Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы шипа, сөзі дәру

Қолы шипа, сөзі дәру

Адам жанының арашашысы дәрігер еңбегі туралы айта бастасақ, көкейімізге осы мамандықтың нағыз майталмандары оралады. Ақ халатты абзал жандардың халық денсаулығы, қоғам игілігі жолында атқарып жүрген істеріне тәнті боламыз. Халық алғысына бөленіп жүрген абзал жандар қалада да, ауылда да көп.
Ақбасты ауылдық медпунктінің меңгерушісі Ғазиза Ақназарова туралы да қай жерде болмасын жылы лебізді есітіп отырамыз. Аралдағы №15 мектептің түлегі мамандық таңдау, кім болып еңбекке араласамын дегенде ойланбастан жүрек қалауымен дәрігерлікті таңдады, Ақтөбе медицина институтына құжаттарын тапсырды. Оқушылық күндердің оралмас кей сәттерінің кейде ойға оралатыны бар. Әкесі Кемаладин қой кеңшарында малшы еді. Жазғы каникулда қолтығынан кітабы түспей жүріп қой қайыратыны есінде қалыпты. Мал баққан адамның қандай қиыншылықты бастан кешетінін көріп өсті. Қазір балаларына өзінің көзбен көріп, көңілмен сезгендерін үлгі етіп, жалқаулыққа берілмей, еңбекке шыңдалғанын қалап, ақылын айтып отырады. Ақтөбедегі медициналық институтынан дәрігер терапевт мамандығын алып шыққан Ғ.Ақназарова Арал қаласындағы жедел жәрдем бөлімшесінде ұзақ жылдар емдеуші дәрігер болып істеді. Үнемі ауысыммен жұмыс істеп, күн демей, түн демей науқас жандарға алғашқы көмек көрсету оның үйреншікті дағдысына айналды. Қаланың қай түкпірінен болмасын келген шақыруға жылдам жетумен бірге, бар мүмкіндігінше ауруханаға тез жеткізу жүргізушімен бірге мұның да міндеті саналатын. Талай жаны қысылып тұрғандарға көмек қолын созып, дәрігерлік кеңесін берді. Осы жедел жәрдем бөлімшесінде жүріп те елдің алғысына бөленді.
2001 жылы Ғ.Ақназарова өзі сұранып, шалғайдағы Ақбасты ауылына келді. Кейбіреулер қаладағы қызметін тастап, ауылға аттанғанына таңданысты. Оның мұнда келгендігі бірінші мақсаты – дәрі-дәрмегі жетіспей жататын ауыл адамдарына дәрігерлік парызын орындап, өз тәжірибесі мен білігін сырқат жандардың жандарына жалау болып, қол ұшын беру болса, екіншіден, балаларының қазақы орта тәрбиесін көргенін қалады. Мұнда келгеннен кейін-ақ оның аты жан-жаққа танылып, сонау Шалқар ауданынан, Бозойдан, малшы ауылдардан іздеп келушілер көбейді. Басқа жерден келсе де жақсы лебізін айтып, Гиппократ антына адалдығын танытуды міндеті санады. Осындайда өзі бұрыннан байқап жүретін қолының биоэнергетикалық күш-қуатының құдіретін сезіне бастады. Кейде жұмыстас әріптестерінің де басы ауырып, балтыры сыздаса Ғазизаға ұстатып көретіні бар. Көрінгендердің барлығы көңіл-күйлерінің жақсарып, сырқыраған аяқтары, белдерінің сауығып кеткендеріне алғыстарын білдіріп жатады. Ал дәрігер үшін науқас жандардың риясыз ризашылығына бөленгені – үлкен абырой ғой.
Өткен жылы қолындағы биоөрісті Алматыға «Халық емшісі» емдеу орталығына барып, тексертіп көрген. Мұның бойындағы биоэнергетикалық өрісті тексергендер таңданысып қалды. Қолындағы биоөрістің өте күшті екендігін айтқан емдеу орталығындағылар мұнымен жете танысып, хабарласып тұруы керегін мықтап тапсырды.
Ол өз тәжірибесінің, білімінің алдамайтынына сенеді. Бірде жүрегі ауыратын келіншекті тексере отырып, жүрегінен өзгеше дыбыс естігендей болды. Жүрекпен ойнауға болмайды. Аяғы ауыр келіншекті дереу астаналық клиникаларға жіберді. Білікті мамандардың бақылауында болған әлгі келіншек баласын аман-есен дүниеге әкелді. Ал мұндай жайлардан кейін жоғарыдағылар да Ғ.Ақназарованың білігіне шек келтірмейді. Олар да ауыл дәрігеріне ризашылықтарын білдіріп жатады. Оның күнделікті жұмысынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Кешегі пандемия өршіген кезде негізгі күш емдеу мекемелеріне түскені белгілі. Ауылдағы медпунктті де індет кезінде науқастар басып тастады. Шағын ұжымдағы медбикелер Ұ.Тоқмырзаева, К.Өтепова, Т.Өтепова меңгерушімен бірге сырқаттанғандарға ем жасап, тыным таппады. Өкпе қабынуы індетімен күресуде ұжым басшысы әр науқасты жіті бақылап, емнің дұрыс жүруіне көңіл бөліп отырды. Осылардың тынымсыз еңбегі арқасында коронавирус індеті Ақбастыда басқа жерлерге қарағанда жайылып кетпей, құрықталды. Мұнда да Ғ.Ақназарованың кей науқастардың қасынан ұзамай, өзінің қатаң бақылауына алғанын атап айтуымыз керек.
Көптің алғысына бөленген Ғ.Ақназарова марапаттардан да кенде емес. Жыл сайын республикалық, облыстық дейгейде түрлі марапаттарға ие болып келеді. Бұл да ол бағындырған биіктердің лайықты бағасы болса керек.
Ғ.Ақназарова жанұясында аяулы әже атанып, балалары мен немерелерінің қызығын көріп отыр. Гүлмирасы – тұрмыста, балалы-шағалы, Шайхы, Шыңғыс, Дінмұхаммеді ауылда өз еңбегімен несібесін тауып жүр. Келіні Дидар ауыл әкімшілігінде бас маман болып істейді. Кіші келіні Орынкүл – психолог маман. Шамрадин, Нұрадин, Нұрхан, Өзге, Заңғар,Ахмед атты немерелерін көргенде, жұмыстан шаршап келгенін бірден ұмытып кетеді.
Ө. Серәлі,
Ақбасты ауылы
19 қаңтар 2021 ж. 326 0