Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығармашылық шыңына шырқай беріңіздер

Шығармашылық шыңына шырқай беріңіздер

Тоқсан жыл. Аз уақыт емес. Аудан айнасы болып келген «Толқын» газетінің бірінші санының жарық көргеніне биыл, міне, осынша жыл толады. Бұл газет аудан жұртшылығын маусымды жұмыстарға, әр жылдың тапсырмасын орындауға жұмылдырушы идеялық күш ретінде танылды. Оның бетінде еңбек озаттарының жақсы істерімен қатар енжарлықтар да сөз болмай қалған жоқ. Сын мен өзара сын да кеңінен өрістеді. Мен осы газетпен тіпті студент кезімнен байланыстамын десем де артықтық болмайды. Өйткені алғашқы мақалам институттың үшінші курсында оқып жүрген кезімде, дәлмедәл айтсам 1948 жылдың қысқы каникулында шықты. Мақала жазам деген ойым жоқ-ты. Ауылым қаладан тым шалғайда болатын. Аралдан түссек, теңіз арқылы кемемен баратынбыз. Онда да капитаны таныс болса. «Қаратерең Ец» кемесінде Бұғыбай Қожанов деген капитан болды. Сол кісі ғана өз кабинетіне тығып қойып алып кететін. Сосын Балташ Дәрімбетов деген капитан нағашым болды. Сол кісі кездессе, тексерушілердің қоқаңдағанына қарамастан мінгізіп алатын. Бірақ біз кемеге есеп жасамайтынбыз. Қыста кеме мүлде жүрмейді ғой. Сондықтан да пойыздан «Қамыстыбас» стансасынан түсіп, ескі «Райым», қазір Аманөткел ауылы арқылы Қаратереңге жаяу тартатынбыз. Кейде жолдас табылады, кейде жолдас табылмайды. Осындай жол азабын көріп, ауылға асыға жеткен күндерімнің бірі еді. Ауылда ұзақ аялдауға болмайды. Қайту керек. Ал қайтарда алатын базарлығымыз – балық. Ол баршылық. Балықшы ауыл болғасын да қанша көтерсең, сонша балық алып қайтуға болады. Ал нан жағы тапшы. Ауылда наубайхана жоқ. Нанды қолдан пісіреді. Ұн алайын деп дүкенге келсем, дүкенші ұн босатпайды. Мен емес, өзгелері де қамалып тұр. Бұл қалай десем, ұн жоқ деседі. Жоқ емес, бар. Бірақ оны сегіз шақырымдағы Қаратереңнен тасу керек екен. Оған түйе дайын. Тек дүкенші жеңгейдің ықыласы жоқ. Мен ентелеп, студент едім, жолға бір-екі таба нан пісіріп алғым келген ниетімді айтып едім, жүдә, айқайға басты. Ашу шақырғаны сонша, еңгезердей бір жігітті шақырып алып, бес-алты қап ұнды прилевканың үстіне шығартты да: – Ұн бар, бірақ бермеймін. Жыныма тисеңдер солай, құдайыңа бар, – деп қарап тұр. Ыссы күлшеден күдер үзіп, әжемнің қақтаған балығын арқалап оқуыма кеттім. Бірақ «Сылқым жеңгем-ай» деген фельетон жазып, ол кезде «Социалистік Арал» деп аталатын осы «Толқынға» жолдадым. Ұмытпасам, редакторы Ж.Шәукебаев болса керек. Мақала тез-ақ жарық көрді. Жазғы каникулда ауылға келсем әлгі «Сылқым жеңгем» тайып тұрыпты. Тайып тұрғаны дұрыс қой. Бір дұрыс емесі жұрт енді оны өз атымен атауды мүлдем қойыпты. Абысындары «Сылқым келін», қайнылары «Сылқым жеңгей» атап кетіпті. Кейінірек алпысыншы жылдары мен де бір үйде кездесіп қалдым. – Баяғы мені жазатын баламысың, – деді жақын келіп,– шырағым, «Сылқым жеңгей» дегеніңе рақмет. «Жынды жеңгей» дегенде, мына халық осылай атар еді, өзіме де сол керек. Шолжаңдықтың аяғы осылай болды. Есі бар екен. Кештеу болса да, озбырлығын түсініпті. Міне, сөйтіп қазіргі «Толқынның» бетіне осыдан 72 жыл бұрын қалам тартқан едім. Ал еңбек книжкамда: «Қазақстан КП аудандық комитеті бюросының келісімімен Шәкірат Дәрмағамбетов жолдас редакцияның өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын. Арал аудандық «Соц. Арал» газетінің редакторы Т.Тәжіков. 15 ақпан 1960 жыл». Міне, осылай. Бұл газетке қалай келдім? Оның да тарихын айта кетейін. Т.Шевченко атындағы балық колхозы миллионер колхоздардың бірі еді. Колхоз басқармасының төрағасы Мақсұтқали Демесінов-тұғын. Ауылдық кеңестің төрағасы – Шамырат Кәленов. Балық қабылдау пунктінің меңгерушісі – Райхан Қанатбаев. Жұмахмет Ізімбетов, Бөлебай Қожанов, Маханбетәли Ешмағамбетов, Өтебай Жұмағұлов, Шарапат Орынбаев деген әрқайсысы бір колхозды шыр айналдыратындай ақылды кісілер еңбек етті. Бас бухгалтер – Елубай Досалиев, ферма бастығы – Омар Жалғасбаев, ауылдық кеңестің хатшысы – Зилаш Есжанова, балық өңдеу шеберлері – Бақытжан Үмбетов, Жұмахмет Серімбетов, Өмірзақ Тілеулесов, тағы-тағы дырдай белсенділері бар-ды. Осылар жиналып колхоздың көп тиражды газетіне шығарайық деген мәселе қойды. Ол кезде аудан көлемінде мұндай алты-жеті газет шығып тұратын-ды. Демесінов Мақсұтқали колхоз кассасын өз қалтасындағы ақшадан артық көретін. «Сараң» басқарма болатын. Бірақ реті келген істен қаржы аямайтын. Колхозшылардың жалпы жиналысының қаулысымен апта сайын 500 дана сол тұстағы «Толқынның төрттен бірі» форматында «Озат балықшы» газетін шығару ұйғарылды. Редакторына мен сайландым. Айлығым жиырма сом болып бекітілді. Қосымша қызмет. Дегенмен ақша төленді... Сондай газеттердің облыста көрмесі өтетін болыпты. Қыс айында қатынас қиын. Транспорт қатынаудан қалған кез еді. Бізге шақыру келді. Бірақ облысқа бара алмадық. Облыс емес ауданға түйе керуенімен қатынайтын-ды. Сол көрмеде біздің «Озат балықшы» газетінің бір жылға жуық тігіндісіне шолу жасалғанда өзгелерінен «мықтырақ» болып шықса керек, жүлделі орынға ие болыппыз. Сол-сол-ақ екен, мені газетке шақыру басталды. * * * Мен келгенде редактор Тәжіков Тәжмағамбет еді. Жауапты хатшы – Мәлік Сәрсенов. Екеуі де белгілі маман, журналист. Жәкебай Жаңабергенов, Жәкебай Мақашов, Шабақ Махамбетжанов, Сағындық Тұрдалиевпен редакцияға келгесін жақынырақ таныстым. Баспахана жер астындағы үйде орналасқан. Еңсеп Ізбасханов, Әнепия Ізбасханов, Дәуіт Қалқаев, тағы басқалары да әріпті қолмен теретін. Жауапты кезекші таң алдында әзер босайтын. Кейде жарық болмаса, газет шығару графигі жылжытылады. Ал көбіміз іссапарда болатынбыз. Өзімнің іссапарға барған жайымнан бір үзік сыр айтайын. Қой төлдету басталғаннан аупарткомға шақыру жиілейді. Мен «Қарақұм» совхозына баратын болдым. Ертеңіне қырық-елу адамды жүк машинасының үстіне тиеп алып кетті. Күнұзаққа жол жүріп, ымырт үйіріле совхоз орталығына жеттік. Кеңсеге, директордың кабинетіне кіріңдер, – деген тәртіп болды. Жапырылып кіріп жатырмыз. Кең кабинет. Кабинет иесі әзер көрінеді. Ұзын стол. Жарық та соншалықты жарқырап тұрған жоқ. Содан отарларға бөлу басталды. Директор Байжан Бижанов тапсырманы үйіп жатыр. Қозы санайтын да – біз, қозыны тамақтандыратын да – біз, жайылымда туған қозыны таситын да – біз. Бір ай боласыңдар, – деді ол. Сөз соңында, – Төлдің көп алынып, толық сақталуы сіздердің қалай істегендеріңізге байланысты. Осылай деп нығырлап айтты. Бір ферманың өзіне жиырмадай өкіл барыппыз. Демек, ол фермада сонша отар төлдейді деген сөз ғой. Мен жаяу-жалпы екенімді айтып, совхоз орталығынан алты шақырымдағы Жолшара есімді қарияның отарына баратын болдым. Ертеңіне жаяулап келсем, ерлі-зайыпты екеуінен басқа ешкім жоқ. Екеуі де алпысқа таянған қариялар. Жеті жүз қой төлдеп жатыр. Мұндайда өкілмін деп қалайша шіреніп тұрарсың. Бижановтың тапсырмасын орындауға кірістім. Қозышы да, сақманшы да, шопан да болып шыға келдім. Сөйлесіп, жөн білісуге мұрша жоқ. Іңір қараңғысында жұмыла шәйді ішіп болысына құлаймыз. Қазандағы тамақ қайнауымен қалады. Тауық шақырғаннан тұрып және шаруаға кірісеміз. Жиырма күндей алысқасын барып, жұмыс саябырлайын деді. Шал байғұс бір бағыланды кешкілік бауыздап тастапты. Бұл не, қонақ келе ме десем: – Сен ше, келгелі қонақасы беруге мұрша болды ма? – деп әлгі қойдың терісін әп-сәттеақ сыпырап тастады. Содан киіз үйдің ішінде, төрт аяқты ошақ басында әңгіме басталды. Жақсылық есімді ұлым бар, Кеңес армиясы қатарында, келгесін үйлендіремін, тойына шақырамыз деп екеуі де ақ көңілдерін білдіруде. Бір уақытта кемпір маған қарап: – Оқыған жігіт екенсің, қызықты әңгіме айт, – деді. Не теледидары, не радиосы жоқ «мылқау» кез ғой. Содан Конан Дойлдың бір әңгімесін бастайын. Екеуі құлақтарын тоса қалды. Мен де барымды салып, жан-жағын қомақтап дегендей терлеп-тепшіп айтып жатырмын. Әңгімеге берілгеніміз сонша, үй сыртына келіп аттарын байлаған екеуді байқамай қалыппыз. – Ау, кім бар-ау! – деп қара көлеңкеде екі кісі кіріп келе жатты. Ферма меңгерушісі мен зоотехник екен. – Отырыстарыңа болайын. Жеңістеріңді тойлап жатырсыздар ма, кімнен есіттіңдер, – деп ферма меңгерушісі Шайхыслам Елеусізов таңырқай сөз қозғады. – Қайдағы жеңіс!.. Мына балаға қонақасы бергелі қазан көтеріп жатырмыз. Жақсы келдіңдер, мақтап жүреді екенсіздер, – деп ерлі-зайыптылар қуанысып жүр. – Ал енді әңгіме тыңдаңдар, мына уәкіліміз бір қызық әңгімені бастап жібергені... – Әй, бұл әңгімеден біздің хабарымыз қызықтырақ, – деді ферма бастығы, – биылғы төл алуда ферманың алды сіздер, бәйгеге ие болдыңдар, соны тапсыра келдік! – Ой, жақсы екен, рақмет елегендеріңе, дегенмен әңгімені бұзбайықшы... – Ал тыңдайық онда!.. Таң біліне қисайдық. Жалғасын ертеңіне айтатын болдым. Бірақ ол байлам орындалмады. Ферма меңгерушісі шәй ішуге де қаратпастан: – Жігітім, атқа мін, – деді маған бұйырып. Әлі екі апта боласың. Күніге екі үйге түсіп, екіекіден әңгіме айтып бересің. Міне, мұны бізде мәдени қызмет дейді. Айда, алға түс!.. Бәрінен де дәм татқан үйіме қиын болды. Амал қайсы, аттануға тура келді. Біреуге рас, біреуге өтірік, екі жеті ат үстінде жүріп, бар әңгімемді сарқуыма тура келді. Мұным бір жағынан материал жинауға көмектесті. Кәсіподақ ұйымына бекітілген жүк машинасына тола мінген өнерпаздар кино көрсетіп, концерт қоюлары керек екен. Ол бір күн жүрсе, бір күн тұрады. Майда колхоздардың басын қосып, совхозға айналғанына үш-төрт жылдай-ақ уақыт болған ғой. Бәрі тапшы. Бижанов кезінде жаман директор болған жоқ, Жігерлі, барлық жұмысты нақты есепке құруға бейім басшы болды. Әйтсе де кетеуі кеткен шаруашылық тез игеріле қоя ма? Десе де редакцияға келе-сала бірінен кейін бірін шұбыртып үш сын мақала жаздым. Бижановқа да тиістім. Сол мақалама көзім түссе, қазір ұяламын. Неге?! Жоқты неге таппайсың деймін ғой, баяғы. Негізінде, жоқты олар қайдан табады?! Әйтсе де редакцияға Бижанов соқты. Тәжіковте отыр екен. Сол кезде Байжекең сұсты-ақ, қаһарлы болатын. Әй, оның бетіне келетіндер аз еді-ау! Салғаннан тиісер деп ойлағам. Жо-қ, жұмсақ келді. Және кезекті бір пленумда газет сыны дұрыс, тіпті өте-мөте дұрыс, жөндейміз деп редакция ұжымын осындай өткір сындарды көбірек жазуға шақырып тұр! Айта берсем, мұндай оқиғалар таусылмайды. 1963 жылы «Социалистік Арал» жабылды да, біз К.Изетов екеуміз Қазалыға ауыстық. Изетов сонда қалды да, мен 1965 жылы «Социалистік Арал» қайта ашылғанда редактордың орынбасары болып келдім. Редактор – М.Сәрсенов. Мәлік маркұм іссапарда көбірек болатын. Аупарткомның тапсырмасы солай. Қатарымыз көп жаңарды да. Редакцияға С.Ермағамбетов, Ө.Төлепов, К.Өмірзақов және басқалары келді. Соның ішінде «Путь Ленина» газетінің меншікті тілшісі болған О.Әбдуәлиевтің аудандық газетке қалай келгенін айтайын. Мен «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің бас шаруашылығына қарасты жабдықтау бөліміндегі саяси оқуға қатысатын болдым. Насихатшы осы О.Әбдуәлиев екен. Сабақ тамаша өтті. «Көк дәптер» деген очерк жаздым. Және редакторға іргемізде дайын журналист отыр екен деп айта келдім. Ол кезде Омекеңнің әлі отызға да жетпеген, жалын атып, қылшылдап тұрған кезі. Келді, келді де жапыра жұмыс істеді. Әсіресе экономикаға, өндірістік талдауға жүйрік еді. «Тиыннан-сом», «Сомнан-миллион» деген рубриканы ашқан да және оның жұлдызын жандырған да осы Омар Әбдуәлиев еді. Ондай журналистерді ауданға қоя ма, облыстық «Путь Ленина» қағып алды. Осы арада екі сын мақала есіме түсіп отыр. Бірін С.Ермағамбетов, екіншісін Ө.Төлепов жазды. Ол үшін газетке қол қойған мен жоғарыдан, сонау Қазақстан Орталық партия комитетінің жанынан шығатын біздің жұмысымызды бақылап отыратын органнан сыбағамды алдым. Аупартком да сілкіледі. Әйтсе де осы екеуі газет беделін едәуір-ақ көтеріп тастады. Бұрын газетке жазылмағандар газеттің сол сандарын редакцияға келіп талап кетті. Әйтеуір оқуға ынталан-ды. Ол қандай сын? Жылдың аяғының бітуіне үш күн қалған-ды. Ауруханадан бір сырқат телефон соқты. Үш күннен бері қара нанға да зәруміз деп. С.Ермағамбетовті жұмсадым. Ол жауапты хатшы еді. Ертеңіне «Аурулар аш қалыпты» деген мақала жарық көрді. Облыстан телефон. Ауданнан телефон. Бұл не пәле?! Осы заманда аурулар аш қала ма екен? Бұндай тақырып болмайды. Ой-й, жан тырнақ ұшына келді. Бірақ аурулардың аш қалғаны рас-ты. Қалалық кооперациядан қажетті анықтамаларды алып қойғанмын. Соңғы жетіде аурухананың азық-түлік алуға ақшасы жетпей қалған. О баста дұрыс есеп болмаған ғой. Келесі жылдың есебінен азық-түлік беруге сауда орны келіспеді. Содан біз сөгіспен құтылдық. Әлгі анықтама болмағанда, су түбіне кетіп едік. Екіншісі «Үсіген башпайлар» туралы. Мұны хат ізімен Ө.Төлепов жазды. №4 кәсіптіктехникалық училищені бұрын обкомда жауапты қызметте болған бір мықты басқаратын. Киімсіз студенттердің аяғы үсіген. Бізге Кеңес заманында баланың башпайы үси ме екен деп тиіседі. Ал үсуі факті. Көрдіңіз бе, мәселе тақырыпта. Екі сын мақаланың тақырыбы-ақ «Оқыңыз» деп айқайлап тұр емес пе? * * * Бұл – тарих. Редакция тарихы. Оның ұжымының тарихы. Қай салада да тарих бар. Қазіргі ұжымды айтар болсам, журналистердің қаламы жүйрік, ұшқыр ойлылары да аз емес. Бір бөлімді бір өзі иығымен көтеріп келе жатқан жастарға сүйсінесің. Алданыш Халықұлов деген тілшіміз болды. Өзі соғыс ардагері, әрі соғыс мүгедегі. Сөйте тұра экономика тақырыбын ұршықша үйіретін. Штаттағы қызметкердей еңбектенді. Редакцияға Жаңабай Кемал келіп еді, оған тапсырманы үйіп жатырмыз. Мәдениет бөлімін басқарғанымен, өзге бөлімдерге де араласып, жан-жақты білімдарлығын танытты. Редакцияға келмей тұрғанда-ақ редакцияның бір адамы болды. Ол жігері жанылған журналисті. Әлі күнге солай. Қайсыбір қаламгердің төпеп көп жазуы мүмкін. Бірақ соншалықты мазмұнды деп айта алмасақ керек. Ізденіс керек, ізденіс! Құрметті әріптестер! Сіздерді төл басылым – «Толқын» газетінің 90 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер аға буынның өнегелі ісін, шығармашылық жолын лайықты жалғастырып келесіздер. Басылымның тәуелсіздік алғаннан кейін қайта түлеп, рухани жаңғыруға бет алған халқымыздың шежірелі шамшырағына айналарына бек сенімдемін. Шығармашылық шыңына шырқай берулеріңізге тілектеспін.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
дербес зейнеткер
01 қаңтар 2020 ж. 595 0