Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы жүйесіне – 100 жыл: Салық саласында серпін бар

Қаржы жүйесіне – 100 жыл: Салық саласында серпін бар

Биыл елімізде айтулы мерейлі жыл. Атап айтар болсақ Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толса, еліміздің егемендігін айшықтайтын төл теңгеміздің айналымға енгеніне 28 жыл толып отыр. Сондай-ақ қаржыгерлер мен экономистер үшін бұл жыл елеулі жыл болмақ. Өйткені қаржы және экономика органдарының құрылғанына – 100 жыл. Осы орайда қызметі ғасырға жалғасқан сала жайында оқырмандарымызды ақпараттандырмақпыз.Жүз жыл бойына жүйелі жұмыс істеп келе жатқан бұл саланың ел экономикасының дамуында орны бөлек. Әсіресе соңғы жылдары облыс көлемінде қаржы-экономика бағытындағы жұмыстар екпінді түрде алға жылжып келеді. Бұл бірінші ретте осы жүйенің қалыптасуы мен өркендеуі, қаржы саясатын жүргізу бағытындағы тынымсыз іс-әрекеттердің тиімділігінен.
Сөзімізді әріден бастап, қажры-экономика саласының тарихына тоқтала өтейік. Бұл саланың құрылуы сонау Кеңес заманынан, нақтырақ айтар болсақ 1920 жылы 11 қазанда өткен жалпы Қырғыз (Қазақ)  Кеңесі сьезінің жарлығы негізінде ҚазАКСР-ның Қаржы халық комиссариатының құрылуы және халық комиссарлары Кеңесінің  1921 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен бекітілген автономиялы республиканың Қаржы Халық комиссариатының ережесін бектілуімен басталады десек болады. Бірақ нақты мемлекеттік жоспарлау комиссиясы органдары республикада 1921 жылғы 19 қарашадағы автономиялы республиканың Еңбек және Қорғаныс кеңесінің  құрамындағы құрылым есебінде өз жұмысын бастаған. Демек дәл осы күннен бастап елдегі қаржы саласының тарихы басталды. Кейіннен осы негізде нарықтық қатынастарды жүргізу, кәсіпкерлік пен бәсекелестікті ары қарай дамыту мақсатыңда Қазақ КСР-нің мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеті мен облыстардағы аумақтық комитеттері, бас салық инспекциясы бар мемлекеттік салық қызметі, Қаржы министірлігінің тиісті бөліктері мен Экономика жөніндегі мемлекеттік комитет, Кеден комитеті, орталықтандырылған салық полициясы мен оның облыстардағы аумақтық  органдары құрылды.
1990 жылы 16 маусымда Арал ауданы бойынша Мемлекеттік салық инспекциясы болып құрылған кезде аудандық қаржы бөліміне қарасты Мемлекеттік кірістер бөлімінің 12 қызметкерлері тағайындалды. 1991 жылдың 9 шілдесінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Мемлекеттік салық қызметін құру" туралы Жарлығымен, тәуелсіз еліміз бойынша дербес салық жүйесі қалыптасты. Бұл кезде Арал аудандық салық органының құрамы 25 қызметкерге дейін толықты. Ал осыдан 20 жыл бұрын "Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер" туралы заң қабылданды. Қазақстан Республикасының Салық қызметінің даму стратегиясы бекітіліп, алға қойылған мақсаттар мен оларға жету жолдары айқындалды. Құрымдылық өзгерістерге байланысты салық инспекциясы кейіннен салық комитеті, одан кейін салық басқармасы болып өзгерді. Одан кейін мемлекеттік басқару жүйесіндегі жана реформалар негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысына сәйкес, аудандық салық басқармасы Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы болып қайта құрылды.
Иә, жылдар тарихты құрайды. Сол тарих беттерінде таңбаланып қалған уақыт ішінде әр сала қызметкерінің өзіндік қолтаңбасы бар. Осындай мерейлі сәтте олардың есімдерін де атап кетсек артық болмас. Солардың қатарында 1990 жылы салық инспекциясы құрылған кезден 1996 жылға дейін басқарған Мұратбек Ерімбетов алғашқы басшы болып тарихта қалса, одан кейін де Аралбек Қанатов, Совет Бабанаев, Фердоуси Қожабергенов, Бектас Нұридинов, Бақыт Дүйсеновтер басшылық еткен жылдары да сала қарқынды дамыды. Бүгінде өрісті саланы өркендетіп отырған Ербол Садықовтың да еңбегін жоғары бағалауға лайықты. Бұл ретте тек басшылардың ғана емес ұзақ жылдар бойы осы бағытта қызмет жасап, бүгінде зейнет демалысына шыққан қаржы саласы ардагерлері Құралай Шүленбаева мен Күлпараш Әлібаеваның есімі елге жақсы таныс.
Міне осындай білікті мамандардың ізін жалғап келе жатқан қазіргі құрамның да қарқыны жоғары. Атап айтар болсақ биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы мемлекеттік бюджетке жасалатын түсім көлемін артығымен орындаған. Оның ішінде ресбуликалық бюджетке түсетін салық көлемі 107%-ға орындалса, жергілікті бюджет жоспары 110%-ға жетті. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен де жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Бұл ретте берешектерді азайту бойынша да атқарылған жұмыстардың өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен дұрыс. Ал жеке тұлғалардың  салық  берешектерін  азайту бойынша жоспар атқарылып келеді. Көлік салығы бойынша 782 жеке тұлғаға  салық бұйрығы сомасы 15 674,7 мың тг шығарылып,  табыстау жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте түсіндірме жұмыстарының да тигізген пайдасы да өте көп. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды төлемгерлерге жеткізу, сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша түсіндіру мақсатында 20 дөңгелек үстел, 36 семинар кеңес ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары бетінде 11 мақала және хабарлама жария етілді. Әлеуметтік желісіндегі Instagram, Facebook парақшаларына 848 ақпараттық материалдар жарияланып, 4 рет Қызылорда радиосында «Сыбайлас жемкорлық қоғам дерті» атты  материал жарияланды. Әкімшілік өндіріс бойынша да 2021 жылдың 9 айының қорытындысында ӘҚБтК-нің талаптарын бұзғаны үшін  заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға 1771  жағдайда  әкімшілік іс қаралып,  оның ішінде, 1607 ескерту, 164 әкімшілік істер  бойынша 4065,0 мың теңге әкімшілік айыппұлдар салынып, одан 163 іс бойынша барлығы 4054,0 мың тг өндірілген. Бұл өндірілуі тиіс қаржының 99%-ын құрайды. Бұл аудандағы салықтық мәдениеттің қалыптасқанының айқын дәлелелі.
Осы ретте салада орын алған төмендегі екі жаңалықты да баса айта кеткен орынды болар. Олардың алғашқысы – жалпыға бірдей декларациялау.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «100 нақты қадам –Ұлт жоспары» сайлауалды бағдарламасының 42-ші қадамымен, ҚР азаматтарының 2021 жылға 1 қаңтардан бастап кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен бастау алды.
Бірінші кезеңде – 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру жұмыстары жүргізілді.
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар, және осы тұлғалардың жұбайлары тапсырады.
Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсыратын болса, үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары дара кәсіпкерлер, төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - халықтың қалған санаттары декларацияны тұрғылықты жері бойынша тапсырады.
Екінші жаңалық – «Е-Salyq Azamat» мобилдік қосымшасы. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мақсатында «E-Salyq Azamat» мобилді қосымшасын әзірлеп, қолданысқа еңгізді. «Е-Salyq Azamat» мобилдік қосымшасы салық төлеушілер үшін тиімді және кез келген азамат үшін қолжетімді. Бұл мобилді қосымшада жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауға арналған әртүрлі қызметтер бар. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жалпы декларацияның бөлігі ретінде ұсынуға, салықтарды банк бөлімшелеріне бармай және комиссиясыз төлеуге, салық берешегін тексеру, артық төленген салықтарды есепке жатқызу, мүлікке, жерге және көлікке салықты тексеру және есептеу, салық обьектілерін қарау, жылжымайтын мүлік және көлік туралы ақпараттарға түзетуді еңгізу, өзге де көптеген мүмкіндіктер толықтай қарастырылған. Қазірдің өзінде ауданында «Е-Salyq Azamat» мобилдік қосымшасын 4200  салық төлеушілер  қолданады.
Міне, осындай ауқымды жұмысты атқарып келе жатқан сала қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Елдің дамуы жолында азаттығымызға қол жеткізген отыз жыл ішінде ғасырлық тарихы бар ұжымның тәжірибесі мен тынымсыз тірлігі айтарлықтай үлес қосып келеді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
13 қараша 2021 ж. 835 0