Тосын сұрақ
Ал «Қуаңдария» МРС-ның (моторлы балық аулау стансасы) директоры болған Өтеген Сырлыбаев ағамыз да бір айтары бар адам еді. Ол кезде МРС-тың орталығы «Қасқақұлан» деген атауға орналасқан-ды. МРС-қа тоғыз колхоз қарайды. MРС оларды ау-құралмен, жылым торымен, арқалық-табандық арқан, тағы басқалармен қамтамасыз етуі керек. Ау-құрал тозады, арқалық-табандық арқан үзілетін жағдайлар жиі болып тұрады. Және теңіз тентектік мінез көрсетіп тулағанда, сары ағысқа ұшыраған ау-құралдар ығып кетеді не арқан болып есіліп қалады. Сол ағамыз колхоздарды жиі аралайды ғой. Бәрі де қосымша ау-құрал, басқа да материалдар сұрайды. Әр заттың тозатын мерзімі бар. Біразы әртүрлі себептермен ерте тозады. Су астындағы задельге (темір-терсекке) ілінеді, не жойкын дүлейге кездесіп, жоғалып кетеді. Өтекең солардың бәріне тиісті жауап қайырып өзінің позициясын қорғап шығады екен. Тек бір кісіден ғана жауаптан тосыла беріпті-ау.
– Ол кім еді?
– Ол «Көпбірлік» колхозының (кейін Т.Шевченко аталды) төрағасы Мақсұтқали Демесінов-тұғын!
– Алдын ала дайындалып-ақ барам, алайда ол тосын сұрақ қойып, мен дайындалмаған тұстан келеді. Сосын да сұрағанын алады,– депті ағамыз күліп.
Шахир ЖҰППАМБЕТ,
Арал қаласы