Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан басшысы көше комитеттерімен бас қосты

Аудан басшысы көше комитеттерімен бас қосты

Жалпы қоғамдық тәртіп пен қала тазалығын қадағалау, белгілі бір аумақтың тұрақтылығын сақтау бағытында көше комитеттерінің атқарар рөлі зор. Бүгінде Арал қаласы бойынша құрылған көше комитеттері осы үдеден шығып, қоғамдағы маңызды мәселелердің оңтайлы шешілуіне біркісідей атсалысып келеді.

Осы орайда кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан орталығындағы көше комитеттерінің төрағаларының төрағасы Аманжол Жолмағамбетов бастаған бірқатар көше комитеттері Болатбек Жұбандықов, Егіншібай Жұбанбаев, Серік Жақсылықов және Жақсыбай Жұқабаевты арнайы қабылдап, ашық сұхбат жүргізді.

Басқосу барысында қазіргі елдегі эпидемиологиялық ахуал, ауданымыздағы қуаңшылық және тазалық мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған тақырып екендігін айтқан аудан басшысы «Елдегі қалыптасып отырған пандемия жағдайы, одан қалды өңіріміздегі қуаңшылық мәселесі ешкімге оңай соқпай отыр. Аталған мәселелерден бөлек тазалық мәселесі де өзінше бір назар аударуды қажет етіп тұрғаны тағы бар. Осы ретте елмен етене жұмыс жасап, тұрғындарды ауызбіршілікке үндеп, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға бастайтын көше комитетерінің орны бір төбе. Қабылдауға барлық көше комитеттерін қамтуға болар еді, алайда қазіргі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес өздеріңізбен басқосуды жөн көріп отырмын», - дей келе, алдағы уақытта көше комитеті төрағаларымен қажетті мәселелерді кеңесе отырып жүзеге асыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Расында, ауданымызда сонау 1999 жылы алғаш рет құрылған көше комитеттері бүгінге дейін аудан көлеміндегі маңызды шараларды жүзеге асыруға қолдау жасап, әлі күнге дейін өз деңгейлерінде шешуді қажет ететін мәселелерді билікке жеткізуде белсенді екендіктерін жеткізген Аманжол Жолмағамбетов және өзге де көше комитетінің төрағалары басқосу барысында бірқатар мәселелерді ортаға салды.

Атап айтқанда, көше комитетініңтөрағалары Арал қалсындағы сорлы көлдерді жабу, үшінші мөлтек ауданындағы апатты деп танылған тұрғын үйді (Арай) қоршап, орнына балалар ойын алаңын салу, Поволжье тұрғындарына14 вагон балық жөнелткен азаматтардың қайырымды ісіне 100 жыл толуына орай орталық алаңдағы естелік хатты Т.Медетбаев саябағына көшіру, аудандық аурухананың қалдық су ағатын орнын ауыстыру, Бақтыбай батыр көшесі бойында орналасқан «Батыр ана» мүсінін аудандық перзентхана жанына ауыстыру, №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қосымша әжетхана, жатахана, спорт зал салу және қаладағы жабайы ит-мысықтарды аулау жұмыстарын жандандыру, темір жол үстінен аспалы көпір құрылысын салу, қуаңшылық жағдайына байланысты берілетін жем-шөптің әділ үлестірілуін бақылау, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жаңа ғимарат салу сынды мәселелерді көтеріп, тиімді шешілсе деген тілектерін жеткізді. Бұдан бөлек, Шанхай беттегі электр трансформатын жаңалау, спорт кешенін салу, кейбір көшелердегі жол белгілерін жаңарту, қорымдарды қоршау және өзге де қоғамға ортақ мәселелерді көтеріп, талқыға салды.
Қабылдау барысында аудан әкімі көше комитеттері қойған барлық сұрақтарға жекелей тоқталып, әр мәселенің түйінін тарқата отырып жауап беріп, ұтымды ұсыныс-пікірлерге құлақ асты. Аудан басшысы аталып өткен мәселелердің басым бөлігі әкімдіктің жұмыс жоспарында қамтылып, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын ашық баяндап өтті.

Сонымен қатар, басқосуда көтерілген әр мәселеге байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалу барысы жіті бақылауында болатынын жеткізді. Сондай-ақ, атқарылатын жұмыстар көше комитеттерінің де аудан тұрғындарының да назарынан тыс қалмайтынын айтқан аудан басшысы, әр көшенің тазалығын сақтауға ерекше мән беруге тұрғындарды тегіс жұмылдыруға шақырды.

Көкейлеріндегі көптеген мәселелері бойынша тұщымды жауап алған көше комитетінің төрағалары өз ризашылықтарын білдіріп, алда нәтижелі жұмыстарды жүзеге асыруға қашанда дайын екендіктерін жеткізді.





Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
06 тамыз 2021 ж. 472 0