Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиция қызметкері – халықтың қорғаны

Полиция қызметкері – халықтың қорғаны

Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Полиция қызметкері болу үшін білім, білік, білек  және сабыр, төзім әрі  қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге керекті басты қасиеттер. Ұстамды, сыпайы болу, азаматтармен тіл табыса білу де аса маңызды.
Міне, бүгін осындай талап үдесінен шығуды басты мақсат еткен, Арал ауданының полиция бөлімінің №2учаскелік тірек пунктінде бір үйдің баласындай ауызбіршілікте, ұйымшылдықпен өз қызметтерін атқарып келе жатқан бірнеше полиция қызметкерінің рәтті еңбегін әңгімемізге арқау етпекпіз.
Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Асылбек Тарғынов Арал ауданында дүниеге келген. Ел қорғаны болуды мақсат еткен Асылбек Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Қызылорда гуманитарлық университетін бітірген. 2007 жылдан бері Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары қатарында қызмет етіп келеді. Ол өзіне бекітілген әкімшілік учаскелік аймағында  орын алған қылмысты ашу, профилактикалық және қорғау нұсқамасы  бойынша  азаматтарды есепке алу, мүлдем төзбеушілік қағидаты бойынша құқық бұзушылықты анықтау барысында өз ісіне деген  адалдығымен, қырағылығымен ерекшеленіп келеді.
– Бұл салада қызмет ететін адамның бойында мол қажыр-қайрат, тәртіп пен табандылық болуы қажет. Менің ойымша, сол кезде ғана аумақтағы құқық тәртібін нығайтуға болады. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, өзгеден тәртіпті талап ету үшін алдымен өзіміз тәртіпті болуымыз керек. Қазіргі таңда өзіме белгіленген аумақтағы халықтың тыныштығын қорғап, абыроймен қызмет етуді басты мақсатым деп білемін,–дейді Асылбек Қуандықұлы.
Полиция майоры Асылбек Қуандықұлының қызметі де өз дәрежесінде бағаланып, ІІІ дәрежелі "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" медалімен, ІІ дәрежелі "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісімен, ҚР ІІМ-нің және Қызылорда ОПД-нің, бөлімнің грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Отбасында зайыбы Нұрсұлу Тілектесқызымен 4 бала тәрбиелеп отырған бақытты әке.
Полиция капитаны, осы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Иса Таласовты әңгімеге тартқан едік:
– Тәртіп сақшысы болуды бала кезден армандадым. Сол мақсат жолында ҚР ІІМ-нің Ақтөбе қаласындағы заң колледжін бітірдім.  Сөйтіп, 2005 жылдың тамыз айынан бастап ішкі істер органдары қатарында қызмет етіп келемін. Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық болу тиіс. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Қызмет барысындағы еңбегім еленіп, ІІ, ІІІ дәрежелі "ҚР ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" медальдарын, ІІ дәрежелі "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісін, ҚР Ішкі істер министрлігінің және Қызылорда облыстық департаментінің, бөлімнің грамоталарын, Алғыс хаттарын иелендім. Бұл мені жүктелген келелі тапсырмаларды орындауға құлшындырып және артылған сенімді ақтауға ынталандыра түседі,– дейді полиция капитаны Иса Темірханұлы.
Осы аталған бөлімнің полиция капитаны, учаскелік полиция инспекторы Мырзажан Жакенов:
– Бала кезімнен құқық қорғау саласында қызмет етуді армандадым. Әсіресе полицейдің формасын кигенді қатты ұнататынмын. Бұл ойымды ата-анам да қолдап, Ақмешіт гуманитарлық техникалық институтына оқуға түсіп, ойдағыдай бітірдім. 2014 жылдан бері ішкі істер органдарында еңбек етіп келемін. Міне, бала кездегі арманыма қол жеткізу үшін алдыма нақты мақсатттар қойып, бүгінде өзім қалаған мамандығым бойынша қызмет етіп жатырмын, – дейді.
Полиция капитаны Мырзажан Іскендірұлы қызметтегі адалдығы үшін Қызылорда облыстық полиция департаментінің, бөлімнің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Жанұясында зайыбы Лаура Қуатқызы екеуі 3 баланың ата-анасы атанып отыр.
Полиция аға лейтенанты, учаскелік полиция инспекторы Ержан Құлекенов Арал ауданында өмірге келген. Жезқазған политехникалық колледжін және Қызылорда қаласындағы "Болашақ" университетін "құқықтану" факультеті бойынша тәмамдаған.
Ержан Аралбайұлының жұртшылық алдында жауапкершілігі мол жұмысын бастағанына бес жыл болды. Бүгінде ол өзіне берілген аумақтағы қандай да болсын әкімшілік құқық бұзушылық жағдайларға жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, полиция пунктіне түскен арыз-шағымдар сияқты көптеген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Осы саладағы  қызметі әділ  бағаланып, облыстық полиция департаментінің, бөлімнің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Отбасында зайыбы Арайлым Дәулетқызымен бір бала тәрбиелеуде.
Полиция капитаны, учаскелік полиция инспекторы, ІІІ  дәрежелі "ҚР ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" медалінің, Қызылорда облыстық департаменті грамотасының, бөлімнің және аудан әкімінің Алғыс хаттарының иегері  Дәурен Кенжалиев  2016 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясын бітірген.
— Учаскелік полиция инспекторлары, біз ертемен жұмысқа кірісеміз. Алдымен полиция бөлімшесінде жиналып, басшы құрамның берген тапсырмасын орындау үшін белгіленген учаскелік аумаққа барып, профилактикалық іс-шараларын жасаймыз. Тәулік бойы келіп түскен арыз-шағымдарды әкімшілік аумақ бойынша бөліп алып, күнделікті жұмыс барысында анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Кейін жұмыс кабинетімізге оралып, арыздарымен келген азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін шешуге жәрдемдесеміз. Кейін басшы құрамға күні бойы атқарылған жұмыстар бойынша есеп береміз. Ал демалыс, мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Түнімен де жүруіміз мүмкін. Байқағаныңыздай, жұмыс режиміміз бірқалыпты емес. Бірақ та біз шаршау туралы ойламаймыз. Өйткені біз еліміздің Отанын қорғаушыларымыз ғой,– дейді полиция капитаны Дәурен Ермекұлы. Ол отбасында зайыбы Гүлнұр Жұбандыққызымен бес перзент тәрбиелеп отырған өнегелі әке.
Иә, қазір полиция қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Әсіресе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: " Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек. Азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс"
деген сөзі күн тәртібінен түспейді. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілік пен маңызды тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Осы бағытта полиция қызметкерлері мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайта беретіндеріне сеніміміз мол. Біздің мақсатымыз – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету еді. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз.
К. МАХСҰТҚЫЗЫ
27 қараша 2021 ж. 1 157 0