Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда сарбаздарды SMS-хабарлама арқылы әскерге шақыратын болды

Қазақстанда сарбаздарды SMS-хабарлама арқылы әскерге шақыратын болды

Қорғаныс министрлігінде 2020 жылға әскери қызметке шақырудың қорытындылары шығарылып, алдағы әскерге шақыру кезеңіне арналған міндеттер белгіленді.COVID-19 пандемиясы шақыру науқанының барысына айтарлықтай әсер еткеніне қарамастан, 2020 жылы 34 мыңға жуық азамат әскери қызметке шақырылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектановтың басшылығымен өткен кеңейтілген кеңес барысында айтылды. Бейнеконференц байланыс режиміндегі іс-шараға әскер түрлерінің бас қолбасшылары, Қорғаныс министрлігі департаменттерінің бастықтары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың өкілдері, әкімдердің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің басшылары қатысты.
«Жалпы, өткен жылғы шиеленіскен қиындықтар мен мәселелер кезінде әскерлерді шақыру мен жасақтауға байланысты барлық міндеттерді шештік. Ең бастысы, біз болашақта тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін белгілі бір тәжірибе алып, машықтандық»,- деді генерал-лейтенант Мұрат Бектанов.
Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясының ақпараты бойынша, медициналық куәландыру сапасы жақсарды. Мәселен, 2019 жылы әскери қызметке қатысты емес 22 сырқат түрі анықталған. Өткен жылы расталғаны екеу. Сонымен қатар, әскерге шақырылушылардың барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған, сондықтан алғашқы медициналық куәландырудан кейін одан әрі емдеу мақсатында оларға қажетті медициналық қызметтер әрдайым қолжетімді бола бермейді. Бұл үшін әскери-дәрігерлік комиссия (ӘДК) мамандарының Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ, әскерге шақыру науқаны кезінде әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар ету мәселелері толық шешілген жоқ. Осыған байланысты «электронды үкіметтің» деректер базасымен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл әскерге шақырылушыларды белгілеуді жеңілдетеді және оларды SMS-хабарламалар арқылы уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарының қорғаныс істері жөніндегі департаменттерімен, басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен іс-әрекетін үйлестіруге, уақтылы және сапалы шақыртуды қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылданды.
ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов Қазақстан әскерінің беделін арттыруға және әскери қызметке деген ынтаны арттыруға ықпал ететін әскерге шақыруға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігіне ерекше назар аударды.

egemen.kz

24 қаңтар 2021 ж. 298 0