Дәстүрлі оқуды сағындық
2021-2022 жаңа оқу жылы дәстүрлі оқыту форматында басталатыны бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі ақпарат көздері арқылы баршаға белгілі болды. Бұл жаңалық оқушылар мен мұғалімдердің, ата-аналардың да қуанышын еселегендей. Жаңа оқу жылынан бастап мектептің "сәні кіреді" деп қуанған жұртшылықтан редакция поштасына хаттар келіп түсті. Оқырманымен бірге жасасып келе жатқан "Толқын" газеті 1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында көпшіліктің көкейіндегі ойларын басылым бетіне жариялауды жөн санадық.
Біз мектепті сағындық
Санаулы күндерден кейін 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі келеді. Бұл күн барлық балалар үшін асыға күтетін мереке. Себебі үш айлық жазғы демалыстан кейін қай оқушы болмасын өз сыныбына, достарына, мұғалімдеріне деген ерекше сағынышпен келеді. Әсіресе балалық қызықтары мен қуаныштары бірге өтетін сыныптастарын көріп, олармен емін-еркін, мәз-мейрам күйде қауышқан сәтке не жетсін!
Алғашқы сабақтан бастап мектепке асыға жеткен оқушылар ұстаздарына, достарына жаздағы көрген кереметтерін, демалысын қалай қызықты етіп өткізгендігін жарыса айтып, мақтанып қалады. Бірі сыныптастарының айтқан сөзінен, алған әсерінен-ақ өздері бармаған қалалардың қандай әдемі екенін көз алдына елестетіп, өздері көргендей күй кешсе, енді бірі ауылдың тамаша сәттерін әсірелей әңгімелеп, жанындағыларға қиялмен сапар шегуге мүмкіндік жасайды. Бұл күн осындай ерекшелігімен әркез бөлектеніп тұрады.
Бірақ биылғы 1 қыркүйек тіпті ерекше болмақ. Себебі біз коронавирустың салдарынан тіпті ұзақ уақыт сыныптастарымызбен мектеп партасында қауышқан жоқпыз. Рас, білім алдық, апайларымыздың, ағайлардың айтқанын онлайн форматта үйреніп, түсініп, сабақ оқыдық. Бірақ бұл мектеп қабырғасындағыдай әсерге бөлемейді. Тіпті ауырып тұрсақ та мектепке келгенде барлығын ұмытып, қуанышты көңіл-күймен қайтатын бізге бөлек көрінді. Мысалы, сыныптағы көптеген оқушылар түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алды. Мысалы, мен 3 сынып оқушылары арасында математика пәнінен өткен олимпиадада мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңінен І орынды жеңіп алсам, республикалық олимпиадада ІІІ орын иелендім. Мұнан бөлек, биден республика көлемінде, халықаралық деңгейде жеңімпаз атандым. Бірақ бұл қуанышымды сыныптастарыммен бір сыныптың ішінде бөлісе алмадым. Ал енді дәстүрлі оқыту форматы қайта қосылғандықтан, алдағы уақытта жеңістерімді достарыммен бірге қуанып, бірге мақтанатын боламын. Басқа достарымның да жетістігін бірге тамашалағым келеді. Себебі біз бір үйдің баласындай болып кеткенбіз. Ұстаздарымыздың да арқамыздан қағып, мақтағанын, маңдайымыздан сипап еркелеткенін қатты сағындық.
Амира Қалипа,
№14 мектеп-лицейдің оқушысы