Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыстық іс медиациямен аяқталды

Қылмыстық іс медиациямен аяқталды

Арал аудандық сотында ұрлық жасаған азаматқа қатысты қылмыстық іс медиация тәртібімен аяқталды.
Іс құжаттарына сәйкес, айыпталушы Д. киім-кешек сататын дүкен ішін аралап жүріп, азаматша Ш-ның киім-кешек үстінде ашық күйде тұрған қол сөмкесі ішінен әмиянын жасырын ұрлап, жәбірленушіге 32 000 теңге мүліктік шығын келтіріп, оқиға болған жерден бой тасалаған. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Алайда, сотқа тараптар кәсіби медиатормен бекітілген дауды реттеу жөніндегі медиативтік келісімді ұсынған. Келісімде сотталушы мен жәбірленушінің медиация тәртібімен татуласқаны, жәбірленушінің сотталушыға ешқандай талап қоймайтындығы көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде, сотталушы жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, ісі өндірістен тоқтатылды.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
31 наурыз 2021 ж. 378 0