Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шындықтан шырай іздеп өткен көкем

Шындықтан шырай іздеп өткен көкем

Келместің кемесіне мініп, Кеңес көкем Өмірзақов та кетті. Жүректе осы бір ғажайып кісіге деген сағыныш бар. Жиі-жиі еске алып отырамын. Бітім-болмысы, кескін-келбеті ерекше жаралған жан біртуар болатын, ешкімге ұқсамайтын және ұқсауға да тырыспайтын. Өз ойымен, өз сезім-түйсігімен өмір сүретін бірбеткей, дара кісі еді. Баладай аңқаулығы да бір адамға жетерліктей болатын. Кеңес көкемнің өзі кеткенімен де, шырайын шығарып, нәрін тамшылатып айтқан әсерлі әңгімелері сол күйінде, сол айтқанындай жанымда жаңғырып тұр. Айына бір-екі мәрте ол «Құрылтай» газетінің редакциясына ат басын бұрып, әдейілеп соққанында, көптен көрмеген кісідей боп кәдімгідей қуана, сағына қауышатынбыз. Содан жайланып отырған соң, өзіне тән бір жылы жымиыспен езу тартып, мырс етіп бір күліп алады да: «Бала-ау...» деп бір ұзын-сонар әңгіменің ұшын шығара ды. Сол кезде мен де өзімше ыңғайланып, алдымда әрдайым дайын жататын көлемді «киіз» кітабымды қолыма алып жазуға ыңғайлана бастаймын. Ол кісі менің қамданған әрекетіме көз тоқтатып бір қарайды да: «Е, жазсаң, жаза бер» дейтін.

Сол әңгімелері ғой бүгінде көңілдегі көп нәрселерді қайта оятып жататын. Әңгіме демекші, өзі айтатын: «Бала-ау, біз мына Серік екеуіміз (Сейітмағанбетов) екеуден екеу оңаша төрт-бес сағат әңгімелесіп, сырласып ұзақ-ұзақ отыра беретінбіз. Сонда қанша уақыт отырсақ та, бір-бірімізді тыңдаудан жалыққан емеспіз» деп жан досын есіне алып қоятын.
Әңгіме дегенде тағы да бір еске түсетіні, бірде, бертініректе Кеңес көкем Қазалыдағы газетте (зейнетке шыққан соң аз уақыт «Тұран-Қазалы» газетінде жұмыс істегені бар) қазалылық фототілші Асан Боранбаев деген кісімен оңаша, екеуден-екеу әңгімелесіп қалады. Анау да «мен айтайын, сен тыңда» дейтіндей сөзге жорға, бірқыдыру айтқыр, сөзшең кісі болса керек, бір әңгімеден соң бір әңгімені өрбіте тұздықтап айтып, төрт-бес сағатсыз тоқтамайды, тынбайды. Кеңес көкем болса сол бастапқы отырған орнынан тырп етпей, бар ынтасы ауып сол тыңдаған күйі отырса керек. Сонда Асан оған бір уақыттан соң таңырқай қарап: «Өзің әңгіме тыңдағыш адам екенсің» деген екен.
Сол әңгімелердің ұзын-ырғасына, мәнмазмұнына бүгіндері көз жіберсем, төрт-бес жыл бойы асыл затты, текті болмысты көкем бүкіл өзінің өмірін маған там-тұмдап айтып кеткен екен ғой.
Сол әңгімелердің бір-жарына тоқтала кетейін...
Айтпақшы, Кәкеңнен естіген «Екеуміздің арамыз бір тоқтылықтан жақын», «Мырзанағи», «Бұзаулы сиыр да сөз болып па?», «Здача», «Дән іздеген тауық», «Тақырыбын таптым», тағы басқа әңгімелерді, тапқыр сөздерін әр жылдары «Құрылтай» газетіне «Қазақы қалжың» деген айдармен үнемі беріп жүрдім. Онда көбінесе Кеңес аға немесе Кәкең деп жазатынмын. Бірде редакциядағы газет тігіндісінен әңгімелерінің бірін оқып отырсам, Кеңес аға деген сөздегі «аға» деген сөзді белінен мұқияттап бір сызып, үстіне «көке» деп жазып қойыпты. Үлкен адамның осы бір «түзетуінен» «мені ендігі жерде «көке» деп жаз» деген оның ниетін айтпай-ақ түсіндім. Кейін солай жазып та жүрдім.
Кеңес көкем Аманөткел жағында туған ғой соғыстың бірер жыл бұрын алдында. Бұл туғанда қуанған әкесі көңілі жақын біреуге «Балама ат қой» дейді қолқа салып. Ол кісі «Балаң болса батыр болсын» деп «Аманкелді» деген есімді беріпті. Содан мектепке барамын дегенше Аманкелді Пірімбетов болып жазылып жүрсе керек. Осы Аманкелді деген есімге көкемнің өзі риза болмаған-ау. Ерке өскен баласы мұны айтқанда әкесі Өмірзақ ойланбастан бір жандығын сойып, тағы бір туысына «ат қой» депті. Ол кісі: «Өмеке, осы күнгі барлық жетістігіміз Совет үкіметінің арқасы емес пе. Совет үкіметінің арқасында адам болдық, бой түзедік, қырам-жоям деп келген неміс фашистерін де тас-талқан етіп жеңдік. Маған қолқа салып отырсың, ендеше балаңның аты Совет болсын» депті. Өмірзақ ата мұны қош көреді. Бірақ сол жерде ел-жұрттың алдында: «Советің дұрыс қой, бірақ осыны қазақшалап Кеңес қояйық» деп жанынан ұсынысын қосыпты.
Кеңес көкемнің әкесі аурушаңдау, ал шешесі қайратты, қолынан тігін де, басқа да келетін ісмер адам болған. Сол кісілердің арқасында аса қиыншылық та көрмеген. Хал-қадірінше мектепте оқып, онжылдықты Бөгенде бітірген. Атын Кеңес қойды демекші, ауылдасы, кейін мектепте бірге оқыған сыныптасы, аты алты алашқа белгілі болған даңқты боксшы, керемет жаттықтырушы Кеңес Омаровпен жақсы сыйлас, дос болып тонның ішкі бауындай араласқан екен. Қолдарына аттестат алған соң, екі Кеңес те Ташкентке арман қуып барып, оқуға түседі. Су шаруашылығының инженерлерін дайындайтын мамандық болса керек. Бір-жар жыл оқыған соң Кәкеңнің денсаулығы сыр беріп елге қайтады. Үлкен өндіріс орны Аралсульфат мекемесіне қарапайым жұмысшы болып тұрады. Оның инженерлік алған азды-көпті білімі барын білген белгілі өндіріс басқарушысы, осы тұз комбинатының директоры Сақ Мәуленқұлов сызбашы қызметіне бұйрық беріп бекітеді. Қосымша тағы да бір-екі жұмысты береді. Сөйтіп өзі айтқандай сол заманның ақшасымен санағанда әжептәуір айлықтың иесі болып шыға келеді. Комбинаттың қабырға газетін мазмұнды шығарып, ол газет ауданда, облыста көзге түсіп, жас жігіт жазу қабілетін таныта бастайды.
1965 жылы аудандық «Толқын» газеті қайта шығуға дайындала бастаған кезде газет редакторы Тәжмағанбет Тәжіков әп дегеннен мақалаларымен көзге көрінген жас жігітті қызметке шақырады. Айлығы комбинаттағыдан аз болса да шығармашылық пен журналистиканы жүрегі қалаған Кеңес көкем біржолата осы салаға ауысады. Ұзақ жылдар бойы осы газеттің ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі боп өңіріміздегі осы саланың жетістігі мен кемшін тұстарын қаламына арқау етті. 60-70 жылдары «Толқын» газеті жаңа редактор Мәлік Сәрсеновтің ерекше қабілет-қарымының, ұйымдастырушылық мықтылығының арқасын - да жаңа деңгейге көтеріледі. Өр мінезді, тік сөйлейтін, ойын қай жерде де жеткізетін редактор Мәлік туралы да көкем неше бір әңгіме айтатын. Азаматтық келбетін үлгі қылатын. Аудандық партия комитетіндегілер газеттің әр шыққан нөміріне жиі-жиі сын айтып, журналистерді де қыспақтағысы келетін ау-жайларын білген ол үлкен жиында: «Сендер білімдерің тасып бара жатса, оқығыш болсаңдар «Правданы» ежіктеп оқысаңдаршы. «Толқында» нелерің бар?» деген көрінеді. Осы сөзден кейін әлгілердің арыны басылып қалған екен.
«Толқын» газетінің редакциясына жұмысқа сол жылдары Шәкірат Дәрмағамбетұлы, Омар Әбдуәлиев, Сағынжан Ермағанбетов, Өмірбек Төлепов, басқа да талапты жігіттер бірінен соң бірі қызметке келіп, сол дүрлердің арасында Кеңес көкемнің жазғандары елеусіз қалмай, әр жазған мақаласы жоғарғы органдарда үлкен қозғау тудырып отырса керек. Сол кезде Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетов болатын. Жалпы газетке деген аудан басшылығының ерекше көзқарасы осы кісінің кезінде пайда болса керек. Олай болатын себебі, талапшылдығы, іскерлігі зор Тәкей Есетов таңертең жұмысқа келгенде, ең әдепкі жұмысын аудандық «Толқын» газетін бір жолын қалдырмай оқудан бастайды екен. Міне, осы білікті басшының назарын аударған соң, ол кісі Кеңес көкемді аудандық барлық ауыл шаруашылығына қатысты жиындарға, жиналыстарға шақыртып және өзі оған үнемі «Кеңес, сен қысылма-қымтырылма. Әрқашан бірінші қатарға келіп отыр. Сенің орның сол жер» дейді екен. Кейде аудандық партия комитетіне түскен еңбекшілердің арыз-шағымдары болған жағдайда әдейі редакторға айтып, шақыртып, жеке тапсырма беріп, «Осының ақ-қарасын анықта, бұра тартпай турасын және әділін жазып кел» дейді. Сондай тапсырмалардың негізінде «Бастық демалып жүр, веттехник ем алып жүр», «Қоспан қой бағады, Оспан орден алады» секілді мақалаларын жазып шығады.
Кеңес көкемнің кейінгі біраз мақалаларын оқып отырып, менің де бір түйгенім, оның тілінің өткірлігі, өрнектілігі, айтайын деген ойын мүлтіксіз жеткізуі және әрбір жазған сөйлемінің арғы жағында мысқыл аралас сынай отыруы мен кейбір келеңсіздіктерді айна-қатесіз көрсетуі тамсандыратын. Оның осы әдетте тек қана жазушыларға тән қабілет-қарымын бір сөздің келер жақтарында «Сіз жазушы болатын адамсыз ғой» дегенім бар. Сонда Кеңес көкем мырс етіп: «Әй, бала, мұны сен бірінші айтып отырған жоқсың, сенен бұрын да талай мықтылар маған айтып кеткен» дейтін сабырлы, салқын қалпы өзінің бұл артықшылығын білетін сыңаймен.
Кеңес көкем өткір тілді, ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, нағыз журналист болса да, дақыл-дақыл көркем әдеби шығармалар да жазады. Соның бірі - «Басканың басы». Бұл көлемді әңгімені жазып бітірген соң, сол кездегі газет редакторы Сағынжан Ермағанбетовке әкеп береді. Редактор қабағын қатуландырып, жақтырмай: «Кәке, өзің де жақсы білесің, біз партиялық газетпіз. Сен мықты журналиссің, осы әңгіме жазу дегенді қайдан шығардыңдар, қойсаңдаршы» дейді. Бірақ қолжазбаны алып қалады. Ертеңіне редактор Кеңес көкемді шақырып: «Әй, сен қарап отырсам Алматыда әдеби газетте істейтіндей нағыз суреткер адамсың ғой. Алматыда жазушы боп жүргендер сенен артық емес. Журналист болып мұнда не істеп жүрсің?!» деп кешегі кесімді ойынан тайқып, әлгі көлемді әңгімені бірден, ұстамастан газетке басыпты. Шынымен де, білікті редактор оның сөз мәйегін келістірген жазушылық дарынын тап басып аңдаса керек. Әңгіме басылады. Бірақ ши басқа жақтан шығады. Сол әңгіме ішінде «ісек» деген сөзді әріп теруші қыздар түсінбей «мұндай сөз болмайды» деп өздерінше түзетіп, «есек» деп жазып жібереді. Газетті жоғарыдан қалт жібермей бақылау бар, цензураның тасы өрлеп тұрған заманы ғой, осы қағыс кеткен бір сөз үшін облыстағы литодан әдейі дікеңдеген бір жігіт іссапармен келіп, бес күн Кеңес көкемді тергептексерген екен. Әрі-беріден соң: «Ісек» деп неге жазасың? Қойдың ісегі демейсің бе? Жұртқа сонда түсінікті болады ғой» деп бұра тартып шүйліккен екен. Кейінгі бір жылдары Кәкең Арал маңында болған оқиғаны негізге алып жүйрік жорға туралы повесть (хикаят) жазып шығады. Ол повесті өткен ғасырдың 90-жылдары республикалық «Атамекен» газетіне жіберсе, ондағылардың тамаша туындыға қызыққаны сондай, бірнеше ай бойы үзінді-үзінді етіп жариялап тұрады. Бірде «Толқын» газетінің редакциясына келген белгілі жазушы-журналист Айжарық Сәдібеков сол повестің бір үзіндісін Кәкеңнің үстелі үстінен көріп қалып оқи бастайды. Басын көтермей, айналасындағыларды ұмытып отырып қалады. Сөйтіп әбден оқып тауысқан соң ғана Кеңес көкеме бұрылып: «Сіз таза жазушы адам екенсіз» деп сүйсіне баға берген екен. Жазушының негізгі құралы оның образды, суретті шырайлы бейнелеу тілі ғой. Осы күні жазбаларымды қарасам, «Быламық көрсе байланып, айран көрсе айналып...», «Пысық қосын жейді, содан кейін досын жейді, қалды басын жейді...», «Қақырғанның қағы – алтын, түкіргеннің түгі – алтын», «Көш жүре бара түзеледі, адам жүре бара бұзылады», «Алпысыңда ай сайын, жетпісіңде жеті сайын, сексеніңде сағат сайын қартаясың», «Жатқанның қасына тұрған келмесін», «Құралайдың өзін атпа, көзін ат», «Жалт-жұлт еткен жас едік, қалт-құлт еткен шал болдық» сияқты аяқасты айта салған жанды сөздері адам бейнесін, мінез-құлқын беруде таптырмай сұранып тұрған көркемдеуіштер секілді көрінеді. Кеңес көкемнің мен таныған бір айрықша ерекшелігі – жасы келсе де үнемі және үзбей оқып жүретіндігі. Есте сақтау қабілеті де күшті болатын. Небір тарихи оқиғаларды, ұлы адамдардың басынан кешкен жайларды, еліміздің басшылығында болған қайраткер азаматтар туралы, елдің басындағы саяси, қоғамдық өміріндегі және күнделікті тіршіліктегі болып жатқан құбылыстарға баға беріп, сын айтып салыстыра талдап отыратыны есімде. Қала орталығындағы «Құрылтай» газетінің редакциясына әр келген сайын ол кісіге кейде кітаптар, кейде өзім оқыған газет-журналдарды («Қазақ әдебиеті». «Жас алаш», «Ана тілі», т.б) іріктеп-іріктеп алып қоямын. Содан қайта бір соққанында:
– Бала-ау, өткендегі бергендеріңді түгелдей оқып шықтым. Енді басқа оқитын ештеңе болмаған соң, әлгі оқығандарымды қайта шөберелеп жатырмын. Шөберелеу дегеннің не екенін білесің бе? – дегені бар сынай қарап.
– Көке, балықшы елдің баласымыз ғой, шөберелеуді білемін. Аналарымыз керсеңдейкерсеңдей балықты үйдегілер жеп болған соң ас үйге барып сүйек-саяғын шөберелеп отыратын, – деймін мен. – Иә, солай. Мен де оқып шыққандарымды қайта оқып, шөберелеп жатырмын, – деп күлді.
Осындай дарынды қалам иесінің пікірі, бағасы кейінгілерді қызықтыратыны шындық. Мен де өз жазғандарыма көкем не айтады екен деп жүретінмін. Бірде «Құрылтай» газетінде «Жынды ауыл» деген сықақ әңгімемді жарияладым. Сол бір кезде келе қалған Кеңес көкем:
– Кешегі «Жынды ауыл» деген әңгімеңді оқыдым. Талайлар жазған таптаурын тақырып қой, – демесі бар ма әп дегеннен. Мен селт ете қалдым. Жүзіне қарадым. Кеңес көкем жымиып отыр екен.
– Талай-талай жазылған, талайлар жазған... – деп әлгі сөзін тағы қайталады да, бір кезде: – Әй, бірақ сенің жазуың бәрінен де бөлек қой... – дей салды. Жаңа ғана ойым сан-саққа кете бастаған менің төбем сол сәтте көкке екі елі жетпей қалды.
Тағы бірде: «Саған журналистік жылдамдық туралы айтып берейін. Тыңда, өзі қызық» деді. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы былай болған екен. Кеңес көкем қыстыгүні жұмыстан кештете келсе, ауладағы қарды шығарып жатқан баласы келіп сыртта бір жігіттердің ұрынып тиісіп тұрғанын айтады. Тысқа қайта шыққан Кәкең әлгілерді тырқыратып қумақшы болады. Сөйтсе қызулы ол бәтшағарлар үлкен адам айтып тұр деп тайсалатын қасқалар емес екен. Қаны қайнап кеткен Кәкең дереу аудандық милицияға телефон шалады. Қазір-ақ жетіп келер деп әрі күтеді, бері күтеді. Жарты сағат өтеді, бір сағат өтеді, келетін милициялар жоқ. Тағы да телефон шалады. Арғы жағынан кезекші милиция «Қазір барады» дейді. Амал жоқ, тағы күтеді. Милицияның қарасы көрінбейді. Содан екі сағаттан соң ғана бір капитан шенді біреу келеді-ау! Манағы масаң жігіттер күтіп тұра ма, әлдеқашан кетіп қалған. Енді қай қалтарыстан табарсың. Содан Кеңес көкем ашуланып жұмыс столына отыра қалып, он бес-жиырма минутта «Нөл екі неге дөрекі?» деген өткір фельетонды әп-сәтте сойдақтатып жазып тастайды да, облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы Қалқабай Әбеновке тікелей телефон соғып, не жағдай болғанын және не жазғанын айтады. Әлгі кісі де осыны күтіп отырғандай: «Газет басылғалы жатыр. Орын қойдырайын. Қазір пойызға шық та, біреуден беріп жібер. Күтіп алдырамын да, нөмірге салдырамын» дейді. Айтса айтқандай, тура солай істеледі. Ол жылдары газеттің сөзі жерде қалмайды. Оның үстіне тура кеше кешке Аралда болған жай таңертең облыстық газеттің бетінде айқайлап кеп тұрғанын көрген біраз шенділердің көзі маңдайынан шығады. Кеңес көкемді жұрт талантты журналист ретінде жақсы біледі. Ал оның бойында көптеген өнердің бар екенін біреуі білсе, біреуі білмес. Соның бірі – мандалин аспабында аса шебер ойнауы. Осы аспаппен тіпті өткен ғасырдың 60-70 жылдары ауданымыздағы белгілі өнер ұжымы Қазанғап атындағы халық-ұлт аспаптар оркестрінің құрамына да кіріп, концерттерге қатысып жүрген. Жасында әкесі осы аспапты қаладан әкеліп берген, содан жатпай-тұрмай үйренген. Кейін Ташкентте ауылдасы, құрдасы Хорезм деген жігітпен қатар оқып, жатақханада бірге жатады. Ол домбыраны «сөйлететін» шебер орындаушы болады. (Хорезм – атақты, даңғайыр шайыр Нұртуғанның Айша деген қарындасынан туған жиені). Бірде Ташкентте бөлмелес студенттер стипендияларынан, қосымша тапқан тиынтебендерінен қосып-жарып сол заманның ең сәнге айналған аспабы – мандалин сатып алады. Және ол 7 сом 50 тиын тұратын қымбаты әрі сапалысы екен. Ортақ дүниені өздері де, қыдыра келген студент жігіттер де жарыса тартып жүреді. Бір күні жігіттердің бірі: «Осы мандалинді бір айдың ішінде шебер тартуды кім үйренсе, сол басыбайлы алсын, иесі болсын» деп ұсыныс айтады. Жігіттер қолдары қалт еткенде мандалинді тартып, шеберліктерін шыңдауға кіріседі. Бірақ олардың бәрінен де осы аспапқа аса ынтазар екі жерлес – Кеңес көкем мен Хорезм қалады.
Межелі бір ай жетеді. Қызу жарыс басталады. Әуелі мандалинді Кеңес көкем қолға алды. Бірнеше әнді желдірмелете тартады. Сонан соң тапсырмалар беріле бастайды. «Бродяганың» әнін тарт», «Жапон әндерінен попурри орында», «Нан жеп отырып ойна», «Біреумен сөйлесіп отырып тарт» деген сияқты құйтырқы тапсырмалардан көкем сүріне-қабына өтеді. Ал музыка десе қамшы салдырмайтын Хорезм әлгі тапсырмаларды бұйым құрлы көрмей жорғалата ойнап шығады да, көпшіліктің шешімімен жеңімпаз болады. Дегенмен институт қабырғасында болып жататын түрлі байқауларда Хорезм үнемі домбырамен шықса, Кеңес көкем әлгі мандалинмен шығып жүрген екен.
Кеңес көкемнің тағы бір мен білетін өнері альбом жасау-тұғын. Ақ қағаздан әдемі етіп қидырып, сыртына сол альбомды сыйға тартатын адамының суретін салып, аты-жөні, қызметін айшықты әріптермен жазып «именной» етіп шығаратын. Әсіресе, үлкейген шағында осы бір альбом жасау ісімен кәдімгідей тұрақты түрде айналысты. «Көке, мынаны істегенше, босқа уақыт сарп еткенше, неге баяғы өткен күндерден әңгіме, мақалалар жазбайсыз. Аралдың қай түкпірін де, адамдарын да бес саусақтай жақсы білесіз. Жұрт қызыға оқиды ғой» десем, «Бала-ау, мен осыны істесем ерекше рақаттанып, кәдімгідей демалып қаламын» дейтін. Соған қарағанда бойында ісмерлікке, қол шеберлігіне деген бір бұла өнер бұғып жатса керек. Кеңес көкемнің біздің шағын редакциямызға әр келгені, әрбір айтқан соқталы әңгімесі Аралдың сыр тұнған шежірелі парақтарындай еді. Осы күні оның өз басынан өткен, өзі айтқан әңгімелері есіме түссе, кейде күліп те аламын. Бар әңгімесін жазуға газет беті тарлық етер. Оның кісілік болмысын, адамдық келбетін, мінезінің ерекшелігін көрсетуге ұмтылып, бір мерекеде газетте әзіл арнау арнадым. Ақ көңілі – даладай, Аңғырттығы – баладай. Әншейінде – тым кішік, Жазып бір кетсе – толағай. Кісімситін күні жоқ, Астамсудың бірі жоқ. Беллистрист кәдімгі Жазғанының міні жоқ. Бұл арнауымды көкем редакцияға келгенде газеттен өз көзімше оқыды. Оқыды да, жымия мырс етті. Бөтен ештеңе айтқан жоқ. Бірақ іштей ұнатқанын, көңілі толып отырғанын сездім. Арал баспасөзінің қарашаңырағы – «Толқынның» ширек ғасырдан астам уақыт өңір еңбеккерлерінің алдында, бүкіл оқырманының алдында үлкен беделге ие болуына өлшеусіз үлес қосқан, шындықтан шырай іздеп өткен қаламгер, журналистиканың ардабозы – Кеңес көкем Өмірзақов туралы бүгінше айтарымыз осы болсын. Алда талай жазармын деген ойым бар...

Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
30 қазан 2020 ж. 795 0