Қос майданның жеңімпазы
Батыстан оянған аждаһаның арыны қатты еді. Тыныш жатқан елді шырт ұйқысынан оятты. Ешкім ешнәрсені түсінбеді. Бар білетіндері – бас сауғалау. Қарша жауған оқтан отбасын, өзін аман сақтау.
Бұл –1941 жылдың маусымы-тұғын. Соғыс өрті тұтанды. Қолына қару алуға жарайтын азаматтар бірінен соң бірі әскер қатарын толықтырып, неміс басқыншыларына қарсы ұрысқа аттанып жатты. Солардың бірі де бірегейі Бисенбай Бөлекбаев болатын. Ол 1923 жылы Қазалы кентінде жарық дүние есігін ашқан. Балалық шағы қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келген жеткіншек ерте есейді. Әкесі Бөлекбай мен анасы Жібектің тәлім-тәрбиесімен біреудің ала жібін аттамауды санаға сіңірді. Содан да шығар қай нәрсені де ақылмен шешуді қаперде ұстады.
Фашистердің құтырған уақыты. Алдындағының бәрін жайпап, орнын күлге айналдырған жау сол кездердегі кеңес үкіметінің астанасы Москваға қол жетім жер қалған. Бисенбай атқыштар сапында снайпер курсын бітіріп, қырғиқабақ соғысқа кірісіп кетті. Құралайды көзге атқан мергендігімен қаруластары алдында абыройы артқан жауынгер кейіннен Беларусь, Польша жерін азат етуге атсалысы. Жалпы, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген тәмсілді жүрек кестесіне тоқыған майдангер қаншама қалаларды дұшпан езгісінен құтқарып, жас-кәрінің алғысына кенелді. Жорық жолында тайсалмастан алға жылжыған аяулы жан әркез мергендігімен дараланып, қаншама немістің жымысқы қадамына тосқауыл жасады.
Иә, Бисенбай Бөлекбаев қос майданның жеңімпазы десек, артық айтқандық емес. Германия жеріне жеңіс жалауын желбіретіп, туған жерге келген соң қазыналы Қазалыдан айдынды Аралға қоныс аударды. Яғни, өндірісті өлкеде балық шаруашылығының өркен жаюына тамшыдай болса да өз үлесін қосып, кеме жөндеу зауытында ұзақ жыл зейнеткерлік жасқа келгенше қызмет атқарды. Тапсырмаға тиянақтылығымен озаттар қатарынан орын алған Бисенбай қай уақытта да мен майдангермін деп кеуде керген жоқ. Адал термен төккен еңбегімен жұбайы Гүлжаһан екеуі тату-тәтті ғұмыр кешті. Бас-аяғы 12 баланы дүниеге әкеліп, оларды жақсылыққа үндеді.
Ерлік қашанда ел есінде. Бүгінгі таңда жеңістің 76-шы көктемі келді. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Майдангер ұрпақтары аудан айнасына баланған «Толқын» газеті редакциясына бас сұғып, аталарының ерлікке толы өмір жолын насихатталса дейді. Бұл да жөн шығар. Себебі, ерлік –елге мұра. Біздің осындай баянды да бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз осы қару асынған аталарымыздың жанкешті тірлігі екенін сезінуіміз керек. Сіздерге мың тағзым майдангерлер!
А. ЖАЙШЫЛЫҚ