Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпенің ешқандай кері әсері болған жоқ

Екпенің ешқандай кері әсері болған жоқ

Қазір еліміздегі ахуал тұрақсыз. Корнавирус індетінің кең етек алуына байланысты әлем елдерінің өзі абдырап тұр. Алғашында ауру ушыққанда үрей құшағында қалып «бұдан қалай құтылар екенбіз?» деген көптің пікірі бүгінде жоққа шығарылғандай. Себебі вирусқа қарсы күресетін қауқарға ие екпе табылғанымен, оны қабылдауға келгенде әлдебір қауесеттерге сеніп, бас тартып жатқандардың қатары көбеюде.
Әрине елімізде қанша адам болса сонша пікір бар. Бірі екпенің зиянын айтып дабыл қақса, енді бірі «бұл індет жоқ» деп айды аспаннан бір-ақ шығаруда. Егер сол індет жоқ деген күннің өзінде әлемнің алпауыт елдері осы бір індеттің жайылғанын айтып дабыл қаға ма?! Тіпті өркениеттің алдына шығып, жетекші елге айналған Германия, Америка, Жапония, Франция, Қытай сынды елдердің өзі күн сайын сан мыңдаған отандастарынан көз жазып, дәрменсіздің күйін кешкені көз алдымызда. Демек әлемді жайлаған індет бар. Ал одан құтылудың жалғыз жолы – індетке қарсы вакцина салдыру.
Қазіргі таңда аудан бойынша 5 мыңнан астам азамат екпе салдырды. Олардың қатарында екпенің екі кезеңін де салдырған азаматтар бар. Қазіргі уақытқа дейін екпеден кейін денсаулығына шағым айтып, елді дүрліктірген азаматтар болған жоқ. Олай болса екпе салудың қай кезеңі болмасын азаматтар үшін жақсы өтіп жатыр деген сөз.
Өзім де екпенің алғашқы кезеңін салдырдым. Алғашында аздап қобалжу болғаны рас. Себебі сананы улайтын сан мың ақпараттардың қазір өршіп тұрған уақытты. Бірі – вакцина алу белсіздік пен бедеулікке алып келеді десе, енді бірі – адам өліміне дейін алып барады деген пікірде. Десе де, өз басым көпшілік ортада жүргендіктен ұжымдық иммунитет қалыптастыруға аз да болса үлес қосайын деген ниетпен екпе салуға шешім қабылдадым. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Ауырсыну немесе температура беріп, дененің дел-сал болуы сынды әсерлер байқалмады. Меніңше ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын іздейтін әрбір азамат осы жолды таңдауы керек. Дұрысы саулық негізі сақтықта екенін естен шығармаған абзал.
А. БИСЕНОВ
12 мамыр 2021 ж. 475 0