Ауыл халқының алғысы ерекше

Қай уақытта да сын сағатында бір-біріне қолдау білдіріп, жанындағыларға жанашырлық танытқан жүрегі жомарт жандардың кешегі үлгісі жойылмады. Халқымыздың қанымен дарыған осы қасиетін құрметтеп, өзгеге үлгі етіп келе жатқан жандардың қатарында көршілес Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданы, Жайсаңбай елді мекеніндегі "Ақәділ" шаруа қожалығының төрағасы Арман Нұрекешов те бар. Ол қуаңшылық жағдайында көмек ретінде ауданға шөп жіберді. Нақтырақ айтар болсақ, Аққұм ауылдық округінің орталығы Шижаға ауылына 2000 прес шөп жеткізіп, оны 100 отбасыға үлестірді. "Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің" демейді ме?! Қиын сәтте қолдау көрсеткен азаматқа ауыл тұрғындарының алғыстан басқа айтары жоқ. Шаруа қожалығының төрағасына еңбегінің табысты болуына тілегін жеткізіп, ақ батасын беруде.
"Бітер істің басына, жақсы келер қасына" дегенді де естен шығармаған жөн болар. Осындай ауқымды істің бастамашысы болып, тіршілігі малмен байланысты ауыл тұрғындарының мал азығынан тапшылық болдырмау үшін ұйымдастырушылығымен танылған ауылдық округ әкімі Нұрбек Жандәулетовтің еңбегі ерекше. Ол өзіне артылған сенімді жауапкершілікпен атқарып, елдің ықыласына бөленді. Ердің азаматтығы сыналар сәтте іскерлігімен көзге түскен Нұрбек баламызға ауыл тұрғындары батасын беріп отыр. Халықтың жағдайын назардан тыс қалдырмаған атқарушы билікке берер бағамыз жоғары. Алдағы уақытта мұнан да үлкен жұмыстар атқарылатынына сенімдіміз.

"Толқын" ақпарат