Болашақ мектептен басталады

Мектеп жайын әңгімелеу болашағымыз жайында ой бөлісу болмақ. Мұғалім, оқушы, ата-ана үштағаны жас ұрпақты өнегелі тәрбие жолына бастайды.
Елімізде сандаған ұлт өмір сүріп жатыр, оларға тілін, мәдениетін, әдебиетін өркендетуге барынша жағдай жасалған. Бұдан қазақтың кеңпейіл, дарқандығы байқалады.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына келіп қалдық. Осы уақыт аралығында ана тіліміздің өз тұғырына қонып, салтанат құра алмай жатқаны өкінішті-ақ. Билік өкілдерінің қандай жиында болмасын қазақша амандасып алып, аға тілде сайрап беретіні қазақ тілінің жанашырларын қылжылтатыны сөзсіз.
Еліміздің білім саласында он екі жылдық мектептер келеді, оның мұғалімдері жаңаша білім жүйесінің мамандары болады. Жүйедегі жаңарулар түбегейлі енгізіледі. Бала тәрбиесіндегі басты тұлға – мұғалім білігіне, біліміне, өзіндік ұстанымы, мәдениетіне, парасат-пайымына ерекше мән беріледі. Осындайда ойымызға Оңтүстік Корея мектептеріне мұғалім мамандығына тек әділетті конкурспен білімділердің, біліктілердің өтетіндері ойға оралады, таңдандырады. Солардағыдай кадрлар мектепке келіп жатса, білім саласының көкжиегі кеңейер еді. «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданды. Дегенмен олардағыдай деңгейге көтеріле қою бізге әзірге қиял секілді көрінеді.
Алаш арысы, ең алғашқы «Педагогика» оқулығының авторы М.Жұмабаев ХХ ғасыр басында: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескеретін іс – соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. ...сынамай, икемдемей, даяр қамытты қазақ баласының мойнына кигізе қою тарих алдында, еліміздің тағдыры алдында кешірілмес күнә болар еді» деген сөзі бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.
Республикамызда сандаған аралас мектептер баршылық, осыларды қазаққа, ұлтқа бет бұратын оқу орындарына айналдыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Жалпы, еліміздегі мектептерге ерекше мән беріп, ұлттық тәрбиенің өзекке айналдырылуы болашағымыз үшін аса қажеттілік. Тамыры үзілмеген, ата-баба салт-дәстүрімен тәрбиеленген ұрпақ ұлтына қызмет етеді. Біздерге еуропалық, америкалық, қытайлық, тағы басқаларға әсіре еліктеуден өз ұлтымыздың құндылықтарынан нәр алуымыз маңызды.
Жаңа тұрпатты мектептер айтыла бастаса, ойыма Жапония оралады. Олардың мектептерінде тәрбие жұмыстарына ұлттық музыкаға ерекше мән беріледі екен. Сол секілді біз де балаларды қасиетті қара домбыраның құдіретіне үйретіп, ұлттық саз өнерімізді насихаттап, тәрбие жұмысына тиімді пайдалансақ, тамаша болар еді. Әрине, мектеп бітірген әр түлек керемет күйші болып кетпес, бірақ қазақы тәрбиені домбыра арқылы ұғынып өссе, болашағы да жарқын болмас па? Ал домбыраны нотамен емес, қағыспен үйрететін әдіс бар екенін көптен бері білеміз.
Осы орайда әр ауылда саз мектептерінің болғаны да, ондағы мамандардың жас ұрпақты саз өнеріне тәрбиеленуінің маңызы да зор болмақ.
Болашақ мектептерінде қазіргі заманауи технология жетістіктерін оқытумен бірге кәсіби мамандықтарға үйрететін кірпіш қалайтын құрылысшы, ағаш шебері, токар, дәнекерлеушілікке, машина жөндейтін шеберлердің сонымен қатар қазақтың төл өнері ою-өрнектер, тері, жүн өңдеу, әр түрлі әшекей бұйымдарын жасайтын, қазақы аяқ киімдер, етіктер жасауды үйрететін мамандар болса, бұл жастар бойына қазақылықты сіңірудің үлгісі болар еді.
Қазақ қай кезде де төрт түліксіз тіршілік ете алмаған. Оқушыларға малға күтім жасауды, сүт өнімдерін өңдеуді оқытудың, ұлттық ою-өрнекті киіз басу, тұскиіз жасау, мал жүнін пайдаланып, көрпе көктеу, тоқыма бұйымдарын жасаудың да мәні зор болмақ. Мұны да осындай жұмысты жақсы меңгерген мамандар жүргізсе, жастарға берері көп болар еді.
Түптің түбінде, болашақ мектебі ұлттық болып, тек қазақтың төл құндылықтарына бет бұрса, тәрбие жұмысы бабаларымыздың тарихтағы тағылымды жолынан ұлағат алса, келешек мектептерінің тамаша тәрбие бесігі болары сөзсіз.
Ө. СЕРӘЛІ,
№22 орта мектебінің мұғалімі,
Арал ауданы