Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Толқында туып, «Толқында» тұсау кестім

Толқында туып, «Толқында» тұсау кестім

Ұлы Абай атамыздың:Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат қызық мол жылдар, – деген жыр жолдарын оқығанда сол бір сағынышты балалық балғын шағым көз алдымда көлбеңдей тұра қалады. Ол кезде айналайын Аралымның ақ бас толқындары жағаны ұрғылап жататын. Бесігімнің тектілер мекені – теңіздің толқынымен тербелгенін мақтаныш етемін. Өйткені толқында туып, бүгінде тоқсанның төрінен төбе көрсетіп отырған «Толқында» өсіп, өркен жайған жайым бар. «Толқыннан толқын туар» деген осы болар. Сол бір сағынышты сағым жылдарға сәл-пәл шегініс жасалық.

Әлі есімде, 1963 жыл болатын. Мен кезіндегі Жамбыл атындағы балық колхозындағы №58 Жалаңаш сегіз жылдық мектебінің 5 класс оқушысы едім. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен Әбдірейім Есендіков ағай дәріс беретін. Айта кету ләзім, марқұм Әбдірейім ағай ойы өткір, қаламы ұшқыр, қазақ әдебиеті әлемін ұршықша үйіретін ұлағатты ұстазымыз болды. Қалт-құлт еткен қолыма алғаш қалам ұстатып, ой-өрнегімізді ақ қағаз бетіне айшықтай түсуге ағай төккен маңдайының маржан тері-ай десеңізші?!
Жоғарыда айтқандай, 5 класс оқып жүргенімде парталас досым Айжарық Сапаров жайлы жазған «Балықшы бала» атты тұңғыш туындым аудандық «Толқын» газетінде жариялана қалмас па? Қуанышта шек жоқ. Бұрқырата жазуды бастайын кеп.
Ол кезде хат-хабар, газет-журнал «Попов» кемесімен тасымалданатын. Жазуға деген құштарлықтан болар, хат тасушы марқұм Кішкене ағаммен ескекті қайықпен «Поповқа» барып, газет-журнал алып, парақтау күнделікті тірлікке айналған-ды.
Иә, бір мен емес, талай тарлан жазушылар мен ақиық ақындардың, қарымды қаламгерлердің тұсауын «Толқын» кесті десем, асыра айтқандығым болмас. Алдымен аталмыш басылымда алғашқы туындылары жарық көрген «Қазақтың Корчагині» Зейнолла Шүкіров пен Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағаларымыздың есімдерін ел-халық пір тұтатынын айта кету ләзім. Өзгеге қайдам, өзіме етене таныс, ерекше жақын болған марқұм ақын-жазушылар Жақсылық Түменбаев, Абдулхамид Мархабаев, Жарасқан Әбдірашев, Елеусіз Кенебаев, Ыбырай Әлжанов, Мешітбай Құттықов, Серік Сейітмағанбетов, Омар Әбдуәлиев, Шәкізат Дәрмағамбетов, Өмірбек Төлепов, Сағынжан Ермағанбетов, Қуанышбай Мұқашев, Қази Данабаев, Сағынай Ешекенов, Кеңес Өмірзақов, Жұмахмет Есенжолов пен бүгінде көздері тірі, көңілдері көтеріңкі күйде жүрген қарымды қаламгерлер Шөмішбай Сариев, Қуаныш Жиенбаев, Сайлаубай Жұбатыров, Шәкірат Дәрмағамбетов, Толыбай Абылаев, Жұмабай Жақып, Жаңабай Кемал, Атабай Қылышбаев, Айжарық Сәдібеков, Оңдасын Бектұрғанов, Шымкентбай Жылмағанбетов, Ерғали Абдуллаев (есімдері аталмағандардан кешірім өтінемін) Арал теңізінің ақ бас толқынында туып, осы «Толқын» газеті тұсауларын кесіп, қаламдарын ұштаған еді.
* * *
1968-1972 жылдар болатын. Атыңнан айналайын, «Толқын» газеті таныстырып, табыстырған Қази Данабаев досым екеуміз Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиеті факультетінде дәріс алып, әдебиет әлеміне бірыңғай бетбұрыс жасаған едік. Республикаға танымал филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев ағайдан дәріс алғанымыз бізді мақтаныш сезіміне бөлейді. Әуекең әңгіме үстінде бізге 1930 жылдың қараша айында ауданның алғашқы үнпарағы – «Екпінді балықшы» газетінің тұңғыш редакторы болғанын айтып отыратын.
– «Екпінді балықшы» газетін сиыр қорада шығарушы едік. Күн-түн көз ілмей әріпті қолмен теруші едік. Жоқшылық заман ғой, баспаханада қап-қара майға малынған көйлекті ауыстыру қайда, жағасын ғана ауыстырып, ай бойы иығымыздан тастамайтынбыз, – дейтін Әуекең аға өткен күндер өрнегін есіне алып.
1973 жыл болатын. Институтты тәмамдап, туған жер топырағына ат басын бұрғанмын. «Толқынның» шаңырағы астында қызмет ету асыл арманым болатын. Шынымды айтсам, ол кезде қаламдары ұшқыр, ойлары өткір де даладай дархан қарымды қаламгерлер жетіп артылатын. Содан болар, «Толқында» бос қызмет орны болмай жастықты жастана теңіз жағасында 3-4 ай жатқаным бар. Абырой болғанда, Тереңөзек ауданынан шақыру келіп, аудандық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасып, мұқалған қаламды ұштай түсудің сәті туды. Осы газетте қызметте жүргенде сол кезде «дүркіреп» тұрған компартияның нұсқауымен С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетінен дәріс алып, қаламды құлаштап сермеу жалғасын тауып жатты. Айтып айтпай не керек, Тереңөзек, Жалағаш аудандарында 20 жыл жүріп, бұқаралық ақпарат құралдары, білім саласы, партия, кеңес органдарында беделді қызметтерде жүргеніммен, туған жер топырағына табаным тисе екен деген сағыныш сезімі сейілмейді екен.
Алла сәтін салып, 1992 жылдың ақпан айының ақ бас боранды күні туған жер топырағына табаным тиді. Бұл уақыт өздеріңізге мәлім, еліміз тәуелсіздігін алып, егеменді ел атанған кезең болатын. Еліміздің экономикасында ғана емес, мәдени-рухани саласында да сан алуан серпіліс болып жатты. Оны түгендеп айту әсте мүмкін емес. Айтпағым, коммунистік қоғамның келмеске кетуіне орай республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының атаулары да түгелдей өзгертіліп жатты. Қараңыз, республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас» газеті «Жас алаш», облыстық «Ленин жолы» газеті «Сыр бойы», «Путь Ленина» – «Кызылординские вести», көрші Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті «Қазыналы Қазалы» болып, қайсыбірін санамалап айтамын, «шәпкісінен» айырылмаған ақпарат құралы жоқ десем, асыра айтқандығым болмас. Ол кезде мен аудан әкімдігінде қызмет ететінмін. «Толқын» газеті атын өзгертуге жоғарыдан да тапсырма келді. Оған құлақ түрген біз болмадық. Теңіз жағасына ақ бас толқындар қайта оралар деген асыл арманмен 40 жылдан бері аралдықтар айқайлап қойған «Толқын» атынан айырылған жоқ. Бұған өз септігімнің тигенін әрдайым мақтанышпен еске аламын. Тоқетері сол, «Толқын» газеті – теңіз толқынында туып, толқынмен тербеліп өскен жағалау жұртшылығының теңізге деген сағынышының символы.
* * *
«Толқын» газетінің тарихына байланысты өзіме қатысты екінші бір жағдайды да еске алмасқа болмас. 1996 жылы газетке редактор болып бардым. Жоғарыда айтқандай, бұл уақыт – еліміздің еңсесін енді-енді көтеріп, аяғына тік тұрып кетудің қиындығы шаш етектей кезең болатын. Жергілікті бюджет қаржысының жетіспеушілігі тұрмыс билеген газет оқырмандарының күрт азаюы, оны айтасыз, газет басатын қағаздың жоқтығынан көптеген аудандық газеттердің шаңырақтары шайқалып, шықпай қалып жатты. Аптасына үш рет шықса да, шаңырағы шайқалмады. 1997 жылы Сыр аймағында алғашқы болып редакция мен баспахананы бір шаңырақ астына біріктіріп, «Толқын» газеті баспасын құрғанбыз. Керегесі кеңейген қос шаңырақ жаңа ғимаратқа көшірілді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, мен өз-өзімді дәріптеуден бойымды аулақ ұстаймын. Десе де сөз орайы келгенде ағымдағы жылы 90 жылдық торқалы тойын жасағалы отырған «Толқынға» менің тұсауымды кесіп, қарымды қаламгер атандырғанына айтар алғысым шексіз. Облыстық «Сыр бойы», республикалық «Заң», «Егемен Қазақстан» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметтерінде жүріп, абыройлы еңбек етуіме бірден-бір дәнекер ғана емес, алтын көпір болған осы «Толқын» газеті десем, асыра айтқандығым емес. Қаншама қарымды қаламгерлер мен текті тұлғаларды тәрбиелеп, толқынымен тербетіп, өмірге қанат қақтырған «Толқынның» керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктей беруіне шын жүректен шыққан тілектестігімді білдіремін.

Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист,
Қазақ журналистикасының қайраткері
16 маусым 2020 ж. 996 0