Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатшылық құрылысқа да жетті

Қымбатшылық құрылысқа да жетті

Кешқұрым құлаған шарбақ тіреуіне ағаш керек болып үйдің жанындағы құрылыс материалдарын саудалайтын орынға бардым. Атшаптырым аумақты алып жатқан алып қоймаға еніп кеткенім сол еді, жіптіктей жинаулы ағаштар, түрлі-түсті төбе жабындылары. Қаз- қатар тізілген қоймалардың аузын қара құлыптар күзетіп тұр. Кешкі сағат 19.00 шамасы. Жан баласы байқалмайды бұл маңда. Аралай жүріп қаншама миллионның дүниесін күзететін қарауыл кісіге жолықтық. Заттардың бағасын білмейтінін, иелерінің рұқсатынсыз босата алмайтынын жеткізді. Содан не керек, иесінің телефон нөмірін тауып, қоңырау шалдық. Арғы жақтан естілген жуан дауыс бейтаныс нөмірді тосырқай қабылдағанға ұқсайды. Жағдайды түсіндіріп, ағаш керектігін айттық. Сұраған ағаштың бағасын айтты да, тілге келместен тұтқаны қоя салды. Қайта қоңыраулатып айтқан бағасына 6 метрлік 10х4 ағаш қажет болды. Бір талы – 2800 теңге.

– Бірер жылдықта осы ағаштар 1200 теңгеден саудаланып еді, бұл қалай?
– Біздегі баға осы, бауырым. Себебін білгің келсе, Ақтөбе қаласындағы осы ағаштарды дайындайтын жердің мекенжайын айтайын, барып білсең болады.
– Қатып қалған баға жоқ шығар, сәл арзандатуға болмай ма?
– Саудаласпай-ақ қояйық, бауырым, алсаң баға сол, болмаса басқа жерлерден көрсең болады, – деп тағы да сөзге келмеді.
Амал жоқ, сол ағашқа мұқтаж болған соң айтқан сомасын ұсынып, ағашты алдық. Қажетімізге жарар-ау. Бірақ мұндай бағаны бұрын-соңды көрмеген соң еріксіз бас шайқағанымыз жасырын емес. Бірақ сенсек те, сенбесек те қазіргі бағаның болжамды бағасы осы. Нақты білгіңіз келсе, құрылыс материалдарын саудалайтын орындарды асықпай жағалап шықсаңыз болады. «Қымбатшылық» деген бақ барлығының басына қонып алған. Әзір ұшатын түрі жоқ.
Шыны керек, бүгінде нарықтық экономикамен қосарласып келген қымбатшылықпен бетпе-бет келіп тұрмыз. Басқа өнімдер төңірегінде айтпай-ақ қояйық. Осы құрылыс саласының өзін қып-қызыл қымбатшылық жайлағалы қашан. Осыдан 4-5 жыл бұрын «Там салғанның тамтығы қалмайды» деуші едік. Қазіргі бағамен там салуға да таудай қаржы керек. Онсыз ойдағыдай үй, бабы келісті баспана салу қиын. Сонымен құрылыс саласын жайлаған негізсіз қымбатшылық қайдан келді?
Осы Аралдың өзінде өзім білетін бернеше құрылыс материалдарын сататын орын бар. Барлығын болмағанмен, бір-екеуіне хабарластық. Әлеуметтік желіде үнемі жарнамасы шығып тұратын «Арал құрылысы» деген жерге хабарластық.  Есімін атамауды өтінген жас жігіт бізге жарытып мәлімет бере алмады. Себебі бағаны бұлайша шарықтатуды ол өз ойынан құрастырмаған. Қоймаға келген әр тал ағаштың өз жерінен жоғары бағада келіп жатқанын айтуда. Бұл жерге құрылыс материалдарының дені өзге облыстан келеді екен.
– Менің екі мың мен бес мың теңгенің арасында сатып отырған ағаштарымның бағасын Ақтөбе қаласындағы құрылыс материалдарының бағасымен салыстырып көріңіз. Айырмашылықты өзіңіз бағамдайсыз. Меніңше, екі арадағы бағада айтарлықтай қымбатшылық жоқ секілді. Керек материалын бұл жақтан емес, басқа жақтан алдырған адам да екі ортадағы жолдың өзіне біраз шығындалады. Содықтан біздегі баға көкке шарықтады деп айта алмаймын. Негізсіз баға көтеруге жол бергіміз келмейді. Бірақ біздің де осы өнімдерден көретін пайдамыз азғантай ғана. Жеріндегі баға арзан болса, елдегі баға да қалтаға қонымды болар еді. Бірақ ондай дәурен өтіп бара жатқан сияқты. Қымбатшылық расында алқымнан алып тұр, – дейді кәсіпкер.
Қалай айтсақ та бағаға бақ қонды. Бұрын 1300, 1500 теңгенің айналасында сатылған 6 метрлік стропила ағаштар қазір 3000-3500 теңгеге бір-ақ шыққан. Ал цементтің қабы 2000 теңгеден босатылса, ұзындығы 6 метр болатын белдік ағаштардың құны қалың-жұқалығына қарай 5 мың мен 7 мың теңгенің көлеміне бір-ақ шарықтаған. Мұндай бағаны көзіміз көріп жүрген соң ба, айтуға да үйренісіп келеміз. Саудаға ебі барлардың осылайша бағы еселеніп, тіпті сөз сапырып саудаласқанды да жақтырмайтын деңгейге жеткен. Алсаң баға әне, алмасаң есік әне.
Темір жолдың шығыс бетіндегі тағы бір ағаш қоймасына бас сұқтық. Өзін Ердәулетпін деп таныстырған етжеңді, орта бойлы қараторы жігіт құрылыс материалдарын қазіргі бағамен әкелуді доғарып тұрғанын айтты. Көзге көрінген ағаш қоры да жақын күндері түгесілуге таяу. Жағдайды білмек болып сөзге тарттық.
– Шыны керек, мынандай қымбатшылық менің де жаныма батып барады. Сондықтан құрылыс материалдарын алдыруды әзірге тоқтатып тұрмын. Себебі жерінен қымбатқа келген материалдың үстінен мен де пайда көруім керек. Олай етіп бағаны шарықтата берсең, саудадан сән кетейін деп тұр. Әзірге қордағы ағаштарды түгескенше жұмыс істеймін. Сосын кәсібімді басқалай жолмен жалғастырып көремін. Ол да осы құрылыс саласына қатысты. Арнайы ағаш кесетін құрылғы алдырып, тұтынушының сұранысына сай түрлі деңгейде арзандау қылып кесіп беруді қолға алып көремін. Ағашты сырттан тұстастай алдырып, өзім түрлі пішінде кесемін. Меніңше, сол тәсіл өзіме де, тұтынушыға да тиімді секілді. Сұраныс жоғары болып жатса, қолдан келгенше сол кәсіпті ұлғайта бермекпін. Қалай болғанда менің де ойлайтыным өзімнің емес, езгенің де қамы. Қазір шыны керек, тұтынушыға қиын болып тұр. Құрылыс материалдарының бұлайша қымбаттауын өзім де түсінбей әлекпін, – дейді кәсіпкер Е.Бекарыстанов.
Жағдайдың мұндай болуының себебін білмек болып аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне қоңырау шалдық. Бірнеше мәрте шалған қоңыраулатқанмен, мардымды жауап ала алмадық. Қызметкерлері бір-біріне сілтеп, ойға қонымды ештеңе айта қоймады. Тек жабырқау көңілге жұбаныш болар жалғыс ауыз сөздері «ауданда құрылыс материалдарын өнідіретін өндіріс ошақтары жоқ. Кәсіпкерлердің барлығы заттарын өзге аймақтардан қымбат бағаға әкеліп жатыр. Құрылыс саласына келген қымбатшылыққа да негізгі себеп сол» дегені болды. Бұған да келістік. Біздің ой елге берілетін мәліметтің негізі болса деген ой ғой. Қалай айтсақ та, есебін тауып еселеніп жатқан қымбатшылықтың бүгін-ертең тоқтайтын түрі жоқ секілді. Осы аптада біздің бағамдаған бағамыз бен білмек болған жайымыз – осы. Қысқасы, қазір «көрпеге қарап көсілетін» заман болып тұр.
Түйін:Расында, ауданға құрылыс материалдарына қажетті заттардың дені басқа аймақтардан келеді. Жерімізге қымбатқа келген заттың бағасына нақты бір байлам жасау сондықтан да қиын болып тұр. Себебі өнімнің бағасы бүгінде күн сайын құбылып тұр. Әдетте біз арзан деп ауыз толтырып айтатын Ақтөбе қаласының өзінде құрылысқа қажетті заттарға қойылған шекті баға бас шайқатады. Осындай қымбатшылықтың кесірінен қара жердің құны да шарықтап шыға келді. Ал дайын үйлердің бағасы тым биікте. Бұлай жалғаса берсе, біздегі баспана мәселесі мен жердің жайы әжептәуір ауыртпашылық әкелгелі тұр. Бұл жағдайлар қарапайым халыққа ауыр тиіп тұр. Барлығы да баға алдағы уақытта арзандап, экономикада тұрақтылық байқалады деген үмітте. Себебі өзгенің өз-өзін жұбата тұрудан өзге жол жоқ секілді.

А. БИСЕНОВ
19 маусым 2021 ж. 535 0