Қызылордада мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында нысана көздеуден жарыс болды

Жарыстың бас төрешісі Жұмабек Дәрмен хабарлағандай, жарысқа Қызылорда қаласы мен аудан командалары қатысты.
Мақсаты – қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ҚР спартакиадасына облыс құрамасын жасақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дене дайындығын жетілдіріп, спортпен тұрақты шұғылдануға тарту.
Жарыс нәтижесінде жекелей сында ерлер арасында R-1 бағдарламасы бойынша Жалағаштан келген Азамат Нұрғали мергендік танытты. Сырдариялық Рахмет Нұрмағанбет – екінші, аралдық Мейрамбек Әлманов үшінші орындарды иеленді. R-2 бағдарламасында әйелдер арасында жалағаштық Салтанат Дәржанның мерейі үстем болды. Сырдариялық Сандуғаш Бакеева – күміс, аралдық Айман Сұлтаева – қола жүлделерге ие болды.
P-1 бағдарламасы бойынша ерлер арасында қызылордалық Александр Огай жеңіс тұғырына көтерілсе, жалағаштық Мұрат Тасберген екінші, сырдариялық Бекболат Қапанов үшінші орындардан көрінді.
P-2 бойынша әйелдер арасында Жалағаш ауданының спортшысы Гүлжанат Кеңесова алтын, сырдариялық Аякөз Әймен күміс, қызылордалық Роза Смағұлова қола жүлделерді еншіледі.






