Күл-қоқыстан арылатын күн қайда?
...Сұрақ бір адамға бағытталған жоқ. Көпке қойылды. Себебі, бәзбіреулердің таяз түсінігі төңірек қанша жерден тазаланса да, қайтадан бұрынғы таз қалпына түсуіне сеп болып жатыр. Мысал ретінде тілге тиек етсек, Жапон елінде келе жатқан автомобиль жүргізушісі немесе жолаушы қолындағы қоқысты лақтырып жіберсе, артқы жапсарлас көлік иесі қоршаған орта тазалығын сақтайтын органға қоңырау шалып, заңсыздықты әшкерелейді екен. Ал бізде ше? «Сен тимесең, мен тиме» дегеннен әрі арыла алмай жүрміз. Көзді жұмып, құлақты бітеу қанымызға сіңген. Соның салдарынан шиқылдаған арбасын сүйреген біреу белгіленбеген жерге қажетсіздің бәрін төгеді, енді тағы біреу машинасының тіркемесіне тиеп, айналаны қоқыспен толтырады.
Таяуда аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен өткен санитарлық штаб отырысында тұрғындардың салғырттығы тиылмай тұрғаны кеңінен қаузалды. Саулық тазалықтан басталатынын ұғынатындар азая ма десек, көбейіп бара жатқан секілді. Аудан басшысының тікелей бастамасымен тазалық жұмыстарының ауқымын ұлғайту мақсатында сектор бойынша жұмыстар жасалып, оның салмағы күн өткен сайын арта түскенін жасыра алмаймыз. Өйткені, ендігі жерде осы секторге жауаптылардан бәрі сұралмақ. Тапсырмасы солай. Вакцинация да, санақ та және өзге де әлеуметтік маңызды мәселелер де әр секторда көзге ұрғандай көрінуі керек. Жалпы, дұрыс бастама. Жауаптысың ба, жауап бер. Кінәліні алыстан іздемейсің, иектің астынан табасың.
Басқосуда басы ашық нәрсе біреу-ақ. Ол – "Мәселе" деп айдар таққанымыздай тазалықтың жайы. Аудан әкімі осы жиында онлайн арқылы кент, ауылдық округ әкімдерімен де байланысқа шығып, Жақсықылыш кенті әкімінің жұмысын оң бағалады. Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Нұртай Тасқынбаев аудан орталығындағы тазалық жұмыстарының барысын слайд арқылы көпшілік алдында түсіндірді. Белгілі болғандай, 15 қыркүйек пен 13 қазан аралығында тазалық қағидасын бұзған тұрғындарға бар-жоғы 11 айыппұл, 31 ескерту жасалғаны айтылды. Аудан әкімі тазалыққа жанашырлық танытып, «біреудің көзі, біреудің өзі жақсы» деген ойдан арылу керек екендігін полиция қызметкерлеріне ескертті. Сондай-ақ жиын аясында қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ринат Жанаевқа істен шыққан бейнебақылау камераларын жөндеу, болмаса қайта тапсырыс беруді міндеттеді.
Қоршаған орта тазалығын қалыпты ұстау – баршаның ісі. Сананы тазаламай, қаланы тазалай алмайтынымыз әмбеге аян. Сондықтан ең алдымен жұртшылық, берісі өзінің ауласы мен тұратын көшесін, арысы тіршілік етіп, өсіп-өнген қаласын аялауы қажет-ақ. Санитарлық штаб отырысының бұл жолғы ерекшелігі, бірқатар ауылдардың да тазалығы қаперге алынды. Атап өтсек, Сапақ, Аралқұм, Қамыстыбас, Ақирек ауылдық округтері бойынша қолға алынған тазалық жұмыстары тақырыпқа арқау етіліп, аты аталған округ әкімдері қысқаша хабарлама жасады. Әлі де жұмысты жандандыру қажеттілігі ауыл әкімдеріне аудан басшысы тарапынан кемшіліктерді қалпына келтіріп, олқылықты жоюға тапсырма берілді.
Одан бөлек, аудан әкімі Серік Сермағамбетов әрбір тұрғын үй мен мекеме «Қуанышбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасасып, сол арқылы жинақылыққа бейімделуі керек екенін алға тартты. Жергілікті жұртшылық газ, электр жарығы, ауыз су сияқты коммуналдық қызметке төлем жасағандай, қоқысты айтқызбай-ақ алдыртуға да бой үйретуі керек екенін өткірледі. Негізінде қала мәдениетін жіті сезінсек, яғни тазалық жайына басымызды ауыртсақ, 7 мыңнан астам тұрғын үй мен 100-ге жуық әлеуметтік нысандар жоғарыда аудан басшысы көтергендей, айналысып отырған құрылыммен келісім жасасуы керек еді. Бастысы, сең сетінеді. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Иә, қоқыс дегеннен шығады. Аудан әкімі орталықтың ғана емес, қаланың дүре тимеген сырт жағын да ескерусіз қалдырмай, ол маңайлардағы жылдап жатқан күл-қоқысты тазалауға пәрмен берді. Жөн-ақ. Себебі, ғалымдардың пайымдауынша, қауырсын, бір реттік қалталар айналаны ластап, 100 жылға дейін жататын көрінеді. Осыдан кейін экологиялық ахуал ушықпай қайтсін. Көпке топырақ шаша алмаймыз, жинақылықты жаны сүйетін тұрғындар баршылық. Дегенмен, алайда тазалық десе үрке қарайтындар да қатарымызда бар.
Осындайда Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тәмсілі еске түседі. Батыр атамыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қанатты сөзін кейбір кереғар көзқарастағы көпшілік ұғынса кәне. Сонда ғана айдаладан шашырап ұшып жететін қоқыс жиналып, облыстағы қала статусы бар шаһарымыздың ажары айшықтала түсері сөзсіз.
А. ЕЛЕШ.