Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел аман болсын десек, сақтықты ескерейік

Ел аман болсын десек, сақтықты ескерейік

Қазіргі таңда еліміздегі ахуал тағы ушығып барады. Жағдай әлі күрделене түсуде. Еліміздің кейбір аймақтары қауіптің қызыл деңгейіне өтіп, қатаң карантиндік шектеулер күшейтілуде. Жағдай әсіресе еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарында ушықты. Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысының орталығы Семей қаласына сәуірдің 15-не дейін блокпосттар қойылып, қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылғанын естідік. Аты жаман індеттің бір күнде мыңға жуық қазақстандықтан табылып жатқанын да естіп білдік. Осы жағдайдың барлығына ел билігі де алаңдаушылық білдіріп, бейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Қазір жасыратыны жоқ, жағдай бүкіл қоғамды алаңдата бастады.
– Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда, – деді Президент.
Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесін алға тартқан Президент бүгінде олардың экономикасы мен азаматтары күнделікті өмірде пандемияның зардабын айтарлықтай тартып отырмағанын ортаға салды.
– Вакцина сатып алу үшін алдын ала келісімшарт жасау жөнінде былтырғы маусым айынан бері бірнеше рет тапсырма бердім. Осы уақытқа дейін Үкімет «Спутник V» вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бойынша уағдаластықтар еліміздегі вакцинацияны толық қамтиды деп сендіріп келді. Осы ақпараттың негізінде Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған үндеуімде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген, – деді Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев.
Шындығында, ел билігінің жағдайға алаңдауы бекер емес. Біз қажыдық, шаршадық деп сақтық шараларын ескермесек, ертеңгі күні өзіміз опық жеп қалуымыз әбден мүмкін. Бұл ескертулер мен шектеулерді Президент бекер айтып отырған жоқ. Оның да ойлып отырғаны елдің қамы, халықтың амандығы. Сондықтан жағдай тұрақталғанша сақтық шараларын сақтауымыз маңызды. Мен де жерлестерді осыған шақырамын.
А. ҮМБЕТОВ,
зейнеткер
Арал қаласы
03 сәуір 2021 ж. 566 0