Қызылордада іздеуде жүрген 6288 автокөлік бар

«Жалпы, ҚР Ішкі істер министрлігімен жүргізілген талдау нәтижесінде республика бойынша Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктердің 88 мыңы есептен шығарылған. Яғни, не РФ-да, не Қазақстанда тіркеуде жоқ. Олардың ішінде іздеуде жүрген, ұрланған, жалпы «қылмыстық автокөлік» санатына енгізілген көліктер де бар. Осы автокөліктердің 6288-і Қызылорда облысы тұрғындарының пайдалануында екен. Сондықтан, заң аясында ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынады», – деді Айбек Қалдыбекұлы.Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылған. Іздеуде жүрген 606 көліктің 11-і Қызылорда облысынан іздестірілуде.
Жалпы алғанда, ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынған талап Жол жүрісі туралы Заңының 63-бабында көрсетілген. Яғни ҚР-на әкелінген автотехникалық құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуге алынуы тиіс, ал халықаралық қозғалысқа қатысты мемлекеттердің құзырлы органдарында тіркелген көліктерге 1 жыл көлемінде жүруге рұқсат етілген.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы Қайырбек Дүрменбаевтың айтуынша, мемлекеттік көліктерді алғаш тіркеу құны 729 тг, 2 жылдан 3 жыл аралығындағы көліктер үшін 145 850 тг, 3 жылдан жоғары жеңіл көліктерді тіркеу 1 458 500 тг.