Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл Шөмішкөлде болған еді...

Бұл Шөмішкөлде болған еді...

1991 жылдың күзі еді-ау! Мызғымас, мәңгілікке бекем деген Одақтың іргесі шайқалып, қайсыбір республикалардың өз тәуелсіздігін жариялап жатқан алай-дүлей тұсы-тұғын. Ал бізде әзірге тыныштық-ты. Мекемелер де бәз-баяғы қалпында жұмыс істеп тұрды. Түс мезгілге таяу аудандық тұтынушылар басқармасының төрағасы Тілес Боқаев телефон соғып:
– Аға-а, сабан тойға барып қайтайық, дайындалыңыз, – деді.
– Қайдағы сабан той?!
– Шөмішкөлдегі... Сонда кооперацияға қарасты жалгерлер бригадасы бақша, тары дақылдарын өсірумен айналысады. Бригадирі – Қобылан Сатыбаев,– деді.
–Шөмішкөл өз алдына колхоз болған. Теңіз бен көлден балық аулап, азын-аулақ мал баққан. Ал жер жыртып, егіс салыпты дегенді есітпеппін.
Ендігі сөзді 1991жылдың (мұнан отыз жыл бұрынғы) күзінде жазылып, архивімде сақталған мақалаға берейік.

***
–  Ойпыр-ой, құдайдың дауылы-ай!
     Қобылан ауық-ауық бойын тіктеп жан-жағына үрейлене қарайды да, әлгі сөзді қайталайды. Сыртқа шығармай іштей күбірлеп айтады. Маңайымдағы жастар есітпесін дейді-ау! Ал қара түтін сейілер емес.  Сапырып соғып тұр! Апат аймағындағы апат желі бұл. Көкөніс еккелі екінші рет шүйлігуі. Алғашқысы маусым айының 5 және  18-і күндері аралығында қауын бөрік болып, енді-енді өркенге жығылар түста киліккен-ді. Гербицид сепкендей бүрістіріп-ақ жіберді.  Әйтсе де бригада мүшелерінің алапат қимылының арқасында бойын тіктегендей еді. Ал мынаусы, шілденің 7-сіндегі пәрмені мүлдем сорақы. Айдаһардай аранын ашып жұтқысы бар. Жұтты да. Помидор мен қиярдың 0,5 гектардайын көре көзге тып-типыл етті. Қауын-қарбыздың пәлегі күйіп, жалбаланып қарайып шыға келді...
   – Жігіттер, талпыныс керек! Бұл пәледен суға қайта-қайта шайқасақ ғана ептеп құтылармыз!

– Қобылан осындай шақыру тастады.  Шақыруға жауап ретінде кетпен-күректер әр тұстан-ақ жалт-жұлт етті. Жиырма гектарды суға шайғызу оңай емес-ті. Таңның атысы мен күннің батысына дейін жалгерлер ешбір тыныс алмады. Осылайша үш күн айқасты. Боранбай мен Болаттың, Айкөрген мен Аманкелдінің, Ерғали мен Нағашыбайдың, Қуат пен Амантайдың – өзімен  тоғыздың тегеурініне «Ерімбет» көлшігінің суы құрғап қалардай-ақ көрініп еді. Бірақ ол да шыдады. Егіс жобаға келгендей болды.
  – Тоқсан бірдің тозағын осымен аяқтасаң жарар, – деп жалгерлер бригадасы аз-кем саябырсығандай еді. Бірақ «Апат аймағы» оқтын-оқтын қаһарын төкпесе айбарлы атағынан айырылып қалатындай, қыркүйек айының тоғызында көкөністі қалаға жөнелтіп жатқан қызу шақта тағы бір әбігерге салды. Бұл жолы дауыл қара жаңбырымен қосарлана келді. Қауын мен қарбыз пәлегінің астын үстіне шығарды. Пәлектен айырылған түйнектер айдалада домаланып жатты. Бәрінен бұрын жыны тарыға түсті. Бес гектар тарының жарыдан көбі төгіліп ақ шаңдаққа жем болды.
– Есіл еңбек-ай!
– Қобылан өзі күрсінгенімен, былайғы жұртқа сыр бермеді, қайта жігер бере сөйледі: «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деп Абай атамыз айтқандай уайымнан ұтарымыз жоқ, биылғы табысымыз бұрынғы жылдардағыдан артығырақ. Құдай қаласа, таза пайдамыздың өзі он төрт-он бес мыңнан кем болмас.
– 14-15 мыңдай! Бригадағылар «Рас па?» дегендей өзара танданысыпқалды.
***
Қобылан Сатыбаев – жауырынды, қапсағай келген, ұзын бойлы жігіт ағасы. Жалыны бетіне теуіп, жүзіне ұдайы қызыл шырай ойнап тұратын қайрат иесін қырық үште дегенге сенбегендейсің. Ол осы Шөмішкөл ауылының түлегі. Әке-шешесі өмір бойы осында еңбектенді. Балық аулады, мал өсірді. Алпысыншы жылдары екі жүзден астам үй қожалығы бар ауыл – бұл күндері сиреп қалған, жүзге жетер-жетпес. Жан саны бес жүзден әрең асады. Жастардың көбісі жұмыссыз. Атамекеннің жылдан-жылға азып-тозуын көрші ауданның шаруашылығында егіс егіп жүрген Қобылан есіткен сайын жаны күйзеліп, елегізуші еді. Жұрт елден көшіп жатса, ол туған жерге көшіп келді. Сұрастырып қараса, егін салу мұнда қырық жылға таяу уақыттан бері ұмыт қалған екен. Жастар екі қолға күрек таппай бос жүр. Солардың бірсыпырасын жинап, жалгерлер бригадасын құруға талаптанды. Жер алу, су алу, техника табу әрине ол тұста қиялдай арман-ды. 1988 жылдың қаңтарында-ақ қалаға шапқылап еді. Содан маусымның алтысында «Уһ» деп дем алғандай болды. Аудандық балықшылар тұтыну одағы басқармасының төрағасы Тілес Боқаевтың тікелей қолдауымен осы күні ауаткомда мәселе шешіліп, олар осы басқарма жанындағы жалгерлер бригадасы болып жасақталды.
Уақыт тым жүйрік қой. Шытырман оқиғаларға толы төрт жыл өте шықты. Алғашқыда  10 гектарга көкөніс, бақша-тары егіп, бес мыңдай таза пайда алса, 1991 жылы 20 гектарлық егістен  таза пайда мөлшерін үш есеге арттыра алды. Ал бригада мүшелерінің саны сол баяғы 9 адам.
         – Қазір бәрі ұмыт болды ғой, – деп күлді Қобылан Сатыбаев бізбен сұхбатында, – әйтпесе, егіс даласын тастап қашатындай оқыс жағдайларда кездесті. Не керек, істің тетігін жастардың табандылығы шешті-ау! Енді бұлармен апатпен де, қиынның қиынымен де айқасқа түсе аламыз. Жер, су жайы әлі түбегейлі шешілген жоқ. Көшіп-қонумен жүрміз. Өйткені 1990 жылы көлден бөлініп қалған «Ерімбет» көлшігінен су алдық. Ал суды Шөмішкөл айдынының өзінен берсе, кәні? Сонда судан таршылық көрмес едік. Анау «Елшібайға» дейін он бес жылдай егетін маң дала нұралық жатыр. Ондай жағдайда егіс көлемін ұлғайтып, жұмыссыздар санын азайта түсер едік...
Осы Сатыбаевтың үлгісімен Шөмішкөлде 32 қожалық  бақша салып, көкөніс егіпті. Бұл  цифр әлі көбейе түспек.
Жергілікті айтыс ақыны Қуаныш Қондыбаев жалгерлер бригадасының сабан тойына арнау өлең жазған екен. Соның бір тұсында:
... Ау, Қобылан, бар ниетің қабыл болсын,
Сауабын алдың деймін кілең жастың.
Өмірі ақ саусақ боп өтер ме еді,
Еңбекпен Үбаевтың көзін аштың, – деуі кейіпкеріміздің ел басына күн туғанда «етігімен су кешкен» ерге лайық тұлғасын сомдай түссе керек!
***
Е-е, бұл «Мәдениет майталманы» медаліның иегері Оңталап Базаралының:
Көл жағалай жотаны,
Мал күйістеп жатады.
Осы көркем ауылды,
Күн де сүйіп батады.
Қияға ұшқан сан ұлдар,
Бұл жерде өссең бағың бар.
Жер бетінде осындай,
Бір ғажайып ауыл бар,– деп жырлаған Шөмішкөлі ғой.
                                              ***       
Ал енді осы елді мекеннің бүгінгі хал-ахуалы қалай? Оның мән-мәнісін кеше ғана сайланған Райым ауылдық округінің әкімі У.Қарауымбетов баян етер деген ойдамыз.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Қызылорда облысының құрметті ардагері,
Арал ауданы
21 қыркүйек 2021 ж. 396 0