Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда қаласының әкімі үндеу жариялады

Қызылорда қаласының әкімі үндеу жариялады

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев коронавирусқа қарсы екпе алуға үндеу жариялады.
Құрметті жерлестер!

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты еліміздегі қалыптасқан қиын кезеңнен жақсы хабардарсыздар. Бұл дүйім жұртты дүрліктіріп, дерт дендеген уақытта саулықтың кепілі сақтықта екендігін түсініп, барлығымыз елдің амандығына алаңдап, жақынымызға жанашыр бола түстік. Алайда қауіпсіздікті ұмытып, босаңсуға, бейқамдық танытуға әлі де ерте. Індетті жеңу үшін бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтай отырып, сақтық шараларын қатаң ұстанып, жеке бас пен жақындарымыздың, қоғамның қауіпсіздігіне жоғары жауапкершілікпен қарауды осы қалыпта жалғастырғанымыз абзал. Қоғам болып жұмылсақ қана індетпен күресте жақсы нәтижеге қол жеткізетіндігімізді дәлелдеп келеміз.

Сонымен қатар қауіпті індетті жеңіп шығу үшін вакцина егудің де қажеттілігін естен шығармай, өз денсаулығына, жақындарының амандығына алаңдаған әрбір қызылордалықтың вакцина салдырғаны маңызды.

Бүгінде қала бойынша 30 мың 203 тұрғын коронавирусқа қарсы вакцина алып үлгерді. Қала бойынша 10 емханада екпе салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мен де 60-тан асқан шағымда өзімнің, отбасымның қауіпсіздігі үшін Спутник V вакцинасының 2 компонентін толық алдым. Денсаулығым бірқалыпты, екпе ағзама ешқандай теріс әсерін берген жоқ. Сондықтан қала тұрғындарын екпе алудан жүрексінбей, қоғам үшін маңызды бұл кезеңде вакцина салдыруда белсенді болуға шақырамын!

kyzylorda-news.kz​​​
11 мамыр 2021 ж. 441 0