Мұз иісі аңқыған мұзқалалар
Мұзқаланың мұздары-ай... Есіме түссе кейде тамсанып қоямын. Қақаған қыстағы мұзды кім көрген жоқ. Ал қара қарғаның миы айналатын шіліңгір шілдедегі мұз ше? Бұл мұздың өзгеше бір иісі болатын еді. Сол иіс аптабыңды басып, аптығыңды сап тыйдыратын. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың ортан белінде ес жиып, айнала дүниеге көз тоқтатып емекси қарайтын жасқа келген кезіміз. Туған жердің, туған қаланың әрбір нәрсесі әп дегеннен көңілге орнығып жатталып қалатын болған. Сол танып білгендеріміздің бірі – Аралдағы мұзқалалар. Ерте көктемнен сары күздің ақырына дейін мұз арылмайтын орындар. Бізден кейінгі толқындар мұзқаланы көрмегені шындық. Әр уақыттың өзінің белгілері болатынын осыдан-ақ көруге болады.Жағалауға үйіріле қонған шап-шағын Арал қаласының оңтүстік бетінде ұлы теңіздің көкпеңбек айдын шалқары көз жетпес көкжиекпен астасып керіле созылып, көсіліп жататын. Алты-жеті жасар бала болсақ та, теңіз жағасына күніне бір рет келіп, толқынымен ойнап, ыстық күнде мөлдір суына бір шомылмай қайтпаймыз. Өйткені үйіміз теңізге жақын еді. Көшенің басына шықсақ теңіз көрініп тұрады.
Теңіз жағасындағы аппақ құмды маңайды ол кезде аралдықтар «піләж» дейді. Піләжді қазіргі тілмен айтқанда жағажай. Тап-таза бір шаңы жоқ ақ құм. Күнде піләжға келіп, теңізге шомылып алып, жағажайда тыриып-тыриып жатамыз. Бірде шыжыған күннің ыстығы өткен ересек балалар атып-атып тұрып:
– Мұздай су ішеміз, – деп бірінен соң бір атып-атып тұрып, жүгіре жөнелді. Ыстықтан аузымыз құрғап, тіліміз таңдайымызға жабысып жатқан кішкентай біздер де іздерінен ілестік. Жағалаудағы биік жарқабақтың төменгі бір тұсынан қылтиып шығып тұрған темір тұрбадан сыздықтай тамшылап су ағып тұр екен. Балалар апарған бөтелкелеріне сәл отырып құйып алып, кезектесіп ішіп жатыр. Мұп-мұздай су шымырлап шекеңнен шығады. Тісің сырқырап кетеді. Дегенмен салқын судан шөліміз қанып, рахаттанып-ақ қалдық. Рас, судан аздап шалаңның ба, ызаның ба дәмі шығады. Үйде күнде ішіп жүрген дарияның суынан (ол кезде қала Сырдарияның суын ішеді) бөлектеу. Жұп-жұмсақ су...
Жарқабақтағы тұрбадан сыздықтап аққан бұл су қайдан келетініне әдепкіде мән бермегенбіз. Кейін барып білдік.
Бірде бір топ бала жапырлай жүгіріп келгенбіз. Тұрбадан жылымшылап ағып тұрған су жоқ. Ересек балалар бастап өрмелеп жарқабақ басына көтерілдік. Сөйтсек үлкен бір аумақты көтеріңкі қылып топырақ үйген екен. Арғы жағындағы қазылған тұсында сойдиған-сойдиған қамыс пәшіндердің астынан төмен түсетін еңіске келсек, басына ақ орамал байлаған, күртелі бір қартаңдау кісі қарсы шығып:
– Не іздеп келесіңдер? – деді
– Аға, мұз жейік деп едік... – деді балалар жарыса. Әлгі кісі созалаңдай басып төмен түсті. Біз де соңынан ілесе ердік. Қара көлеңкелеу төменге түскенде денемізді бір салқындық қарып өткендей болды. Ыза топырақ жалаң аяғымызды тоңдырғандай. Бір-жар бала «ищай» деп қалды. Бір үлкен ағаш зембіл үстінде кірпіштей-кірпіштей мұз кесектері тұр екен. Үлкен балалардаң екі-үшеуі бір-бір кесек мұзды алды. «Болады енді» деп егде кісі бұрқ ете қалды. Бұл жердің арғы түпкі жағы сіресіп қатқан үш-үш жарым метрдей мұз қабырғалар сияқты. Әр жерінен үңгілей ойылған. Сол жақтан сұп-суық леп маңдайға соғады, денені түршіктіреді.
Сыртқа көтеріліп шыққан балалар мұзды бір-біріне ұрып көсектеп бөліп беріп жатты. Бір-бір мұздақпен шөлімізді басып, теңіз жағасындағы ақ құмға қайта келіп, сұлай-сұлай кеттік. Төбеден мыс күн шақыраяды. Ұртымызда тұла бойымызды сергіткен бармақтай-бармақтай мұз...
– Бұл мұз қайдан шықты? – деп сұрасақ, білетіндер түсіндіріп жатыр. Жаңағы жарқабақтың үстіндегі үлкен кепе – мұзқала. Ішінде жаздай мұз болады. Қыста теңіз суы қатқанда ойып әкелініп салынады екен. Бұған түсіндік. Бірақ күнде өзіміз жұтып қойғанда көріп жүрген ап-ащы, кермек судан қалай тұщы мұз шығатынына миымыз жетпейді. Бұл мұзқаланың мұзын қаланың мекемелері алады екен. Әлгі төмендегі біз ішіп жүрген салқын су мұзқаланың қалың мұзының еріген суы там-тұмдап тұрба арқылы сыртқа тамшылап тұрады екен.
Есейе келе мұндай мұзқалалардың Арал теңізі жағалауларында айнала қоныс тепкен балықшы ауылдардың бәрінде бар екенін көрдік. Сол заманның керемет тоңазытқышы еді. Судан ауланған балық сол мұздар арқылы сақталады. Қалаға тасымалданады. Өйткені балық дегенің жазғы ыстықта бір күнге де жетпей бұзылып кетеді. Ал мұз балықшылардың еңбегін рәсуа қылудан сақтайды. Және де ауыз суы жоқ кей ауылдар жаздай мұзқаланың мұзын ертіп ас-суына пайдаланады.
Иә, балықшы ауылда мұзқала балық сақтайтын орын. Осы турасында белгілі азамат Қуанышбай Ердіхалықовтың «Тарихы кенен Көкарал» кітабында жазылған екен: «Жаздың ми қайнатар ыстық айларында ауланған балықты Аралдағы балық тресіне жібергенше көнеріп, бұзылып кетпес үшін бірден мұзқалада сақтайды. Ол кезде қазіргідей тоңазытқыштар атымен жоқ. Мұзқала үшін ұзындығы 30 метрдей, ені 20 метрдей астам жерді қазады да, ішіне көл әбден қатқан кезде мұзшылар ұзындығы 90 см, ені 60-70 см мұзды текшелей ойып, шанамен сүйреп әкеліп, әкелінген мұзды ішіне қалап толтырып, арасына аязды қыста су құйып тұтастыра қатырады. Болғаннан кейін бетіне бөренелер салып, үстін қалың етіп қамыс, шалаңмен жауып, балшықпен бастырады. Сол қыста қатырылып жиналған мұз келер жылғы қысқа дейін сақталады. Ауланған балықты осы сап-салқын боп тұрған мұзқаланың ішінде сақтайды. Кемелер қалаға жеткенге дейін балық бұзылмас үшін жас балықты мұз араластырып тиейді. Жұмысшылар мұзқала ішінде үстеріне қыстық киімдерін киіп жұмыс істейді. Өйткені мұзқала іші мұз ерімейтіндей сұп-суық болады» деп автор өзі көрген Көкаралдағы балықшылар ауылындағы мұзқаланы суреттеп береді.
Ертеректе Арал қаласындағы бірнеше ірі-ірі мекемелерінде өз мұзқалалары болғанын білеміз. Жергілікті жұрт «Маслопром» деп атап кеткен сүт қабылдау зауытында, өңір халқын тұрмыс-тіршілікке керекті барша азық-түлікпен, тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін сауда мекемелері – Арал аудандық балықшылар тұтыну одағында, қалалық сауда кооперативінде, Арал темір жолы бойында, сосын әрине, Арал мемлекеттік балық тресінің бас шаруашылығында түрлі деңгейдегі мұзқалалар болды. Олардың кейбірі сексенінші жылдарға дейін азық-түлікті, сүт және сүт өнімдерін, балық және оның өнімдерін сақтауда үлкен рөл атқарды. Өнімдердің тұтынушыға сапасы бұзылмай жетуін қамтамасыз етті. Қала балаларының қуанышы – балмұздақ шығаруда мұз аса қажетті болатын.
Балықшы ауылдарда мұзды колхоздың, аулау базаларының өз жұмысшылары әбден дағдыланып дайындайтын. Ал Арал қаласындағы мекемелерде қыста мұз дайындайтын жұмысшылар бригадаларының еңбегін пайдаланды. Олардың құрал-жабдықтары ағаш сапты лом-сүймендер мен мұзды ілмектеп алып тартатын басы үшкір имек темірлі бугор деген құрал. Мұз дайындаушыларды жұрт «ұшқыштар» дейтін. Әуелде түсінбей, кейін сұрастырып көрсем, ол «ледчик» деген сөздің «летчик» деген сөзге дыбыстың жақындығына қарай атап кеткен әзіл аралас атауы екен. Мұз дайындайтын кісілер Арал теңізі портының жүк тиеп, жүк түсіретін қайратты жұмысшылары болатын. Өйткені қыста навигация, яғни теңіз қатып кеме қатынасы тоқтаған шақта олар жұмыссыз қалып, әлгіндей бригада болып мұзшы (ледчик) болып жұмыс істейтін. Қыстың нағыз қақап, аязы шытырлап тұрған уақытында теңіз үстінде ық-панасызда мұз ойып, мұз дайындау өте ауыр жұмыс болатын. Суықтан жүздері қап-қара боп кететін.
Мұзқаланың мұзы теңіздің Арал қаласын кіріп жатқан қолтығынан дайындалады әдетте. Сосын машинамен қаладағы мұзқалаларға дайындалады. Желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында мұз тиеген машиналарды көшеден көруге болатын. Кейін теңіз тартыла бастады. Бұл тұста мұзқалаға кәдімгі су жүйесінен шлангамен су ағызып, қатырылып жататын. Бірақ бұлай дайындалған мұз жазда ойылғанда бұрынғыдай кесек-кесек болып емес, сынған әйнектей шытынап-шытынап майдаланып кететін.
Арал теңізінің жағалауында алғашқы мұзқалаларды өткен ғасырдың басында кәсіп етіп келген орыс, татар көпестері салдырды. Бірақ олар көлемі жағынан шағын, он шақты метрден аспайтын. Оны жергілікті жұрт «мұз кепе» дейтін. Ал үлкен, ауқымды мұзқалаларды 1935 жылы Атыраудан партия пәрменімен келген балықшылар жасады. Белгілі жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы өз жазбаларында «астрахандық» азамат, балық саласының майталманы, білікті басшы Сұлтан Смағұловтың Ауанда көлемді мұзқала салдырғанын сөз етеді.
Міне, қазіргідей үлкен тоңазытқыштар жоқ кезде теңіз жағалауындағы балық кәсіпшілігінде пайдаланылған мұзқалалар туралы біздің білетініміз осы. Сол мұзқалалардың мұзының сыз тартқан иісі мен дәмі әлгі күнге дейін ұмытылмай келеді...
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист