Қызылордада отар-отар қой қар құрсауында қалды
Жаңақорғандық қойшылардың шамамен 50-ге жуық малы қар құрсауында қалып қойды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев мәлімдеді.
«Тау беткейінде орналасқан Сүттіқұдық, Қосүйенкі, Қыраш ауылдық округіндегі шаруа қожалықтары тексерілді. Жаңақорған ауданының азаматтық қорғау гарнизонынан 6 қызметкер, 1 техника, ал аудан әкімдігінен 8 қызметкер, 4 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 5383 уақ мал болғандығы анықталды. Алайда, бұл нақты сан емес. Бүгінде комиссия құрылды. Алдағы уақытта қосымша ақпарат беретін боламыз», – деді Руслан Сламбекұлы.
Өткен күзде 700 бас қой-қозы осы Жаңақорған ауданындағы күріш алқабында тірідей өртеніп кеткен еді. Шаруалар біраз шығынға ұшырап, өтемақы сұрағаны есімізде.
Биыл қыс шопандар үшін жайлы бола қойған жоқ. Көктем шыға ауа райы күрт өзгеріп, тауда қар көшкіні үдей түсті. Әзірге 50-ден аса уақ малдың өлексесі табылды. Ал жайылымда 5 мыңнан аса уақ мал болған. Сондықтан бұл көрсеткіш әлі де сан құбылары сөзсіз.
Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ,
Қызылорда облысы
aikyn.kz