағын менің ауылым алақандай.
Бекбауылым, өзіңе ұшып келем,
Өз ұясын сағынған балапандай, – деген жұп-жұмыр шумақ, жаныңа жылы леп соқтырып, алдағы жыр жолдарына оқырманын еріксіз жетелейді. Бөлімдегі "Туған жер", "Бекбауылым", "Батыр баба – Бекбауыл", "Ақирек", "Жанарымда барады дария ағып", "Көкарал" тақырыбындағы өлеңдері де өмірдің өзінен ойып алғандай, туған жер келбетін керім суреттейді. Ал осындағы "Қайықшы" поэмасы да жастарды елдікке, ерлікке үндейтін ұтырлы туған кесек дүние.
Қыз-келіншектер мен аналарға арналған екінші бөлімнің де өзіндік өрнегі, сезімді сыры бар. Бұл тақырып таусылмайтын жыр, аяқталмайтын сыр. Бірақ Әбіләзім мұнда өзіндік ой толғап, өзіндік шеберлікпен ерекше жырлайды. Айталық, "Әйелдер, аяулымсыңдар" өлеңінде:
Кәусар сезімдей мөлдіреген,
Шаттық бастамасысыңдар.
Әйел жүрегі елжіреген,
Мейірім астанасысыңдар, – деп әйел бейнесін асқақ көтереді. Ер жігіт елжіреп, талай көздер сүзілген әйел жаны мен тәнінің сұлулығын сөз ете келіп:
Сап, сап көңіл, сабыр ет, батпа пенде күнәға,
Адалдықтың аяулы, биігінен құлама.
Құлынымыз әйелдердің құрсағында жаралған,
Мейірімі мөлдіреп, алдында тұр ұлы Ана,– деп сайқал ойлыларды сабырға шақырып, әйел жанын арашалап алады. Әбіләзімнің тапқырлығы да, міне, осында.
Сонымен бірге аңыз желісінде жазылған "Жылан шаққан қыз" поэмасы да оқырманын бей-жай қалдырмайтын, торғай балапанына төнген жыланды қамшымен ұрып, арашалаған жігіттің мәрттігін, сол жаралы жыланды жазып өмірге қайта әкелген қыздың жақсылығын, түптің-түбінде әлгі жыланның қызды шағып өлтірген жауыздығын, яғни өмірде жақсылық пен жамандықтың қатар жүретін мысалын әдемі суреттеген сәтті туынды дер едім.
Беу, сағыныш, дариға, асқақ әрі асыл ән,
Сағынбаса дүние, әсем жүзін жасырған.
Төгіп алып абайсыз, мөлдір, сезім моншағын
Сағынышпен сарғайып, өтті-ау жылдар басымнан,– деп басталған "Сағыныш" атты үшінші бөлімдегі лирикаға толы туындылары тек сана сағынышына, мәуелі махаббатқв, салиқалы сырларға, сәулелі сезімге арналған.
"Тәуелсіздік – көзімнің қарашығы", "Арнау" деп аталатын бөлімдері де азаматтық әуенге, елдікке, ерлікке жетелейтін отаншыл сезімге арналған, тәлім-тәрбиелік толғанысы, жан жылуы мол жырларға толы.
Сайып келгенде, ақындық болмысымен жан сырын жайып салған жерлесіміз Әбіләзім Тұрғанбаевтың "Сыр" атты бұл туындысы ауданымыздағы шығармашылық өкілдерінің әдеби қазына байлығына қосылған құнды дүние деуге болады.
Жұмабай Жақып,
Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік төрағасы
Арал қаласы