Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйе бағу базасындағы ауқатты қазақ бақташы

Түйе бағу базасындағы ауқатты қазақ бақташы

Жақында Қытайдың «Ағажай-Алтай» порталында осындай тақырыпта ақпарат жарық көрді. Шыңжаңның Алтай аймағындағы Жеменей ауданы Шалшықай ауылының солтүстігіндегі 24 шақырым жердегі түйе бағу базасында қаз-қатар тізілген ірі тұрпатты бүркіп суару құрылғыларының жайылымды суарып жатқандығын байқауға болады.
Аталған түйе бағу базасының бастығы Досбол Базарқанұлы түйе бағу тәжірибесі мол азаматтың бірі. Ол Шыңжаң Уаңюан биоғылым-техника компаниясының қызметкері. Досбол базадағы отбасыларына ауланы тазалау, түйе сауу қатарлыларды үйретеді. «Қазір осы базада жиыны 2063 түйе бар, 50-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Олар айына 3600 юань жалақы алады. 2019 жылы маусым айында құрылған бұл база аудан бойынша 1026 отбасы жайылымды жалға беру, түйе бағу, жұмысқа орналасу, пайдадан үлес алу қатарлы тәсілдермен отбасылық кірістерін арттырды. Сол арқылы бұл жердегі әр адамның айлық кірісі орта есеппен 6000 юаньнан асты (390 000 теңге көлемінде)», деп жазады қытайлық БАҚ.
База ішіндегі «Түйе бағымшылығы бақшасы» деп аталатын сауда дүкенінің қожайыны Жаңанұр Керімқызы бір жағынан кесте тігеді екен. Жаңанұр мен жолдасы түйе бағу базасының тұрақты қызметкері. Олар айына 7000 юаньнан астам (455 000 теңге көлемінде) еңбекақы алатынын айтады. Бос уақыттарында ерлі-зайыптылар база ішінде дүкен, асхана ашады. Айта кету керек, бұл арадағы қазақ малшылар ежелден бері түйе бағуды кәсіп еткен. Жуырдағы жылдардан бері бұл кәсіпті белсенді дамытып, «бірлескен кооператив, бағымшылық базасы, түйеші отбасылар» сынды түйе бағудың бизнес формасын қалыптастырып, аталған кәсіп арқылы халықтың табысын көбейтуді жедел ілгерілеткен.
(Өз тілшімізден)
03 шілде 2021 ж. 463 0