Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кіші Аралдың келешегі қалай болмақ?

Кіші Аралдың келешегі қалай болмақ?

2000-жылдары «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі аясында 13 шақырымдық Көкарал бөгеті салынып, кіші теңіздегі су деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеді. Теңізді қақ бөлген бөгеттің арқасында осы аймақтағы атакәсіп – балық шаруашылығы жандана бастады. БҰҰ-ның 2008 жылғы экологиялық қызмет туралы шолуында бөгет салынғаннан кейін қалыпқа келе бастаған өңір микроклиматы аймақ тұрғындары арасындағы аурушаңдық деңгейін біраз төмендеткені жазылды.
Шегінген теңізбен бірге ғайып болған 70-ке жуық көлдің жартысы қайта толып, байырғы қоныста тір­шілік түлеп сала берді. Алып айдын жаға­лауынан балық өңдейтін зауыттар салынып, кейінгі 15-20 жылдың көлемінде балық аулау көлемі 20 есеге арт­қанын да білеміз. Дәл қазір теңіздегі су көлемі 21,2 шаршы шақырым болып отыр. Осыдан 11 жыл бұрын дарияда су мол болғандықтан айдын да кемеріне келіп, 27 млрд текше метрге жеткен кезі болған. Содан бері теңізге түскен және Үлкен Аралға кеткен су шығындарының балансын жасауда шалқардың жыл сайын азаю динамикасы байқалады.
Арал-Сырдария бассейндік инс­пекциясы мәліметі бойынша ауқымы ұл­ғайған тұстағы айдын деңгейі 42,15 метрлік межеде тұрған. Қазіргі көр­сет­кіш – 41,64. Бірақ су көлемі 5 млрд текше метрге кем.
«Әрине, соңғы бір-екі жылда дарияда су тапшы болып тұр. Сонда да теңізге межелі көлемді құйып алуға тырысамыз. Көлемінде айырмашылық аз болғанымен, су айдынының айтар­лықтай азаюы кезінде жасалған теңіз координаттарын қайта нақтылау қажеттігін көрсетіп отыр», дейді Арал-Сырдария инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Дегенмен де биыл кіші теңіз­ге құятын су мөлшері қатты түс­­кені байқалады. Былтырғы ве­ге­тациялық кезеңде теңізге се­кундына 5-6 текше метр су жетіп тұрса, биылғы көлем – 0,5 текше метр. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комис­сиясының жыл басындағы бол­жамы бойынша сәуір-қыр­кү­йек айларында елімізге 4 млрд текше метр су келу кажет болса, бүгінге дейін келіп түскені – 1,8 млрд қана.
Теңізді аудандағы Ақшатау-Қамыстыбас көлдер жүйесі су тапшылығынан қатарынан екінші жыл қаңсып тұр. Осы аудандағы Қамбаш, Лайкөл, Саркөлдің жағалауынан жүздеген метрге жы­рақтағаны мал мен жанға қиын тиіп отыр. Осыған байланысты биыл аудандағылар каналдарды тазалау, су ұңғымаларын қазумен қатар Аманөткел ауыл­­дық округі аумағындағы «Бұр­ма­­құлақ» су арнасын бөгеп, Аспай су таратқышы арқылы сол маңайдағы көлдерді толтырып алудың қарекетіне кірісті. Бірақ дария арнасының төменгі са­ғасындағы Жаңақұрылыс, Қарашалаң, Қаратерең, Ақеспе, Құланды ауылдарындағы мыңда­ған тұрғын бұл онсыз да жыл са­йын аумағы тарылып келе жатқан Кіші Аралдың келешегіне кедергі болады деген ойда.
«Бұл – жазда Ақшатау-Қа­мыс­тыбас көлдер жүйесіндегі су деңгейін көтеру үшін салынып жатқан құрылыс. Бұдан кіші теңізге келер залал жоқ», дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат Жансұлтанұлы.
Қазір облыста су тапшы­лы­­ғының зардабын барынша азай­­ту үшін егістік алқаптарды әрта­рап­тан­дыру да қолға алын­ған. Бірақ күрішті қысқарту тығырықтан шығатын жол емес. Өңір экологиясы мен жердің мелиоративтік жағ­дайын бір қалыпта ұстап тұ­ратын өнімді аз егудің қатерін ма­мандар да жақсы түсінеді. Бұл жерде күрішті жоспардан ар­тық егетіндердің жолын кескен жөн. Ұзақ жылдан бері экология тақырыбын зерттеп жүрген журналист, қоғам белсендісі Айткүл Шалғынбаева осы мәселеге назар аударғанымыз жөн деген пікірде.
«Қайбір жылдары әуеден мо­ни­торинг жасау арқылы онда­ған мың гектар жоспарсыз егіл­ген кү­ріш анықталып еді. Ауыл­­шар­уашылығы, су саласы ма­ман­­дары, журналистер мен қо­ғам белсенділерінен комиссия жасақтап, осы тәжірибені қайта­лаған жөн. Оның қорытын­ды­сы ешқандай жасырып-жабусыз жа­рия етілуі тиіс», дейді әріп­те­­сіміз.
Дария етегіндегі елдімекен тұрғындарымен де хабарластық, Өзеннің теңізге құярлығындағы Қаратерең ауылының тұрғыны Мінажат Биманов көктемнен бері арна қаңсып, мал мен жанның мазасы қашып тұрғанын айтады.
«Біздің ауыл, оған жалғас жатқан Бөген мен Ақбастының, осы маңдағы біраз елді мекеннің бар тіршілігі – балық пен мал. Ауыл маңындағы Жыланды кана­лы­­ның арнасын өз күшімізбен та­за­лап, жайылымның жа­йын біршама реттегендей болы­п едік. Бірақ аясы тарылып, ба­­лығы азайған айдынға қы­лар қайранымыз болмай тұр. Ауылдағы балықшылар нәпақа іздеп айдынның тереңіне ке­тіп жүр. Осындай жағдайда «Бұрмақұлақ» су арнасының бөгелгені біз үшін өте қиын. Шыны керек, қазір болашағын болжай алмаған ауылдағылар абдырап тұр», дейді ақсақал.
Айтпақшы, «Сырдария өзе­ні­нің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына кел­тіру» деп аталатын екінші ке­зеңін қаржыландыру үшін Дүниежүзілік банкпен келісім бар. Былтыр жалпы құны 190 млн доллар болатын жобаның техникалық-экономикалық негіз­де­месін жасауға 1,5 млн доллар бөлініп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Дүниежүзілік банк арасында гранттық келісімге қол қойылды.
Бірақ биыл Сырдың суының сирақтан да келмей қалғанын көрген теңізді аудан тұрғындары көкейінде бұл жобаның жүзеге асарына күмән көбейіп тұр. Ал оның сейіліп, секемнің сенімге алмасуы үшін ел Үкіметі су саясатын күшейтіп, трансшекаралық өзенді пайдалануда көршілермен тиімді мәмілеге келуі тиіс.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ

egemen.kz
14 тамыз 2021 ж. 274 0