«Басылымның алты мың данасы неге жойылды?»
Газет редакторы Мәлік Сәрсенов, мен орынбасарымын. Сәрсенов командировкіде. Газет күнара шығады. Технология жоқ. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Түстен кейінгі сағат 17.00-лер шамасында аудандық партия комитетінен:
– Тез жетіңіз, бірінші хатшы Есетов шақырады, – деді.
Мен баспаханада отырғанмын. Аупарткомға жеттім. Есік алдына ауданның аға судьясы шығып келеді екен. Сәлемдестім. Қол берген болды. Бірақ есі ауысқандай шайқалып тұрды.
– Ау, ағасы не болды?
– Мені төмен түсіріп жіберші!
Баспалдақтан қолтықтап түсірдім. Ол тәлтіректеп жүріп бара жатты. Таңдандым да қойдым.
Тәкей Есетов кабинетінде әрлі-берлі кезіп жүр. Жайлап басып барып ұзын стол жанындағы орындыққа жайғастым. Блокнотымды алып, қаламымды сайлап күтудемін. Бір кезде Тәкең креслосына барып отырды да:
– Газеттің келесі саны қашан шығады? – деп сұрады.
– Ертең шығады. Қазір терілуде...
– Жаз онда, сол азанғы газетке жарияланатын болсын!
– Құп!
Ол кісі айтып отыр, мен жазып жатырмын. Бәрі әлгі аға судья жайлы. Сұмдық. Ауық-ауық Тәкеңе қараймын, ол кісі тоқтар емес. Мен болсам мұндай жайға аға судьяны қимаймын. «Ондай жеңіл-желпі істің адамы емес қой» деймін іштей. Ал Тәкең қатты ренжіген. Өзгесін айтпағанда. Күйеуі бар бір сұлудың басын айналдырғандай ма, қалай? Қазір ондайларға түк таңданбайсың. Ал ол кезде бұл оқиға «моральдық азғындау» деп бағаланып, партиядан шығарылып, жұмыстан қуылады.
Блокнот толды. Тәкең тыныстады. Орнымнан көтеріліп, есіктің алдына барып тұрмын. Есіктен шыға қоймадым. «Тәкеңнің беті қайтар, қоя салшы» дер ме екен деген ойдамын.
Жо-қ, Тәкең үн қатпады. Ілбіп басып есіктен шығып кеттім.
Газет – партияның органы. Соның айтқаны болады. Газеттің төртінші бетіндегі бір мақаланы алып тастатып, фельетон жазуға кірістім. Фельетон жазылды. Терілді. Құлағым аупартком жақта.
Жо-қ, еш хабар жоқ. Қол қойылып, газет басылуға кетті. Кезекші болмасам да, үйге қайтпадым. Тоғыз мың данамен шығады. Аға судья звондады:
– Әй, бала, – деді, – дауысында бір түрлі қобалжу бар – осы сен мана аупарткомға асыға кіріп бара жатқандай едің, – аманшылық па?
– Е-е, ағасы... Фельетон жазылды...
– Кім туралы?
– Сіз туралы!
– А-а, солай ма?! – деп телефонды қоя салды.
Әлдебір әрекет жасап, Тәкеңмен хабарласа ма, деген оймен төтесінен осылай дедім.
Жо-қ, еш хабар болмады. Тоғыз мың дананың бес мың данасы басылып кетті. Үйге қайтуға жинала бергенімде, аупарткомның кезекшісі хабарласып:
– Тәкең басылған газеттің бір данасын алып келсін, деп жатыр, – деді.
Бір данасын алып бардым. Жеңгейдің жанында терлеп-тепшіп шай ішіп отыр. Манағыдай емес, жайдарлы.
– Ал, кәне, фельетонды оқы! – деді, – жайлап оқып шықтым.
Тәкең күлді, шайын ішіп біраз үнсіз отырды.
– Ә-ә, барынша «жұқартқан» екенсің. Ағаңды ондай лас іске қимайсың-ау! Десе де осының өзі жетіп жатыр. Тағы да шайын ішті. Байқаймын, бастапқы райынан қайтып қалған сыңайлы.
– Әй, Шәкірат, – деді Тәкең шай кесесін дастарқанға қоя салып, оларды жамағат халық судьясы дейді, осынымыз қалай болар екен?!
Менің зәрем ұшты. Газетті басуды «тоқтат» десе, қайтпекпін?
– Болмас, болмас, тәртіп бер, газетті басуды тоқтатсын, – деді Тәкең бір кезде.
– Ойбай, Тәке-ау, бес мың данадан астамы басылып кетті, оны енді тоқтату менің құзырымда емес,–деп шыр-пыр болдым.
– Ендігі билік кімде?!
– Баспахана директорында?
Тәкең әлдекіммен сөйлесті. Оны құлағым есіткен жоқ. Басым айналып баспаханаға оралғанымда, сағат тілі түнгі 1-ден өтіп еді. Ұйқылы-ояу баспахана директоры Еңсеп Ізбасқанов та жетті. Газет басуды тоқтатты. Печатник (баспагер) Тағыберген құлай кетті.
– Жұмыстан шығамын, қазір арыз жазып беремін, – деп бұрқ-бұрқ қайнайды.
Расында обал ғой.
Ал Еңсеп мыңқ етпейді. (Соғыс көрген майдангер ғой. Әрі еңбекте шыңдалған кісі-тұғын. Қазір оның атында қалада көше бар) 6 мың дананы жоюға бұйырды. Актісін жазып жатыр. Ал Тағыберген «баспаймын да, баспаймын» деуден танбады. Еңсекең жүйрік әріп тергеушілер, әрі баспа ісінен де хабары бар Әнепия мен Дәуітті алдырды.
Тағыбергенмен құрдаспын. Тәкелеп қолпаштаймын. Түн ортасы, дүкендер жабылған. Бір-жар шөлмек болса деймін. Ойыма аға судьяның өзі түсе қалды. Ол да ояу екен.
– Аға-а, сүйінші!
– Иә, иә... не болды?
– Жігіттер шаршап қалған!
– Түсіндім, қазір! Шофері түн ортасында арқаланып келді. Тағыбергеннің тамағын жібітіп барып, газетті басынан қайта басуға әрең көндірдік. Газетті жояр алдында Еңсекеңнен: – Архивімде сақтауға 4-5 данасын алып қалайын десем:
– Айта көрме, – деді, – айтпақшы, сол фельетонның қолжазбасы (черновигі) қайда, оны да қоса жоюымыз керек. Ешқандай із қалмасын, заңдылығы солай.
Еңсекең сондай таза азамат еді. Фельетонның орнына бұрынғы мақаланы қайта теріп салып, «уһ» деп демалдық-ау!Әні, газет тарихында осындай да қилы-қилы жағдайлар болады.
Олардың бәрі қазір жоқ. Десе де, оқырман қауым газеттің қалай шығатынын, оның да өзіне лайық қиындығы барын білсін деген ниетпен бұл оқыс оқиғаны да қағазға түсірдім.
Захир ЖҰППАМБЕТ,
Арал қаласы