Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділет генералы

Әділет генералы

Сонау тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында Алаш арыстарын ақтау жолында көптеген азаматтар ұлтжандылық танытты. Тарих ақтаңдақтарын ақтарып, жазықсыздарды жалған жаладан арашалап алу оңай болған жоқ. Түркістан республикасын құрып, елінің ұлт-азаттығы үшін күрескен М.Шоқайдың ісі осындай күрделі де қиын тағдыр болатын. Бұл жауапты жұмыспен республика Бас прокуратурасында Сағындық Жүрсімбаев бастаған білікті мамандар тобы айналысты. Сөйтіп Шоқай есімі ақталып, туған еліне қайта оралып, халқымен қауышты. Қуғын-сүргінге ұшыраған талай арыстардың рухы қайта жанданды. Әділет генерал-майоры, 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, КСРО прокуратурасының құрметті қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық органдары академиясының құрметті профессоры, Арал ауданының құрметті азаматы Сағындық Кемалұлы Жүрсімбаев 1940 жылы 8 желтоқсанда, яғни бұдан 81 жыл бұрын айдынды Арал жерінде дүниеге келді.
Сұрапыл соғыс кімді жетімсіретпеді десеңізші?! Әкесі Кемал Жекімұлы Ұлы Отан соғысына аттанғанда Сағындық екі жаста екен. Анасы Ақшол апа Сағындығын жетімсіреткен жоқ. Қиын-
шылыққа қарсы тұрып, кәмелетке жеткізді. Ақшол анамыздың қолынан талай дәм таттық. Ақжарқын, келбетті, айналайыны көп, аналық мейірімі төгіліп тұратын кісі еді. Міне, сөйтіп бағып-қаққан перзенті анасының еңбегін ақтап, бүгінде қоғам қайраткері.
1957 жылы қаладағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепті бітірген соң, мал дәрігерлік мамандығын игеріп, сол кездегі ауыл шаруашылығы майталмандары Балпаш Асанбаев, Таймас Сырлыбаев ағалармен бірге қызмет атқарды. 1962-1965 жылдары Германияда Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын взвод командирінің орынбасары болып өтеді. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіргеннен кейін, 1970 жылы мамыр айынан бастап Ақтөбе облыстық прокуратурасында тергеуші, ал 1973 жылдан Қазақ ССР прокурорының аса маңызды істер бойынша тергеуші қызметтерін атқарған. Онан кейін республика прокуратурасында тергеу басқармасының прокуроры, Алматы облыстық сотының судьясы, Жетісу транспорт прокуроры,
Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Оңтүстік-Шығыс (Алматы) аумақтық транспорт прокуроры болды. 
Әділет генералы Сағындық Жүрсімбаев – еліміз тәуелсіздік алған жылдары оның құқықтық саласының қалыптасуына тікелей атсалысқан адамдардың бірі. Сол кезде Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары, Қазақстан Бас Прокурорының орынбасары, Жоғарғы Кеңес депутаты (сот-құқықтық реформалау және адам құқығы комитетінің төрағасы), Баға және антимонополиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, Бас прокуратура департамент бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы институтының директоры қызметін атқарған. 
АҚШ, Англия, Дания және Швеция мемлекеттерінде бір айлық оқу жетілдіру курстарын бітірген. 1998-2000 жылдары Республика Президенті жанындағы адам құқығы комиссиясының мүшесі, 2009-2010 жылдары Әл-Фараби атындағы 14 А, 50.15 докторлық диссертациялық кеңесінің мүшесі болған. Қазіргі уақытта университет профессоры. 2001-2004 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы прокуратура органдары заңдылығын, құқықтық тәртібі және кадрларының біліктілігін арттыру мәселелерін зерттеу институтының директоры.
Сағындық саланың белгілі ғалымы ретінде танымал. Ол «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары», «Прокурорский надзор в Республике Казахстан», «Правоохранительные органы Республики Казахстан», «Уголовно-процессуальное право» және де басқа оқулықтардың авторы. Жалпы саны 170-тей ғылыми еңбегі жарияланған. Оның басшылығымен бірнеше рет халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар өткізіп, ол материалдар баспада жарық көрген. Осы уақытқа дейін ол мемлекеттік органдардың заң шығару қызметіне белсене араласуда.
Халықтың біртуар ұлы Ә.Кекілбаев: «Елінің жел жағындағы панасы, ық жағындағы саясы бола білген, дауды, әділетті арашалаған пірәдар, зарыққанға – жебеу, тарыққанға – демеу, асқанға – тосқан, сасқанға – сая, ұрпаққа – ұстаз» деген екен. 
Әрине басыңа іс түскенде араша сұрайтын азаматтарымыз болса деп тілейтініміз рас. Қысылғанда қол ұшын беріп, оның ішінде туған жерінен әдейілеп іздеп барғанда, Сағындық Кемалұлының ақыл-кеңесінен басқа, әділ заңмен араша түскен кездерін жерлестері ұмытпайды. Солардың бірі – Аманөткел елді мекенінде тұрған, Ұлы Отан соғысының екінші топ мүгедегі болған Әбдіраш Сегізбаевтың баласы Серік Сегізбаев Байқоңыр қаласында болған айтулы қылмысқа қатысты деген күдікпен ұсталып, жазықсыз жан көп азап шекті. Серіктің заң аясында жазықсыз екендігін дәлелдеп, қапастан шығарғаны үшін Сағындық баласына 90 жастағы Әбдіраш атаның өмірінің соңына дейін ақ батасын берумен кеткені бар. Марқұм Балзада апай да: «Досыңның қабылдауында болдым, көп көмегі тиді» деп отыратын.
Аралдың айтулы азаматтарының бірі – Оразғали Ерекешов ағамыздың отбасында Сағындыққа айтқан алғысын да естігенім бар. Міне, туған жердің топырағынан жаралған жерлесіміз Сағындық Кемалұлының жасаған жақсылықтарының бір-жары ғана. Жұбайы Тамара Жанғабылқызының азан шақырып қойған аты – Зухра. Қазақ ССР оқу ісінің озық қызметкері, педагогика саласында көп жылдар басшылық қызметте болған. Тамараның әкесі Жанғабыл Бітімбаевты білмейтін Арал азаматтары кемде-кем шығар. Олай дейтінім, Жәкең Арал ауданында әскери комиссар болып ұзақ жыл қызмет атқарып, еліміздің қорғаныс саласына көп еңбек сіңірген азамат ретінде есте қалды. Ал анасы Шарипа апай да өз өмірінде өрнегі қалған абзал ана еді.
Сағындық пен Тамара бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. «Мәуелі ағаштың маңайы – базар» демекші, ұл-қыздары бәрі де әке жолын қуып, заң саласында қызмет етуде. Ержаны мен Майгүлінің полковник шендері болса, Гүлханы – белгілі, білікті адвокат. Бәрі де үйлі, бала-шағалы. Сағындық туған жерін ұмытқан емес. Аралға келіп, өткенге салауат, қосылғандарға құтты болсын айтып, туысқандарының амандықтарын біліп тұруды естен шығармаған. 
2015 жылдың 8 желтоқсаны күні келінім Ләззат айы-күні жетіп, перзентханаға кеткен кезде Сағындыққа телефон шалып:
– Сәке, 75 жасқа келген күніңмен құттықтаймын. Жаңа Ләззат келінім босануға перзентханаға кетті. Аман-есен босанып ұл туса атын Сәкен (біздер Сағындықты Сәкен деп кеткенбіз), ал қыз туса Зухра (Тамараның азан шақырып қойған аты Зухра, көпшілік Тамара деп кеткен) қоямын, – дедім.
Сонымен келінім қыз бала босанып, есімін Зухра қойдым. Бұл – шынайы достықтың есте қалар белгісі. Зухра қазір 5 жаста, балабақшаға барып жүр. Пысық, Тамараға ұқсаған болу керек.
2020 жылы 8 желтоқсанда Сағындықты 80 жасқа толуымен отбасымыз болып құттықтадық. Телефон арқылы дидарласып, қуанысып қалдық. Сонда кішкентай Зухра да атасы мен әжесін құттықтап жатты. Амандық-саулық сұрасқан соң, өзін Қазақстан Республикасының ас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов арнайы Алматыға келіп, қала прокуратурасында қабылдағанын айтты. Сағындықты 80 жасқа толуымен құттықтай отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау гра мотасымен және өз атынан бағалы сыйлықтар тарту етіп, құттықтаған қуанышын жасыра алмады.
Иә, Сағындықтай досым болғанына мақтанамын.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР білім беру ісінің үздігі
14 ақпан 2021 ж. 354 0