Цифрландырудың халыққа қызмет көрсетудегі маңызы

Туу туралы куәлікті алу үшін арнайы мекемелерді жағалап, уақыт кетірмейсіз. Ешқайда бармай-ақ, перзентхананың өзінен SMS-ке жауап беру арқылы құжат тапсыруға болады. Құжат тапсырылған кезде бір реттік құпиясөз ұялы телефоныңызға келеді. Бір реттік құпиясөз дегеніміз азамат белгілі бір қызметті алу үшін сұрау салған кезде СМС арқылы ұялы телефонға келетін хабарлама. Сұрау салушының телефонына келген тексеруші құпиясөзді e.gov.kz порталында енгізу қажет. Осы кезде пайдаланушының нөмірі мобильдік азаматтар базасында тексеріліп, базадағы нөмірмен сәйкестігі расталып, сұрау салған қызметке бірден жауап беріледі. Мобильдік азаматтар базасында тіркелу үшін порталда «Жеке кабинетке» кіріп, «телефон» деген бағанада ұялы телефонның нөмірін көрсету қажет.
Алыс ауылдарда тұратын аналар көбіне қалаға келіп босанатыны белгілі. Олар баланың құжатын бірден ала алмайтыны анық. Сол үшін босанар алдында өздерінің ұялы телефондарынның нөмірлерін e.gov.kz электрондық үкімет порталына тіркетіп алса, ешқандай қиындықтар туындамасы анық. Себебі ана босанғаннан бастап перзентхана қызметкері нәрестенің дүниеге келуін электронды жүйеге тіркеген сәттен ұялы телефонына SMS хабарлама арқылы құттықтау жіберіліп, туу туралы куәлік алуға ұсыныс түседі. Сол кезде ата-ана ұялы телефоны арқылы келген SMS -ке жауап беріп (баланың аты-жөнін жазады) құжаттың дайын болу жөніндегі SMS жауабын күтеді. Дайын болған құжатты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен (Бақтыбай батыр №58 үй, 2 қабат, 4 кабинет) келіп алады.
Айта кетерлік тағы бір жайт, туу, неке қию туралы қайталама куәліктерді де электрондық үкімет порталы (e.gov.kz) арқылы тапсырып, тез арада уақыт жоғалтпай алуға болады.
Алдағы уақытта электронды үкіметті (e.gov.kz веб-порталы) насихаттау жұмыстары одан әрі жалғасын табатын болса, тұтынушылар санының артатыны анық.
Е. ДАБЫЛОВА,
Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық
хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы