Озық шыққан оқушы
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында республика көлемінде көлемді шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл ретте мектеп оқушылары да өзіндік үлесін қосып, түрлі деңгейдегі шараларға атсалысып келеді.
Сондай шаралардың бірі жақында республикалық "Тәуелсіз Қазақстаным – менің елім" атты балалар мен ересектер арасындағы байқау аудандық мәдениет үйінде "Дарын" шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Міне сол жарыста балалар арасындағы "Көркем сөз" номинациясы бойынша №82 орта мектептің 4 "А" сынып оқушысы Сымбат Жолдасбаева оза шауып бас жүлдені еншіледі.
Жеңімпаздың жетекшісі, ұстазы Малика Жұмағалиева:
– Сымбат – зерек оқушы. Оның оқуға, білім алуға деген ынтасы мен алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылысы өте жоғары. Осы уақытқа дейін де талай биіктерді бағындырып жүрген талапты оқушының бұл жеңісі еңбектің арқасында келді. Жалпы өлеңді түсіну өте қиын. Ал оны түсінбей оқу мүмкін емес. Өйткені тыңдарманға жеткізу қиын болады. Бірақ Сымбат бала да болса сол қиындықты еңсерді. Баршаның көңілінен шығып, бас жүлдені еншіледі. Әлі талай биіктерді бағындыратынына сенімім мол. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жұлдызы жанған жас Қазақстанның болашақ жұлдызына айналсын дегім келеді, – деп шәкіртінің шыңға шыққанын мақтаныш тұтты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ