Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сахнаның сардары

Сахнаның сардары

Өңіріміздегі өнер ордасы – аудандық мәдениет үйінен Гүлбану Матығұлова деген қарындасымыз телефон шалып хабарласты. Жақында есімі елімізге белгілі танымал азамат Оңталап Нұрмахановтың мерейлі жасына орай «Өнердің өр талабы – Аралдың Оңталабы» атты кездесу кешін өткізу жоспарланып отыр екен. Өнер иесіне арналатын шараға дайындыққа қызу кірісіп кетіпті. Біз де бұл хабарға елең етіп, жерлестеріміздің талап еткен жақсы ісіне сүйсініп қалдық. «Өнер мен дәулет қонған жер» айдынды Аралдың қаншама перзенттері туған жерден түлеп ұшып, қазақ халқының мәдениеті пен өнеріне өздерінің қомақты үлестерін қосып, біздердің мақтанышымызға айналып отыр.
Ал Оңталап Нұрмаханов сол мақтаныш етер өнерпаздарымыздың ішіндегі бірегейі. Және бір айта кететін жайт, туған жерден кіндік үзбеген, «Аралым» деп, «аралдықтарым» деп, туған жердің тұғырлы ұлы болып келе жатқан жан. Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген керемет сөзі бар. Осы сөз Оңталаптай өнер иесіне айтылғандай көрінеді. Заманы бір замандасы менің өзім ол туралы айт десе, көкейіме «Тамашаның» тарланы», «Бір өзі бір театр», «Қыран қиялды режиссер», «Айтыстың айбозы», «Сахнаның сардары», «Ойы жұмбақ ақын», «Халықтық өнердің Құлагері» деген метафоралар түйдегі оралары сөзсіз. Соған қарап тұла бойына бірнеше өнер тең тоғысқан бұрынғы сал-серілердің бүгінгі күнгі бір шамшырағы шығар деп ойлаймын.
Қазір афишаларда, ресми қағаздарда жазылып жүргендей, режиссер, сценарист, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, аймағымызда «Жастар» театрының негізін қалаушы Оңталап Нұрмаханов өзі: «Жамбас мекен, Тамыр-тектерім. Құмбазарлық деген, Атаққа жетпейді. Өмірден алған, Шенімшекпенім» деп өлеңдеткендей, 1958 жылы сұлу Сырдың жағасына жақын Құмбазар ауылындағы Дүйсенәлі атты қарттың құтты шаңырағында дүниеге келген. Әркімнің маңдайына әртүрлі тағдыр жазылады. Тағдырының тас қабағын жібітіп жүріп, балғын санасына сан қиялды сыйдырып, көкірегі өлең мен өнер түрткілеп жүріп мектеп бітірген бозбала арман-аңсарын арқалап келіп, 1975 жылы аудандық мәдениет бөліміне автоклуб киномеханигі боп орналасады. Міне, осылай талантты өнерпаздың өнердегі, әдебиеттегі алғашқы қадамы басталады. Алдыңғы буын ағалар – Арал өнерінің қайраткерлерінің жанына еріп, бойындағы бұла дарынын жыл санап жаңа қырынан ашып отырады, жаңа биіктерге талпына қол созып, өрлей шығып отырады.
Осы мәдениет саласының жілігін шағып, майын ішіп дегендей, Халық театрының режиссері, аудандық мәдениет үйінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Қолына қалам алып әуелден бойында бар ақындығын көрсетті. Көп адамның қолы жетпей жүрген «Толқынға» топтама өлеңдерін жариялап, «ақын Оңталап» атанды. Аймағымызға танымал болған «Тамаша» әзіл-сықақ отауының негізін қалады. Арал жұртын күлкіге қарық қылды. Бюрократтардың бүйрегін бүлк еткізіп, сын-сықақтың найзасымен түйреледі. Сөйтіп жүріп үлкен-үлкен мекемелердің менменсіген бастықтарымен «шекісіп те бекісіп» қалған кездері бар. Қаланың халқы «Тамашаның» әр қойылымына тайлы-тұяғы қалмай келетін. Оңқаңның Бағдат Әлжанов, Мирон Бәйімбетов секілді «әртістері» әлі күнге елдің есінде. Олар туралы сөз қозғалса, миықтарына күлкі үйіріледі.
Оңталаптың тағы бір қыры – айтыскер ақындығы. Әсіресе 1987 жылы жалағаштық Алтай Көшеров пен 1989 жылы Лена Әбдіхалықовамен сөз таластыруы, табан астында ұтымды сөз табуы көрермендерді бір серпілткен шақтар еді. 1989 жылы ол көршілес Ақтөбеде өткен айтыста топ жарды. Аталған айтыстарды, одан кейінгі сөз сайыстарды сөз еткенде Оңталап екі жақтың айтқан өлеңдерін жатқа айтып беретіні бар еді. Шымшыма шумақтарына тамсанып отыратынбыз.
Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деген керемет пікірі бар. Театр – Оңталаптың дарын-қабілетін барынша ашқан өнер саласы болды. 1985-1990 жылдары аудандық мәдениет үйі жанындағы Халық театрының режиссері боп жүріп, сахнаға Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Қ.Мұхамеджановтың «Ой, жігіттер-ай», С.Адамбековтің «Алтын табақтағы жылан», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», Р.Сейсенбаевтың «Қашқын» спектакльдерін қойды. Әр қойылымы шығармашылық ізденістермен астасып, облыстық байқауларда үздік аталып жүрді.
Жиырма бір жыл айдынды өңірдің руханиятына, өнеріне бір кісідей еңбек сіңірген Оңталап Нұрмаханов 1996 жылы облыс орталығына қоныс аударды, шығармашылық ғұмырдың жаңа парақтарын жаза бастады. 2004 жылға дейін облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі қызметін атқара жүріп, аймағымызда өткен республикалық, халықаралық мәдени шаралар мен театрландырылған қойылымдар – «Қорқыт және түркі әлемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының галаконцерті мен облысымыздың Астана қаласында өткен мәдениет және өнер күндерінің «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда» театрландырылған қойылымдарын, Халықаралық «Сырдария – жырдария» өнер фестивалі, Елбасының Сыр еліне жасаған арнайы іссапары барысындағы мәдени шаралар мен «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық өнер фестивалінің сценарийін жазып, режиссерлік қойылымдарын дайындады. Осынау үлкен шаралардың жүгін Оңталап тың шешімдермен, жаңаша үлгілермен әрлендірді.
Шығармашылық адамы үшін әрбір жаңа белес оның бойындағы қиял әлемін, ой дүниесін, сезім серпіндерін аша түседі емес пе?! 2003 жылы Оңталап Нұрмаханов қара шаңырақ – облыстық Нартай Бекежанов атындағы музыкалықдрама театрының режиссері боп, белгілі өнер ордасының тамырына ерекше қан жүгіртті. Айбарлы театр сахнасында Р.Отарбайұлының «Қандыөзек» трагедиясын, Л.Егембердиеваның «Егіздер», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» мелодрамаларын, Ә.Таразидің «Люстра» фантасмагориясын, М.Ахманов пен А.Тоқмановтың «Екі дос немесе делдал қарға» ертегісі және С.Ахмедтің «Келіндер көтерілісі» комедиясын сахналап, көрермендер назарына ұсынды. Киелі өнер ордасы Оңқаңның шығармашылық аясын кеңітіп, театр әлеміндегі орнын белгілеп берді. Қазақ өнерінің мэтрлерімен достасып, өзіндік келбетін айқындай түсті. Сахна өнерінің қас сардарына айналды.
Өнерпаз өмірдегі жаңа баспалдақ – А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі жанындағы 1621 жас аралығындағы дарынды өрімдей жастарды құлшындырып, Қызылорда қаласы әкімінің тікелей қолдауымен 2016 жылдан бастап «Жастар» театрын құрды. Өнерге жас талапкерлердің алғашқы қадамдарын жасатып, тұсауын кесті. Жалындап тұрған жастарды бір мақсат, бір мүдде төңірегінде топтастырып, айналдырған бес жылдың ішінде ел танитын өнер ұжымына айналдырды. Қазір Сыр өнерін осы Жастар театрынсыз елестету мүмкін емес. Оңталаптың жетекшілігімен шығармашыл ұжымның репертуарында көркемдік деңгейі жоғары «Алғашқы махаббат» (Қ.Жүнісов) комедиясы, «Қыз-қасқыр» (А.Атымтаева) қасіретнамасы, қазіргі заман індеті – нашақорлықты, діни экстремизмді әшкерелеген «Неге?» (Б.Айдарбеков) және «Қызылорданың қыздары» (С.Балғабаев) спектакльдері бар. Әр қойылым қаланың мәдени өміріндегі оқиға болып, көрермендерге эстетикалық ләззат сыйлады, ойларына ой қосты.
Жастар театрының осы қойылымдары республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындар иеленді. Театрдың жас таланттарының өсу мектебіне айналды. Шығармашылық ұжым үлкен тақырыптарға бой ұрды, жаңа деңгейге ұмтылды. Соның айғағын 2020 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай О.Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» трагифарстың премьерасымен көрсетті. Аталмыш спектакль үстіміздегі жылы Қарағандыда өткен «Театр. Талант шығармашылығы» атты халықаралық театр фестиваліне, онлайн форматта қатысып, 1 миллион теңгенің грант-сертификатын жеңіп алып, 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал биылғы мамыр айында Еңбек ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың даңқты өмірлерінен сыр шертетін «Екі бала, екі шал» рухнамалық қойылымы қалың көрерменге жол тартты. Сондай-ақ қазақтың белгілі ақыны Жүрсін Ермановтың туындыларын өзек еткен «Ұлардың даусы» (авторы Алмас Алматов пен Оңталап Нұрмаханов) қойылымы ақиық ақынның қалыптасу жолын пәлсапалық тереңдікпен өрнектеді.
Режиссер Оңталап саз әлемінде халқымыздың көңіл ажарын нұрландырып жүрген көптеген әндерге сөз жазған. «Көздеріңнің көркемі-ай», «Сәукеле», «Қорқыт-қобыз», «Қазақтың жігіттері», «Астана», «Жер жүрегі» секілді әндер қазақтың күміс көмей әншілерінің орындауында жұртшылықтың жүрегінен орын алған.
Мәдениет майталманы, сахна сардары, ақын Оңталап Нұрмахановтың «Мәдениетім – мәртебем» , «Қорқыт-қобыз», «Парадарайя сақтары», «Шабыттың шаңқай түсі», «Қарлығаш құсым», «Тарғын» кітаптары бүгінде оқырмандары іздеп жүріп оқитын дүниелерге айналған. Ал поэзиялық туындылары хақында дарынды ақын Иранғайып: «Оңталап – суреткер ақын. Өлеңдеріндегі өміршең өрнек, әдемі әлем, мағыналы мұң, қайыспас қажыр, лайықты теңеу мен астар иландырмай қоймайды» деп баға берсе, Сырдың сырлы ақыны Әскербек Рахымбекұлы: «ақын Оңталап Нұрмаханов өзінің өлең жасау жөніндегі бетін, бағытын айқындап алған тамаша талант иесі» деп өлеңдегі інісін әспеттейді. Аға буын ақындар осылай деп жатса, оның ақындық қуаты, образ-бейне жасауы, тілдік көркемдігі әлі талай туындылар жасауға жететінін білдіреді.
Ұлттың рухани бай қазынасынан нәр алып, бүгінгі өнердің бір сарабдалы мэтріне айналған әрі поэзияның сертті байрағын көтерген, жанжақты өнер иесі жерлесіміз Оңталап Нұрмаханов туған жеріне тағы бір мәрте тағзым етіп келіп, өңір жұртшылығымен кездесуге, сырласуға, өткенге есеп беріп, келешекке қадам жасауға мұрат етіп жатыр екен. Ал біздер «Өнердің өр талабы – Аралдың Оңталабы», қош келдің деп құшақ жая қарсы алайық!
Ерғали Абдулла
23 қараша 2021 ж. 689 0