Қай вакцинаның тиімділігі жоғары?
«ОЛИМП» зертханасы коронавирусқа қарсы екпе алған науқастардың поствакциналық антиденелер талдауының нәтижесін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы зертхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Талдау 2021 жылғы 7 маусым – 4 тамыз аралығында елордадағы зертханада жүргізілген. Оған поствакциналық антиденелердің бар-жоғын тексеру үшін 962 адам талдау тапсырған. Олар 6 түрлі екпе алған.  «Спутник V» вакцинасын 866 адам, Hayat-Vax екпесін 58 адам, отандық QazVac вакцинасын 14 адам, CoronaVac екпесін 12 адам, Pfizer вакцинасын 9 адам, AstraZeneca екпесін 3 адам салдырған», - деп жазылған хабарламада.  Аталған зертхананың бас директоры Ерлан Сүлейменов талдаудың қорытындысы өзгеруі мүмкін екенін айтты. 
«Зерттеу нәтижесі бойынша «Спутник V» салдырғандардың 97%, Hayat-Vax –90%, QazVac – 79%, CoronaVac – 92%,  Pfizer және AstraZeneca – 100%  поствакциналық антиденелер анықталды. Әзірше зерттеуден өткен пациенттердің саны онша көп емес. Сондықтан талдау тапсырғандардың қатары өскен сайын көрсеткіштер айтарлықтай өзгеруі мүмкін», – деді басшы. 
Айта кетейік, поствакциналық антиденелерді тексеруге арналған талдауды вакцинаның екінші дозасын алғасын 3 аптадан соң тапсыру керек. Қазақстан, коронавирус, вакцина, екпе, тиімділік, зерттеу.
inbusiness.kz






		
		



