Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласының ардагерімен кездесу өтті

Білім саласының ардагерімен кездесу өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жастар саясатына ерекше мән берді. Қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып саналатын жас буынның әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану қажеттігіне арнайы тоқталып, Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандыруды, сондай-ақ азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды.
Президент мақаласына орай, №62 Ж.Әбдірашев атындағы мектеп-лицейде қосымша білім беру педагогінің ұйымдастыруымен «Ұлағат пен ұстаным» тақырыбында зиялы қауым және ардагерлердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Президенттің елдік істерді лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы тапсырмаларының мәнін ұғындыру мақсатында өткізілген шараға «Арал ауданының құрметті азаматы», ҚР Журналистер одағының мүшесі Әнес Әуезов пен білім саласының ардагері Жаңылшақ Ермаханова қатысып, білім мен білік дәуірінде жастардың өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алатындығын айтып, білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс екендігін жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Жадыра Аймағамбетова мен Ұлдай Оспанова өз ойларын ортаға салды.
Ал мектеп-лицей түлектері, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Еркін Ашықбаев пен «Алтын белгі» иегері, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Гүлсая Әбекенова өз пікірлерін қашықтан жеткізіп, жас буынға ізгі лебіздерін білдірді. 
Г.Рахманова, 
№62 мектеп-лицей мұғалімі
Арал қаласы
22 қаңтар 2021 ж. 644 0