Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Колледж жастары мейірімділік жасады

Колледж жастары мейірімділік жасады

Негізі мейірімділік жасау үшін таудай талап пен қисапсыз байлықтың қажеті шамалы. Тек кеудеде соққан жұдырықтай жүректің рухани байлыққа мол болуы жеткілікті сияқты. Жастарға сенген Мағжан атамыздың өзі: «Білімдінің сөзі – ем, мейірімі көп, өзі кең!» деді емес пе?! Сол бір кең пейіл мен мол мейірімнен туындайтын ізгі қадамдардың бірі – өзгеге көмек беру мен жылу ұсыну болса, мұндай көріністер қазіргі қоғамда да жиі байқалуда. Бұл қазіргі жастардың ниеті түзу, рухани азыққа бай екенін көрсетеді. Жақында Арал көпсалалы колледжінің бірінші курс студенттері топ жетекшісі Жусипова Ғалия апайымен мейірімге толы жақсы амалдың үлгісін көрсетті. Яғни, қос бүйірден қысқан қыстың қақарына қарамастан қоғамдық жерлер мен көшелерді қардан тазалап жатқан аға-апаларына көмек қолын созып, оларға ыстық шай мен пирожки үлестірді. Жастардан осындай қамқорлық пен мейірімді сезінген жұмысшылар да өздерінің ризашылықтарын білдіріп, шынайы пейілдерін жеткізді.Иә, мейірімділік әлемді жауыздықтан құтқарып, алақанда әлдилейтін асыл қасиет. Дін тұрғысынан алып қарайтын болсақ та, оған көптеген хадистерді келтіруге болады. «Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар», (Тиримизи, Сифатул-Қияма, 57). «Рақымдылық көрсетпегенге, рақымдылық көрсетілмейді», (Бұхари, Әдеп, 18). «Алла тағала адамдарға рақымдылық етпегендерге рақымдылық етпейді», (Бұхари,Таухид 2) деген хадистер шын мәнінде біздерді мейірімділік пен рақымдылыққа баулуда. Құран Кәрімде сахабалардың мейірімділігі мен рақымдылығы тұрғысында «Мұхаммед Алланың пайғамбары. Оның жанындағылар болса, кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында өте мейірімді», (Фатх сүресі, 29-аят) деп дәріптелген. Расында мейірімді болу әрбір жастың өзіндік ұстанымы болса, біздің өмір сүретін ортамыз тек жақсылықтармен нұрланар еді. Ендеше мейірмді болайық, жақсылық жасауға асығайық жас достар!
01 ақпан 2020 ж. 756 0