Тазалықтың сақталуына көше комитетінің қосар үлесі зор
Аталған мәселені оңтайлы шешу бағытында әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аудан жұтшылығының көз алдында. Күні кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан орталығының санитарлық жағдайына тағы бір мәрте бақылау жүргізіп өткен болатын.
Тазалық жөні сын көтермей тұрған аумақтарды аралап көрген аудан басшысы қаладағы әрбір көше комитеттерімен жүйелі жұмыстарды үйлестіруді қолға алып, тұрғындар арасында тазалыққа аса мән беру бағытында түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет екендігін атап өтті.
Айта кету керек, қала төңірегін аралау барысында көзбен көріп, көңілге түйген жағдайлар көңіл құлазытады. Бір ғана мысал, өткен аптада ғана қоқыстан тазартылып, қоқыс тастауға тыйым салынатындығы жөнінде ілінген арнайы тақтайшалар орнатылған орындар қайта бәз баяғы күйге енген. Бұл жағдайдың қайталана беруі тұрғындарымыздың тазалық жөніндегі мәдениетінің төмендігін, өзінің өсіп-өніп, тіршілік етіп отырған ортасына деген жанашырлықтың жоқтығын, жауапсыздығы мен немқұрайлылығын аңғартып-ақ тұр.
Қарап отырсаңыз тұрғындарымыз тұрмыстық қалдықтарын бей-берекетсіз оңды-солды тастап кете барған. Ал сол қоқысты тиісті мекемелердің қызметкерлері (көпшілігі орта жастағы әйелдер) жинап жүргені. Бір жер бүтінделіп, жиналып жатса, енді бір жер керісінше шашылып жатады. Бір сөзбен айтқанда – тұрғындардың тазалық мәдениеті сын көтермейді. Тұрғындарда барлығын мемлекеттік органдар өздері істейді деген пікір қалыптасып, бойкүйездікке салынуынан бұл мәселе күн тәртібінен түспей келеді.
Адам – табиғаттың төл перзенті. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» демекші, табиғатқа қамқорлық, мейірімділік танытуда әрбір адамның жауапкершілігі үлкен маңызға ие.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі