Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылда да ұялы байланыс бар

Ауылда да ұялы байланыс бар

Заман иірімі саусақ ұшына келді. Қазір тұяқ серпімей-ақ сан саланың хабарын алып, айшылық алыс жолдарға жететін хат-хабарды көзді ашып-жұмғанша алуға немесе беруге мүмкіндік туды. Тұтас ғұмыры аттың жалында, түйенің қомында өткен бабаларымыз бәлкім осы заманды аңсаған шығар. «Қашан айшылық алыс жерлерге жылдам хабар жеткіземіз» деп ой үстінде жүрген болар. Қазір адамзат баласы уақыттың қадірін білмейтін деңгейге жетті. Бұрын қазақ даласына айлап тарайтын маңызды оқиғалар мен түрлі хабарлар қазіргі уақытта мезгілге жетпей ескіріп қалатын жағдайға жетті. Тіпті әлемнің түкпір-түкпірінде орын алған жаңалықтардың өзін кірпік қаққанша естіп-біліп отырмыз. Міне, осының барлығы ғаламтордың ғажайыптары емей немене?Хош... Әр заманның ақиқаты, өзіндік бір жетістігі бар. Біздің бала күнімізде тұтқасының өзі бас жаратындай сүйегі мықты сым жалғанған үй телефондары болды. Ол да ауыл бойынша бір ғана үйде. Нөмір теретін болсаңыз тетіктерді баспайсыз, ортасындағы дөңгелек санды бұрайсыз. Сөйткен еңбегіңізге терген нөмір ала қойса жақсы. Желі дұрыс болмайды. Кейін жаңа ғасырдың бас кезінде салмағы ауыр ұялы телефондар қолданысқа енді. Бір қарағанда пішіні кірпіштей көрінетін. Тек тілдесуден басқаға жарамайды. Онда да байланысқа бірлік салу мен басқамен сөйлесудің өзіндік машақаты болып еді. Сол ұялы байланыстың алғашқы қарлығаштарының орнын ашылып-жабылатын түрлі-түсті жазулары бар телефондар алмастыра бастады. Кейін сенсорлы телефондардың дәуірі басталды. Ал қазір сол сенсордың жетілген түрлері адамға қажеттінің барлығын жасай алатын жағдайға жетті. Бұл  – енді заманның дамығанының белгісі.
«Елу жылда ел жаңа» деген тәмсілдің растығына көз жеткізгіңіз келсе, сәл кейінге шегініс жасап, өткен мен бүгінді салыстырып көріңіз. Нақ солай. Ел жаңарды. Қала тұрмақ ауылдардың өзіне ұялы байланыстың биік мұнаралары орнатылып, бұрын ұялымен тілдесу ойына кіріп-шықпаған ағайынның қазіргі күні көрген түстей болып жүр. Біз «Цифрлық Қазақстан» деп айдар таққан мемлекеттік бағдарламасы бүгінде көптеген елді мекенді өркениет көшіне ілестірді. Сол бағдарлама шеңберінде 2020 жылдың соңына дейін Арал ауданы бойынша 13 елді мекенге (Жіңішкеқұм, Жаңақұрылыс, Тоқабай, Абай, Ерімбетжаға, Құланды, Жаңақоныс, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты, Жалаңаш, Сазды, Ақбай) Kcell және Beeline операторы арқылы байланыс орнатылып, мобильді интернетке қол жеткізілді.
Иә, «Біткен іске сыншы көп» демекші, ұялы байланысқа қол жеткізген сол ауылдарда байланыстың нашарлығы жайында әрұдай пікірлерді естіп жатамыз. Бірақ «бұдан да жаманымда тойға бардым» деген қазақтың тәубешіл сөзі кейде қаперімізден шығармағанымыз жөн. Әйтпесе нашар байланыс тұрмақ, төбе-төбені жағалап, байланыс бейнетін бір кісідей-ақ көріп жүрген күндердің қасында аталған ауылдардың жағдайы жақсы деуге келетін шығар. Әсіресе Құланды, Ақбасты, Ақеспе сынды шалғай ауылдарда амалдайтын байланыстың бар болғаны жақсы. Әрине, орнатылған байланыста мәселе жоқ емес бар. Бірақ ол жабулы қазан жабулы күйінде қалады деген сөз емес. Техникалық ақауларына байланысты жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жүргізілетінін жауаптылар үнемі айтып жүр. Бастысы, бәріне уақыт емші.
А. ҚАРАСАЙ 
03 тамыз 2021 ж. 433 0