Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирустан сақтанудың тиімді жолы – егу шарасын жасату

Коронавирустан сақтанудың тиімді жолы – егу шарасын жасату

Коронавирус инфекциясының әлемді әбігерге салғанына да бір жарым жылға жуық уақыт болды. Өткен жылы ауру алғаш тіркеле бастағанда адамдар сақтық шараларын қатаң сақтап, бұл аурудың  қауіптілігін жете сезінсе, биыл әлем бойынша  ауру деңгейі өсіп, коронавирустың түрлі өзгерген штамдары пайда болып, олардың ауру жұқтыру қабілеті артып отырса да, өкінішке орай  халық сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Соның салдарынан әлем бойынша, оның ішінде біздің елімізде де  ауру деңгейі еселеп өсуде, республика бойынша күн сайын 6500-ге жуық адам ауырып, ауру деңгейі шарықтап кетті.
Аудандағы эпидемиологиялық ахуалға ойысар болсақ, ауданда қаңтар айында ауру тіркелген жоқ, ақпан айында– 9, наурызда  – 10, сәуірде  – 60, мамырда – 52, маусымда 38 ауру тіркеліп, ауру деңгейі енді бәсеңдеді ме дегенде, маусым айының аяқ шенінен бастап ауру қайта белең алып, бүгінгі таңда шілде айының 25 күнінде 166 ауру тіркеліп, ауру өткен аймен салыстырғанда 4 есеге өсіп кетті. Шілде айында тіркелген аурулар арасында айқын  клиникалық белгілері бар науқастар көбеюде, бір отбасынан 2-3 адамға дейін бір мезгілде ауырып, ауруханаға жатқызылуда. Өте алаңдатарлық жағдай, жас сәбилер арасында аурудың клиникалық белгілері бар сәбилер анықталып отыр. Бүгінгі  таңда  1-3 айлық аралығындағы 3 сәби ауруға шалдығып, ем алуда.
        Коронавирус инфекциясының клиникалық белгілері де өзгеруде, іш өту, іштің бүріп ауыруы, асқазанның  ауыруы, құсу белгілері секілді клиникалық белгілер жиі анықталуда, дене қызуы көтерілмесе де  рентген суреттерде  пневмония анықталып, ауру өкпеден қысып, науқастар ауа жетпей қиналып жатқан жағдайлар да жиі кездесіп отыр. Бұл жағдайлар вирустың  ешқайда кетіп қалмағанын, қайта өршелене қайта соғып, адамзатты үлкен сынақтан өтуге мәжбүрлеп жатқанын байқауға болады.
         Бұл тажалдан құтылудың ең тиімді әрі төте жолы – коронавирусқа қарсы егу шарасын жасату. Егілмеген адамның да  ағзасында иммундық жүйелер ауруға қарсы күресуге тырысады, бірақ иммундық жүйе вирусты  «танып», оған қарсы антиденелер түзілгенше 5-6 күн уақыт өтуі мүмкін. Ол кезде егер адам түрлі созылмалы аурулармен ауыратын болса немесе иммунитеті төмен болса, вирус тез арада көбейіп, ағзаны әлсіретіп жіберуі мүмкін. Бұның соңы өкпе-қан тамыр жүйелерінде түрлі асқынуларға апарып соқтырады.
Ал вакцинаның толық екі кезеңін  алып, 42 күн өткен соң иммунитет толық қалыптасқан адамдар ауру жұқтырған жағдайда иммундық жүйе тез арада іске қосылып, вирусты жоюға кіріседі. Сонымен қатар вакцина құрамындағы  антиденелер  вирустың сыртқы қабатындағы ауру  шақыратын  S белокты  арнайы жоюға бағытталған, ал егілмеген адамның иммундық жүйесіндегі антиденелер жалпы вирустың басқа да белоктарымен күресіп, күшін босқа сарп етеді. Егілген адамдардың да ауру жұқтыруы, ауыруы мүмкін, оның бәрі ағзаның иммунитет қалыптастыру қабілетіне, адамның иммундық жүйесінің мықтылығына, адамдарда түрлі созылмалы аурулардың бар-жоғына да байланысты болады. Дегенмен егілген адамдарда ауру жеңіл өтеді, ауыр зардаптарға апарып соқтырмайды. 
        Сөзімді қорытындылай келе, «Жақыныңа жанашыр бол» деген сөздің мағынасына терең үңіліп,  ауруды отбасымызға апармау үшін той-садақаларға бармай, қоғамдық орындарға барғанда бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, ең бастысы өзіміз ауырмас үшін коронавирусқа қарсы егу шарасын жасатып, өзімізді де, отбасы мүшелерін де аурудан қорғайық дегім келеді. Аудан халқының 70 пайызы коронавирусқа қарсы егілгенде ұжымдық иммунитет қалыптасып, вирус әлсіреп, ауру деңгейі төмендейді, сол кезде ғана  бұрынғы қалыпты өмірге тезірек оралуға болады. Сондықтан ауызбіршілікпен бұл ауруды еңсеруге күш салайық, ағайын!
О. МОШАНОВ,    
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бөлім басшысы
30 шілде 2021 ж. 369 0