Үйлену оңай, үй болу қиын
Адамды сүю адам танудан басталады. Адамды тану адамзат арасындағы қарым-қатынас, мейірімнен бастау алады.Ал адамға сүйіспеншілік, мейірімділік, қайырымдылық ең әуелі әркімнің отбасынан басталады. Мейірімділік – адамның өзге біреуге жылылығын ізгі, ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Мейірімділік адамдар арасындағы сыйластық кеңпейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделеді. Мейірімділік адамның жоғары адамгершілік белгісі ретінде оның бүкіл тыныс-тіршілігін, жан дүниесін жадырататын, шат-шадыман тіршілігі үшін қажетті аса маңызды қасиеттердің бірі болып саналады. Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығатынын білеміз. Шын мәнінде, адами қасиеттердің барлығы адамдардың бір-біріне деген мейірімділігінен тұратыны белгілі. Ал осыған байланысты түсінген жанға ұрпақ тәрбиесі үлкен ұғым. Ұрпағы тәрбиелі қауымның ұлысы мықты, іргесі берік, шаңырағы биік, түлігі түгел, берекесі баянды, тірлігі байсалды болады. Бұл – әлдеқашан дәлелденген аксиома. Бұрынғы бабаларымыздың бір ауыз аталы сөзінің астарында атан түйе тарта алмайтындай жүк жататыны да белгілі.
Қазіргі өмір сүріп отырған қоғамымызда жағымды да, жағымсыз әрекеттер де көптеп кездесетіні бар. Ұлы ойшыл Әл-фараби: «Адамның мүшесі ауру болса дәрігер емдейді, ал қоғамның жан дүниесіне түскен сырқат орасан кеселді болады» дегенді ескерткен екен. Сондай-ақ қазіргі қоғамдағы кеселді сырқаттың бірі – үйленген жастардың жиі ажырасулары әркімді де бей-жай қалдырмайтыны рас.
Аудандық «Толқын» газетінің 16 ақпан 2021 жылға №13 санында жарияланған. Алтынбек Бисеновтің «Ажырасуға себеп сан түрлі....» атты мақаласы қоғамда болып жатқан өзекті мәселенің бірі екені айқын. Әулеттің үлкені болған соң келін түсіру, қыз ұзату құдалықтары тіпті қайғылы қаза болса да сол жерден табылып, басшылық жасаймыз. Әйтеке би бабамыз айтқандай «Бата – Құранның айнасы» дегендей, үйлену тойларында өнегелі сөзімізбен қатар бата да беріп жатамыз «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» деген бабалардан қалған батаны осы кезге дейін қолданып келе жатқан қасиетті баталардың бірі. Ал үйленген жастарымыздың ажырасып жатқанын естігенімізде, біздің берген баталарымыз, өнегелі сөздеріміздің және қанша айтылған тілектерді «Әумин» деп қабылдап отырған жастардың осындай жағдайға барғанына әрине ренжиміз. Ал енді екі жақтың берген баталары ше?
Түрік педагогі Мустафа Ергаш өзінің бір еңбегінде: "Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су пайда болады. Су – өмірдің нәрі, ол лайланса, тіршілік те лайланады. Оттегі мен сутегі ажырасса, одан пайда болған газ жанып кетеді, күлі де қалмайды. Сол сияқты отбасы ажырасса, түкте қалмайды» деген екен. Жақсы отбасы – бақыттың отаны. Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Мұндай жанұяға тап болған қиындықтың өзі жақсылыққа айналып кететінін де өмір көрсетуде. Отбасы – адамның он екі мүшесі сияқты, бас ойлайды, қол істейді, аяқ жүреді, көз көреді, құлақ естиді, ауыз сөйлейді. Енді осы мүшелер бір-біріне бағынбаса, не болмақ? Бастың айтқанын қол істемей қойса, аяқ теріс жүрсе, ауыз өзім білем деп не болса соны айтса, ақыры не болмақ?! Ондай адам өмір сүре алмайтыны анық.
Үйленген жастарымыздың ажырасу себептерінің бірі – бірін-бірі толық дәрежеде танымай жатып «күйдім-сүйдім» деп үйлене салуы. Бірінің сөзін бірі көтермеуі «әсіре қызыл тез оңар» деген нақыл сөз де бар. Жігіт пен қыздарының танысқанын білген екі жақтың ата-аналары да қарап жатпай, болашақ құда-құдағилар да бірімен бірі танысып-біліскендері жөн. Сонда екі құдандалы жақтың "құда болғанша құлын бие сұрас, құда болған соң, құлда болса сыйлас" деген бабаларымыздың аталы сөзін басшылыққа алса, құдалықтарының алтын көпірі ешуақытта жөндеу көрмейтіндігі хақ, сонымен бірге мың жылдық құдалардың сыйластығы мәңгі болары анық. Кей жағдайда құдалар арасында "біэдің теңіміз емес" деген жағымсыз пікір де пайда болып, жас жұбайлар арасына сызат түсіп жататынын да көріп жүрміз. Кейде келін отбасында болып жатқан жағдайларды тізіп, өз жағына телефон арқылы хабарлап тұрса, оның несі дұрыс? Әр отбасының өзіндік өмір сүру жолдары, құпиялары болады емес пе?! Бұлда жақсылыққа апармайтыны белгілі.
Өмірде адам бойына енуге құмар жамандықтың түрі көп. Солардың бірі – нәпсі құмарлық. Ол адамды жамандыққа итермелейді. Екінші жанұяның шырқын бұзатын ол – арақ. «Арақ – барлық қылмыстың анасы» деп бекер айтпаған. Жұптардың ажырасуына да осы екі жағымсыз әдеттер әсер ететіні белгілі.
Киіт атау – бұрыннан келе жатқан кәде-кәумет. Ал қазір отыз шақты адамға киіт аталады, оған қоса сонша алтындары қосылады. Бұл екі жаққа да пайдасы жоқ ысырап десе болады, қаншама қаржы жұмсалады. Киіттері ұнамаған құда-құдағилар арасында өкпе де жүреді, бұлда қосылған екі жастың арасына дақ түспесіне кім кепіл?!
Мен де өткен жылдары немеремді ұзаттым. Келінім Гүлсімге "болашақ құдағиыңмен сөйлес, арада киіт болмасын" дедім. Келінім Тұрсынкүл құдағиымен келісіп, ортада киіт те болған жоқ, өкпе де болған жоқ, оның есесіне қаржыларын тойға жұмсады.
Мынадай болған оқиғаға құлақ түрсек. Айнаш пен Майраштың жас шамалары бір. Бір үйдің бір подьезінде, бір қабатында тұрады. Күйеулері жұмысқа кеткенде бірде ана үйде, бірде мына үйде әңгіменің тиегін ағызатын. Әрненің басын шалып отырған осындай бір күні Айнаш:
– Менің күйеуімнің аяғы бір жылымайды ғой. Түнде де сап-салқын, үнемі солай, –демесі бар ма.
Күндер өтіп жатты. Бірде Майраштың күйеуі жұмыстан түн ортасы ауа келді. Көрпені көтеріп жата бергенде аяғы келіншегінің балтырына тиіп кетеді. Сонда келіншегі:
– Тартшы аяғыңды, Айнаштың байының аяғы ұқсатпай, суығын-ай, –деп қалады.
Осыдан соң бір отбасының ажырасу тарихы екі қатынның шай үстіндегі әңгімесінен бастау алған болатын. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген нақыл осыған саяды.
Бірде Жәнібек хан аты аңызға айналған емші Өтебойдақ Тілеуқабылұлына:
– Қандай ауруды емдеу қиын? – деп сұрапты.
– Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын, – дейді емші.
Сонда Жәнібек ханның «оның алдын алуға бола ма?» деген сауалына Өтебойдақ:
– Болады, жеті атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан, – деген екен.
Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тиым салыпты.
– «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе өлім жазасына кесемін» деген жарлық шығарыпты. Иә, сонау ХV ғасырда-ақ тектілік мәселесін терең мән берген қазекемнің берік ұстанымы жалғасын табуда. Кейде жастарымыз дұрыс танысып білмей, жеті атаға толмай үйленеміз дегендері кездескен.
Ілгеріде бұндай жағдай болғанда аталарымыз ақ түйе сойдырып татуластырғанын еститінбіз. Біздің ұрпақтарымыз да тектілікті терең түсініп, ұрпақтарымыз таза болсын деп тілейтініміз рас.
Бірде ағылшын қайраткері Унистон Черчилль жұбайы Клементин Хозьермен қолтықтасып келе жатып, әйелінің бала кезіндегі ғашығымен кездесіп қалады. Анау қарапайым құрылысшы екен. Сонда Черчилль:
– Мынаған күйеуге шыққаныңда, жұмысшының қатыны атанар едің, десе Хозьер ханым жұлып алғандай:
– Мен оған тигенде Англияның премьер-министрі осы болар еді, – депті.
Бұдан біз алғаны жақсының тағдыры жақсы болатынын ұғындық. Сондықтан да жар таңдауда жаңылыспаңдар, қарақтарым.
«Дәулетіңнің қадірін ұл өскенде білесің, абыройыңның қадірін қыз өскенде білесің» деп Әйтеке би бабамыз айтқандай, мен де 80 жыл өмірдің ащы-тұщысында бастан өткізіп, келін алып, қыз ұзатып, шөберелердің қолынан су ішіп келе жатқан қариялардың бірімін. Тұрмысқа шыққан қызымның құдалығының төрінде отырып, қызыма:
– Қызым, бұл үйдің төріндегі адамдары түгіл, босағасындағы иті мен мысығының аш болмауына дейін сен жауаптысың. Ата-енелерің осы шаңырықтың құты екенін ұмытпа. «Көргенсіз» деген сөзді ести көрме, бізге де естірте көрме, «Жақсы ұлың болса – қазығың, жақсы келінің болса – азығың» деген бабалар сөзін есіңе сақта, – дегенмін. Бұл менің қызыма айтылған үкімім іспетті еді.
Жаңа түскен келін «Мен өз үйіме келдім, өз Отанымды енді таптым. Менің көркейтіп-көгертетін, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биік, босағасын берік ететінім осы үй» деп ойлағаны дұрыс болар еді. Әрбір ата-ана ұл-қызына білген өнегелі, үлгілі, насихат сөздерін аяған емес. Сол сөздерге қазіргі жастар құлақ түріп, бойына сіңіре жүрсе дұрыс болар еді.
Жастар – біздің болашағымыз, өрісімізді кеңейтетін ұрпағымыз. Мақаланы оқи келе ойыма түйген ойымды ортаға салуды жөн көрдім. Бұған қосары бар ағайын болса, тыңдауға әзірміз. Бәріміздің илейтін ортақ пұшпағымыз ғой. Көрнекті жазушы Ғ.Мүсірепов: "Қазақ әйелін жан-жарым дейді. Бұл – үлкен сөз. Жаныммен жаны үндес, ойыммен ойы үндес, егіз адамбыз дегені ғой" депті.
Сондай-ақ қосылған қос жұбайдың егіз адамдай жарасымды болып, үлгі аларлықтай, өнегелі, сыйластығы мол отбасы болса деген тілекті әрбір ата- ана жүрегімен тілейтіні анық. «Өмір, тіршілік – ұзақ жол, бірақ Алла аманат еткен жол» дейді даналарымыз. Алла тағала жастарды ақ жолынан адастырмасын деген тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАНБЕТҰЛЫ,
ардагер ұстаз