Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакциналарды салыстыруға болмайды

Вакциналарды салыстыруға болмайды

Осы күндері көп адамның көкейінде коронавирусқа қарсы екпе алуға байланыс­ты сұрақ көп. Вакцина алу керек болса, қайсысы дұрыс, өзіміздің вакцинаға сенеміз бе, көршілеріміздің жасағаны дұрыс па, әлде тағы бір ел керемет екпе тауып қалар ма екен деген екіұдай ой, дүдәмал сауалдар екінің бірін мазалайды. Алайда вакциналарды бір бірімен салыстыруға болмайды. Неге?

Вирусологтердің айтуынша, вакцина әртүрлі платформа, түрлі ғылыми әдістермен әзірленеді. Әр вакцина өз міндетін атқарады, тек әсері ғана әртүрлі болмақ. Адамзат баласы бірінші рет вакцина жасап отырған жоқ. Микроорганизмдер ғасырлар бойы зерттеліп, мың мәрте тексеріліп, екпе жасау ісі жолға қойылған. Мысалы, VІ ғасырда «Юстинианова обасы» атауымен 100 миллиондай адамды жалмап, Еуропа тұрғындарының тең жартысынан астамын алып кеткен індетті тарих ұмытпайды. ХІХ ғасырда туберкулез тағы да сол Еуропаның төрттен бірін қармағына ілген жоқ па?!

Ең алғашқы екпе адамға 1897 жылы обаға қарсы салынған. Содан бері Еуропа мен АҚШ-ты қынадай қырған оба, шешек, полиомиелит сияқты індеттерді көбіміз ұмытсақ та, жұрттың көңілінде бір алаңның бары рас. Осынау сұрақтарға еліміздің клиникалық және іргелі медицина академигі, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев жауап берді.

«COVID-19-дан қазірдің өзінде 3 миллиондай адам қайтыс болды. Жаппай вакциналаусыз біз мұнан да көп адамды жоғалтамыз» дейді ғалым. Дәл осы күндері Алматыға QazVac вакцинасының 6 мың дозасы жеткізілгенін атап өткен жөн. Енді қала тұрғындары қазақстандық немесе ресейлік препаратты таңдай алады. Профессор Сәкен Әміреев қазақстандық вакцинаның сапасы әлемдік баламаларынан кем еместігін атап өтті. Ол вакциналарды салыстыруға болмайтынын, өйткені барлығы тиімді, қауіпсіз және сертификатталғанын алға тартты. Қазақстанда өндірілген QazVac вакцинасының бірінші партиясы Ал­маты қаласы Қоғамдық денсаулық бас­қармасының қоймасына келіп түсті. Жалпы алғанда, 6 мың доза (1 және 2 компонент) қалалық денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдары арасында бөлінген. Бұл 3 мың адамды вакциналауға жеткілікті.

С.Әміреевтің айтуынша, отандық вакцина инактивтендірілген, оның дозасы 0,5 мл/доза және бұлшықет ішіне енгізіледі. Құрамында SARS-CoV-2 тазартылған инактивирленген тұтас вирионды штамы бар. Мұндай вакциналар дене температурасын көтермейді және жеңіл асқынуларға ие. Спутник V сияқты, бұл да екі компонентті және 21 күндік интервалмен енгізіледі.

«Әлемде бүгінгі таңда бұл инфекция­ны жұқтырғандар саны 146 миллионнан асты. Осы кезге дейін коронавирустан шамамен 3 млн адам қайтыс болды. Егер халық әлі де күтіп, екпе салдырмаса, біздің қанша адамды жоғалтатынымыз белгісіз. Вакцина аурудың алдын алатынын есте сақтау керек. Бұл халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыруы үшін қажет. Эпидемиология заңы бойынша иммундық қабат пайда болуы үшін халықтың 60% және одан көп бөлігі вакциналануы қажет. Ұжымдық иммунитет осындай көрсеткіштер болған кезде қалыптасады», деді С.Әміреев.

Ол халқының 84%-дан астамы екпе алған Израиль мемлекетін мысалға келтірді. Жаппай вакцинаның нәтижесінде карантиндік шаралар ішінара әлсіреді. Осы мәселеге орай, халықты антиденелерді тексерудің соңында жүріп, қаражат пен уақытты ысырап етпеуге шақырды.

«Халық кейде екпе жасамау үшін себеп іздейді. Ауруды жасырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар коронавируспен ауырғандардың иммунитеті әлсіз екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан олар қалпына келгеннен соң 6 айдан кейін вакциналануы керек. Жалпы, вакцина әсері жақсы өтеді, вакцинаны алғандар өздерін жақсы сезінеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, халыққа жүгінгім келеді: вакциналаудан қорқудың қажеті жоқ, COVID-19 вакцинасы – алдын алудың сенімді тәсілі», дейді С.Әміреев.

Білім және ғылым министрлігінің сайтында QazVac-тың коронавирус инфекциясына қарсы инактивтендірілген вакцинасымен егілгендердің жақсы жасушалық иммундық жауабы туралы ақпарат келтірілген. Бұл вакциналанған адамдарға аурудан сенімді қорғауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар QazVac вакцинасы вирустың барлық мутацияланған штамдарына төтеп бере алады. Инактивтендірілген вакцина толығымен вирионнан жасалған және онда ақуыздардың барлық спектрі сақталған, сондықтан кез келген мутация кезінде QazVac вакцинасынан кейін қалыптасқан антиденелер вирусты таниды, оны залалсыздандырады және жаңа вируспен кездесу жағдайында инфекция туралы ақпаратты сақтайды. Осылайша, қазақстандық QazVac вакцинасы жоғары сенімділікті, тиімділікті көрсетті және жаппай қолдануға ұсынылуы мүмкін.

egemen.kz
04 мамыр 2021 ж. 266 0